КӘСІПКЕРЛІК – өңір тірегі
Өткен аптада Саран қаласының әкімі Ержан ТЕМІРХАНОВ қала кәсіпкерлерімен алғаш рет кездесті. Сондай-ақ, жиынға облыстың Кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен мемлекеттік мекемелер басшылары қатысты.
Ашық әңгіме өрбіген кездесуде қаладағы кәсіпкерліктің дамуы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, әлеуметтік проблемалардың шешілуі, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі жөнінде сөз қозғалды.
Бүгінде Саранда кәсіпкерлік айтарлықтай дамып келеді. Жүйеқұраушы және шағын кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары ырғақты жұмыс істеуде. Аймақтық жалпы өнімнің қомақты бөлігін кәсіпкерлік нысандары беріп отыр. Экономикалық белсенді тұрғындардың 46 пайызы кәсіпкерлік саласында еңбекпен қамтылған. Кәспорындардың инновациялық белсенділігі бойынша облыста алдыңғы қатардан орын алуда. Алты өндірістік кәсіпорын Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген.
Мемлекеттік басқарумен қатар, азаматтардың жеке бастамалары да әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қарқын береді. Кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жүзден астам мемлекеттік қолдау механизмдері қарастырылған, – деді Ержан Оралұлы отырыста. Өзге де мемлекеттердің тәжірибесін үлгі етіп, бизнесті әртараптандыру, бәсекелестікті күшейту, өркендету туралы айтты.
Сарандық кәсіпкерлердің тәжірибесін есепке ала келе бизнесті дамыту бойынша ұдайы жұмыс істейтін сарапшылар кеңесін құрып, тоқсан сайын мәселелер қарастырылатын басқосу өткізіп тұруды ұсынды.
Жиында кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. «Kazcentrelektroprovod» ЖШС директоры Сергей Ким экспорттаушы кәсіпорындардың басты проблемасы – кедендік баж салығының көлемі, тиімді тауар өткізу бағыттарын айқындау екендігін жеткізді.
Экспорт – тауар сапасының көрсеткіші. Егер, тауар экспортталса, демек, сапасы жоғары деген сөз, – деген Сергей Ким экспорттаушы кәсіпорындар үшін 5-7 жылға жоспарланған ұзақмерзімді инвестициялық жеңілдіктер беруді ұсынды.
«СКЭП» ЖШС-нің директоры Ш.Исенов, «Казфитингпласт» ЖШС-нің маркетинг бойынша директоры Т.Исенов және «Sunpaper» ЖШС-нің директоры А.Халафов инженерлік инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігіне тоқталды. Аталған мәселенің шешілуі жаңа кәсіпорындардың құрылысын инвестициялауға жол ашады.
Қалалық мәслихат депутаттары А.Бойко мен Д.Ахмадулин мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, қаладағы бизнесті дамытуға қатысты көзқарастарын білдірді. А.Бойко кәсіпорындарды білікті жас кадрлармен толыққанды қамту мақсатында тәлімгерлік мектеп ісін жандандыруды ұсынды.Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Күлпейісов өз баяндамасында бүгінде ұйым тарапынан қолға алынған бастамалар туралы сөз өрбітті. Бос жер учаскелері жөнінде ақпарат алу, еркін экономикалық аймақтар құру, кәсіпкерлікті дамыту картасын жасақтау сынды жұмыстар сарапқа салынды. Қатысушылар Кәсіпкерлер палатасының қызметі, қаржылық және қаржылық емес қолдау тетіктері туралы ақпарат алды.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылым тарту, тоқтап қалған кәсіпорындар өндірісін жандандыру, жас кәсіпкерлерді қолдау, өндірісті өркендету үшін қажетті бос жерлер жөнінде мағлұматтарға қанықты.
Кездесу соңында Ержан Оралұлы Елбасы айтқандай, мемлекет пен бизнестің әріптес екендігін жиналғандар есіне салды.
Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет пен бизнес біріге отырып, ел экономикасын, тұрғындар әл-ауқатын жақсартуы тиіс екендігін айтты. Кәсіпкерліктің даму деңгейі өңір экономикасына айқын әсер етеді. Соған сәйкес, бюджет жасақталып, әлеуметтік мәселелер шешіледі. Жаңа жобаларды жүзеге асырып, кәсіпкерлік нысандарын кеңейту мақсатында Саран қаласы мен Ақтас кентін дамыту бойынша бас жоспар түзілді. Соның нәтижесінде бизнес өкілдері бос жатқан жерлерге қол жеткізе алады. Инфрақұрылымдық жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті өркендету бойынша жұмыстар басталды, – деді қала әкімі.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі бизнес өкілдеріне қаладағы әлеуметтік жобаларды қолдаудағы, ардагерлер мен тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық көрсетудегі белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді.
Надежда ЦХАЙ.
САРАН қаласы.