Басты тақырыпТеміртау

Кәсіпкерлік қарқынды дамуда

     «Өмір сапасы» адамдардың алуан түрлі материалдық, рухани, зияткерлік, мәдени, эстетикалық және басқа да қажеттіліктерінің тұтас кешенін қанағаттандыру дәрежесін көрсетеді дейді», – әлем ғалымдары. Теміртау қаласында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ашылған әр түрлі әлеуметтік нысандар осының кепілі.

Теміртау – Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемге жер қойнауындағы байлығымен белгілі екені туралы айтсақ, қисынды түрде халқының әл-ауқаты да жақсы болуы заңды. Демек, жоғарыда айтып өткеніміздей, қажеттіліктің тұтас кешенін қамту арқылы өндірістік қала тұрғындарының жағдайын жақсартуға ықпал еткен мемлекеттік бағдарламалар осы жерде ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Ал, грантқа ие болғандар өз жайларын ғана күйттемей, халыққа пайдалары шаш етектен болып жатса, тіпті, құба-құп…

Физик пе, әлде лирик пе?

Тарихта талай мықты физиктің осы салаға еңбегін сіңіргеннен кейін лирик мамандығына ауысқанын білеміз, бірақ лириктің физикке ауысқанын шынымен естімеппіз. Бұл, мүмкін өмірде нақтылықтың қажет екендігінің бір көрінісі болар.

Теміртаудағы қазақ тілін қарқынды түрде оқытатын білім беру орталығының директоры Ұрқия Оңғарбаева да физиктен лирикке ауысқанның бірі. 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алғаннан бері өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін дендеп үйретумен айналысып келеді. Яғни, «Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне жеделдете сөйлетуді үйрету» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының грантына ие болған. Бұл жерде қазақ тілімен қатар ағылшын тіліне де үйретеді.

Ұ.Оңғарбаеваның айтуынша, балаларға тілді үйрену қиынға соқпайды. Себебі, өзінің авторлығындағы арнайы бағдарламамен, яғни, ойын түрінде тілді үйрету – керісінше олардың қызығушылығын тудырады. Балаларды қазақ тілінде сөйлету үшін ойын түрлері, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі жағдаяттар сызба түрінде құрастырылады. Ойынға еліккен балалар қазақ тілін қалай тез меңгеріп алғандарын білмей де қалады екен. Физика мен математика саласында оңайдан басталып, қиынға қарай әкелетін формула сияқты, бұл жерде де қолданылатыны – осы әдіс.

Орталықтың тіл үйренемін деп талпынған ең жас оқушысы – төрт жаста. Тіпті, орыс мектебінен осы жерге тіл үйренуге келіп, Ұ.Оңғарбаеваның арнайы бағдарламасы арқылы қазақ тілін меңгерген оқушысы Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектепті бітіріп, қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті екенін де мақтан етеді оқытушысы.

Бүгінгі күні орталықта 5 кабинет жұмыс істеп тұрса, болашақта талпынысы бар жас мамандарға өзінің тәжірибесін үйретіп, мүмкіндік болса, Қарағанды және Астана қалаларында орталық филиалдарын ашу жоспарда бар екен.

Егер аптасына 3 рет үзбей келіп, дәріс алатын болса, 3-4 айдың ішінде қазақ тілін еркін меңгеріп шығуға болады. Ең бастысы – сөйлеуді үйрету. Содан кейін ғана грамматикаға көңіл бөлінеді. Сөйлеп үйренсе – грамматиканы өзі әрі қарай алып кетеді, – дейді орталықтың оқытушылары. Физиктер лирик бола алмайды деп көріңіз осыдан кейін.

Ерекше балаға –

ерекше көмек

Теміртау қаласындағы тағы бір бірегей әлеуметтік жобалардың бірі – «Созвездие» жеке кәсіпкерлігі. Тірек-қимыл аппаратының функциясы бұзылған балалармен түзету-қалпына келтіру жұмыстарын атқаратын орталық 2015 жылы 3 миллион көлемінде мемлекеттік грантты ұтып алған. Орталықтың директоры Артем Козловский қоғамда мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше қамқорлықтың қажет екенін көре жүріп, «Даму» қорына арнайы бизнес жоспармен шығып, қаржыландыруды сұраған. Барлығы 4 миллион теңге қаражатты құраған жобаның 2,5 миллионын аталмыш қор бөлсе, қалған бөлігі өзінің, серіктестерінің демеушілердің қаржысы есебінен.

«Созвездие» орталығы Қарағанды облысындағы бірегей орталықтардың бірі.

Ерекше тәсілдер – канистерапия – ит арқылы емдеу және иппотерапия – атпен серуендеу арқылы емдеу түрлерін қолдана отырып, біраз жетістіктерге жеткен. Қыстың күндері иттермен шана тебуге шығып, олармен қарда ойнаған балалардың психологиялық жағдайы, қан айналымы жақсарып, сауығуына көп ықпалын тигізеді. Ат үстіндегі серуен – балалардың церебралды салдығы ауруына ең тиімді емдік тәсіл ретінде қолданылады. Бұл – өз кезегінде педагогтың жұмысын да оңайлатады. Көрсеткіш те жаман емес, орталыққа келген, мүлдем сөйлемеген үш баланың тілі шыққан. Ал көрсеткіш жақсы болуы үшін балаларға бөлінетін уақыт та көп керек, – дейді А. Козловский.

23 адамды жұмыс орнымен қамтып отырған орталықта логопед-дефектолог, логопед-психолог, массаж жасаушы, бірнеше педагогтар жұмыс жасайды. Сонымен қатар, балалардың тірек-қимыл жүйесін жақсартуға бағытталған арнайы төрт құрылғы бар. Қызметкерлердің де басты міндеті – балалардың ерекше екендіктеріне сендіріп, қоғамнан тыс қалмай, жақсы әлеуметтеніп кетулеріне көмектесу.

Артем Козловский болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша ашуды жоспарлап отыр. Әзірге қинайтыны – өздерінің жеке ғимарттарының болмауы. Егер арнайы мамандандырылған балабақша ашылатын болса, олардың ата-аналары да қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие болар еді дейді ол. А.Козловскийдің айтуынша, қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі 546 бала есепте тұрса, оның қырыққа жуығы ғана мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында оңалтудан өтеді екен. Егер аталмыш орталық ашылатын болса, ай сайын 400 бала арнайы ем қабылдап, оңалтудан өте алады.

Тәні саудың – жаны сау

Спорт, демалысты ұйымдастыру және ойын-сауық саласында да теміртаулықтар кенде қалып жатқан жоқ. Заманауи жаттығу залы, фитнес, хореография, шығыс жекпе-жегімен айналысатын «FATRUS» фитнес клубының ерекшелігі – Теміртау қалалық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігімен келісе отырып, бұл жерде мүгедектер ақысыз негізде жаттыға алады.

Қысқы уақытта фитнес клубына келушілер саны 120-150 адамды құраса, жазғы уақытта 80-100 адам шамасында. Бағасы да көңілге қонымды. Таңертеңгі сегізден кешкі беске дейінгі ай сайынғы абоненттік төлем – 5000 теңге, ал кешкі онға дейін – 7000 теңге. Балаларға 50 пайыз көлемінде жеңілдік қарастырылған. Жаттығу залының құрылғылары зал иесінің өз қаражаты есебінен алынса, қалғаны «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қаржыландырылған.

«FATRUS» фитнес клубы жанынан тағы да ғимараттың құрылысы қарқынды түрде жүруде. Аталмыш клубтың директоры Софья Атабаеваның айтуынша, бұл жерде болашақта клубтың бассейні болады.

Әнуар Ахметжанов ашқан «Қоғамдық монша» да Теміртау халқына өзінің қызметін ұсынып келеді. 2015 жылы ашылған монша құрылысын салу кезінде Қарағанды және Теміртау қалаларының кәсіпорындары өндірген материалдарын қолдана отырып, Теміртау қаласының құрылыс компаниялары мен жеке кәсіпкерлері жүзеге асырған. Таза отандық нысан десе де болады.

90 жуыну орнынан тұратын монша күніне 500 адамға дейін қабылдайды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button