Медицина

Кәсіби маман болу жолында…

Күнделікті манипуляциялар мен оқыту – дәрігердің кәсібилігін арттырудың бірден-бір жолы. Біріншісінде «қолы» машықтанады, екіншісінде, жаңаны меңгереді. Екеуі де дәрігердің кемелденуі үшін ауадай қажет. Біздің мамандар алысжақын шет елдерге тәжірибе алмасуға жиі шығады. Бізге де келіп, шеберлік сағатын өткізіп жатады. Мәселен, Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында фармакорезистентті эпилепсияны емдеуге қатысты жаңа әдістер бойынша шеберлік сағаты өткенін айтуға болады. Келген қонақ – Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің федералды нейрохирургия орталығының бөлім басшысы, Новосібір мемлекеттік университетінің нейрохирургия кафедрасы доценті Александр Дмитриев.

Фармакорезистентті эпилепсия атында тұрғандай, эпилепсияның дәрімен емдеуге келмейтін түрі. Дәрі-дәрмек әсер етпеген кезде функционалды нейрохирургияны қолдануға болады.

– Функционалды нейрохирургия – нейрохирургияның қарқынды дамып келе жатқан түрі. Орталық, перифериялық жүйке жүйесінің түрлі созылмалы ауруларын хирургиялық емдеуді көздейді. Оларға эпилепсия, қимыл-қозғалыспен байланысты аурулар, Паркинсон ауруы, дистония жатады. Бұл өте ауыр дерт түрлері. Оның 30 пайызында дәрі әсер етпейді. Операция дәрі-дәрмекпен емдеуге келмейтін ауырсынуларды алып тастауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде науқастардың өмір сүруі жақсарады, – дейді Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың нейрохирургия және неврология орталығының меңгерушісі Ғабит Махамбаев.

Дәрігер шара аясында жеті науқасқа операция жасалғанын айтты.

– Туғанынан эпилепсиямен ауыратын балаға осындай операция жасадық. Ол 12 жыл бойы ауру приступтарымен өмір сүріп келген. Мидың бір жарты шары екіншісінен кіші, функционалды бұзылған. Ауру зақымдалған жарты шардан сау жарты шарға беріліп, эпилепсиялық приступ туғызып келген. Мұнда ошақты алып тастау мүмкін емес, тек бір жарты шарын екіншісінен айыру керек. Операциямен арасын бөлдік. Енді ауырсыну мен приступ болмайды. Оның әсері қаншаға жететіні белгісіз, – дейді дәрігер.

Статистикалық деректерге сүйенсек, нәтиже операциядан кейін бірден көрінеді. Дегенмен, уақыт өте келе төмендеуі мүмкін.

– Бұл әдіспен дерттен құлантаза жазылады деп айта алмаймыз, – дейді Ғ.Махамбаев. – Көбіне науқастың жағдайы, яғни, өмір сүру сапасы жақсарады. Приступтарының саны, ауырсыну сезімі төмендейді. Кейде толығымен кетуі мүмкін. Операцияның нәтижесіне әсер ететін факторлар көп. Ең болмағанда, науқасты мүгедектіктен сақтап, төрт қабырғада өмір сүруден алып қалғымыз келеді.

Эпилепсияға шалдыққан науқастардың нақты статистикасы жоқ. Олар қоғамнан тыс, оқшау өмір сүреді. Мұндай көмекке зәру науқастар қатары көп болуы мүмкін.

– Бұрын мұндай операциялар жасалмайтын. Жаңадан енгізілген әдіс – гемисферотомия эпилепсияның ең ауыр деген түрлеріне жасалғандықтан, көп қолданылмайды. Бірақ, науқастар көп. Қазір жасап жүрген операциялар барлық қажеттілікті өтей алмайды. Дегенмен, оларға көмек беру – біздің міндетіміз, – деді Ғабит Жанділдәұлы.

Ресейде бұл әдіс 2014 жылдан бері қолданыста екен.

– Шеберлік сағаты «біреу келіп, операция жасайды» деген ұғым емес. Мұнда тәжірибе алмасу жатыр. Қарағандылық хирургтар мұндай операцияларды бес жылдан бері жасайды. Облыс тұрғындарына басқа өңірге немесе елге барудың қажеті жоқ, – деп ойымен бөлісті Александр Дмитриев.

Шетелдік маман мұның алдында да келіп аймақ дәрігерлеріне білгенін үйреткен еді. Бұл жолы да жаңа әдісті қолданысқа енгізуге себепші болды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button