Бас тақырыпКино әлемі

“Kazbat” ерліктің үлгісін дәріптеді

Қарағандыда «Kazbat» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл фильм – ерлікпен көз жұмған батырларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының құрметінен туындаған дүние. Оқиға желісі әскери қызметшілердің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік қызмет барысында бастарынан өткерген шынайы оқиғалары негізінде өрілген. Қуантатыны – еліміздің кино қоры тағы бір тарихи танымы мол туындымен толықты.

1995 жылдың 7 сәуірі. Бұл осыдан 24 жыл бұрын талай ана мен әкені баладан, бауырдан айырып, барша елдің қабырғасын қайыстырған қаралы күн еді. Олар – от пен оқтың ортасында жандарын шүберекке түйіп, антына адал болған сарбаздар. Тәжік-ауған шекарасына әскери борышын өтеуге аттанғанда жастары небәрі 18-19 жаста болған. Қолдарына енді ғана қару алған жас сарбаздарды үлкен сынақ күтіп тұрған еді…

Фильмге негіз болған оқиғаны қысқаша баяндасақ. Пшихарв шатқалында Қазақстан ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылының құрсауында қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланады. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Бірақ, қарсы тараптың өте күшті болғандығынан, бес сағатқа созылған қарулы қақтығыстан кейін кері шегінуге тура келеді. Бұл – антына адал, батыр бабалардың семсерін қайыстырмауға серт еткен «Қазақстан батальоны» сарбаздарының ерен ерлігі еді7

Айта кететіні, сол қақтығыста жерлесіміз Еркебұлан Мақажанов та ерлікпен көз жұмған болатын. Боздақ Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылында 1975 жылы 3 қазанда дүниеге келген. Мектептен кейін әскер қатарына шақырылған бозбала Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімге түседі. 1995 жылдын көктемінде тәжік-ауған шекарасына жіберіліп, ерлік көрсетеді. Оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін 2009 жылы білім алған мектебінде ескерткіш тақта ашылды. Ауылының бір көшесіне де есімі берілген. Туған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.

 Жалпы, тәжік-ауған шекарасындағы шайқаста төрт қарағандылық қаза тапқан. Қарқаралылық Берікбол Ысқақов 1997 жылдың күзінде көз жұмады. Батырдың үйіне мемориалды тақта орнатылған. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласындағы №14 мектепте аға лейтенат Александр Комаровқа ескерткіш тақта қойылған. Теміртаулық кіші сержант Евгений Салютиннің де есімін құрметпен атап өткен жөн.

Иә, бұлар жер қойнындағы жерлестеріміздің ерлік үлгісі еді. Олар байрақты биік ұстады, антына адал болды. Өз елінің шекарасында емес, өзге елде жүріп, «қазақ» деген қайсар атқа кір келтірмеді. Сол үшін де жан қиды. Біздің бүгінгі батырлар – сол шайқасқа қатысушылар. Қазір Қарағандыда қаласында 200-дей ардагер бар, облыс бойынша 400-ге жуық жауынгер-ардагерлер тұрып жатыр. Оларға құрмет көрсету – елдік парыз.

Қаһармандардың құрметіне түсірілген бұл фильмнің бәсі биік. Дегенмен, бұған дейін де олардың ерлігі ескерусіз емес еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қаза болған 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екі жауынгерге «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді. Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде монумент тұрғызылып, Ресейдің «За отличие в службе» медалі де берілген. Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылғанын айта кеткен жөн

Туындының бас продюсері – Данияр Ибрагимов, қоюшы режиссері – Асқар Ұзабаев, фильмнің қоюшы бас операторы – Максим Задарновский. Рольдерді Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков, Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров, Индира Шынболатқызы секілді талантты әртістер сомдаған. Көркем фильм 21 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады. Фильмнің теледидарға арналған нұсқасы келесі жылы 7 сәуірден аталған қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы арқылы көрерменге жол тартады. Қаһармандардың қайсарлығы мен махаббат сезімі айшықты суреттелген киноны күтіңіз, қымбатты оқырман!

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button