Бас тақырыпРуханият

Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек

Ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» атты мақаласы 1923 жылы 9 маусымда «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көріпті. Оқып отырсаңыз, мақалада көтерілген мәселелер әлі күнге дейін маңызын жоймағанын көресіз. Биыл – сұңқар Сәкеннің туғанына 125 жыл. Қазақ тілін қызғыштай қорып, дәрежесін көтеруге бар күшін салған қайраткердің мақаласын Қазақстан халқының тілдері күніне орай назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Редакциядан.

Коммунист партиясының жалпыресейлік 12-ші жиылысының ұлт мәселесін дұрыс шешуге жол-жобалар белгіленгенде істеген қарарларының бірі: «бұрынғы кемдікте болған уақ ұлттардың республикаларында, мекемелерде барлық үкімет істерін сол ұлттың өз тілінде жүргізу керек» деген қарары болды.

Егерде бұрынғы кем болып қалған ұлттардың республикаларында үкімет істері мекемелерде сол ұлттың өз тілінде жүретін болса, ол ұлттың бұрынғы зор болып қалған ұлттармен теңелуіне көзге көрінерлік тура жол екеніне ешкім шүбәланбас. Бірақ, 12-ші партия жиылысының бұл айқын дұрыс жасаған қарарын іске асыруға ғана керек.

Әрине, қазақ кедейінің тәнінің, жанының қандай жерлерінде, қандай шараларының бар екенін, қандай дерттерінің бар екенін білетіндер – қазақтың тілін, ғұрпын, әдетін, тұрмысын білетін, қазақтан шыққан коммунистер. 12-ші партия жиылысының бұл қарарын іске асыруға түрлі лаж көрсетіп, бұл іске өздері білектерін сыбанып белсеніп кірісуге, сол қазақтан шыққан коммунистер ең алдымен міндетті. Әрине, қазақ бұрынғы өгей әкеден кемдік көріп қалған жетім бала.

Жетім бала көпке шейін бір түрлі қорғалауық, жасқаншақ, қорқақ болады.

Кеңес үкіметі орнап, қазақ теңдік алып отырса да сол бұрынғы қорғалауық болып қалғандықтан, ешбір ірі жұмысқа қасқайып кірісіп, серке болып бастай алмай отыр. 

Сол себепті бұл жұмысқа барлық күшін салып кірісу, қазақ коммунистеріне жәрдем беретін жерінде жәрдем беріп, бастайтын жерінде бастап отыру орыс коммунистерінің міндеті. Олай болса, тарих алдында жауапты әуелі қазақ коммунистері, онан соң жалпы қазақтың оқыған еңбекшіл ұлдары.

Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек.

Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек. Қалалардағы мекемелер қазақша жазылған сөздерді алып тексеріп қарап отыруға міндетті. Күллі тілдің бәрі бірдей жүреді деген закон бар.

Волостной исполкомдар қалалардағы мекемелерге қағаздарын қазақша жазып отырса, қала өздігінен қазақша жаза қоймайды. Бұл айқын іс. Бұрын орысша хат білетін кісі бағалы болып, қазақша хат білетін кісілер бағасыз болған. Енді қазақша хат білетін кісілер де бағалырақ болу керек.

Тұрмыс осы бағытпен барғанда, бұл әлі солай болуы сүттен ақ. 

Әлі қазақша хат білмейтін адамдар французша білсе де, Қазақстанда бір кезде іске аспай қалуы ап-анық нәрсе. 

Мекемелерде істі қазақ тілінде жүргізу бір кісінің айтуымен болатын нәрсе емес, көптің күшімен, жалпы ынтамен, тегіс жұмылумен болатын нәрсе. 

Қазақстан еңбекшіл табы қатарға кірсін, өз тізгінін өзі алсын деген азамат бұл іске жан аямай кірісуі керек. Бұған жергілікті мекемелер не айтар екен, не істер екен, күтеміз! 

Сәкен СЕЙФУЛЛИН. 

«Еңбекші қазақ» газеті. 

09.06.1923 жыл.

Басқа материалдар

Back to top button