Көне өнердің көшін алға сүйреген
Қазақ жері он саусағынан өнер тамған шеберлерге кенде емес. Ұлттық өнердің алтын арқауы саналатын қолөнершілер күні бүгінге дейін халық дәстүрін дәріптеп келеді. Олар Жаратқан ие сыйлаған қарым-қабілетпен, көңілі құлай сүйген іспен қапысыз, қалтқысыз еңбек етеді. Төзім мен сабыр туралы сөз айтсақ, қолөнершінің төзімі мен шыдамдылығына жетпейді-ау.
Киіз басып, түрлі бұйымдар жасап, ата-бабадан келе жатқан ұлттық өнерді дәріптеп жүрген қолөнер шебері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Қамаш Төлеубаева туралы ой өрбітпекпіз.
Атадан дарыған қасиет
Кейіпкеріміз – бастауыш сынып және тарих пәнінің мұғалімі. 1973 жылы Сарандағы Абай атындағы педагогикалық училищеден бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітірген. Одан кейін Жаңаарқа ауданы Ақтүбек ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Кейін Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, тарих мамандығы бойынша білім алады. Зейнетке шыққанша Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылындағы мектепте сабақ берген. «Өнерден оқыған оқуым жоқ» дейді қолөнерші Қамаш Төлеубаева. «Бастауыш сыныпқа еңбек сабағынан мұғалім болып жүргенімде білім жетілдіруге барып көргенім жоқ» дейді өзі. Әсілі, бұл атадан дарыған қасиет болса керек. Іс тігуге бала күнінен қызыққан.
«Киіз басып, ою оюды анамнан үйрендім. Бес жасымда мәшинені қызық көріп, үстелдің шетіне қолымды қойып, іс тігетінмін. Шешем оюды керемет оятын. Алғаш рет қошқар мүйіз оюды көрсетті. Ойғандарымның бәрін қызық көріп, қыстақта отырған үйдің терезесіне жапсырып қоятынмын. Осыны көрген көрші әйелдер маған ою ойғызып алатын. 7-8 сынып оқып жүргенімде ауылдағы қаншама кісіге сырмақ ойып бергенім есімде. Қызы бар үй бірнеше сырмақ жасайтын кез ғой. Киіз үйде отырған елге төсеніш, сырмақ, текемет, шым ши бәрі керек. Ал, 11 жасымда киіз үйге есік сырғам. Шешем бастап қойған киіз есікті алып, сырып, оюын ойып қойғам. Соны көріп шешем таңғалды. Түскиіз жасағанда анам «Ғалам шексіз, су тұйық» деп, оюларды да соған сай оятын», – дейді қолөнерші.
Ұстаздық жұмыспен бірге қолөнерден қол үзбеген Қамаш Төлеубаева киізден ою салып, сырмақ сырып, текемет басып, тұрмыстық бұйымдарды жасады. Он саусағынан өнер тамған қолөнершінің қолынан шыққан дүниеге тамсанғандар аз емес. Мектепте оқушыларға оюлардың сан түрін оқытып, өзі де жадынан тіршіліктегі бар бейнені оюға айналдырып, қағаз бетіне түсірген екен.
Қиын замандарда отбасының жан сақтап қалғандығы да осы – еңбекқорлығының арқасы.
– 1990 жылдары қиын заман болды ғой. Ұл-қыздарым сол кезде оқу оқып жүрген студент болатын. Алған жалақымыз бір қап ұнға да жетпейтін. Сол кездерде балаларымды тоқыма тоқып, іс тігіп оқыттым. Көзге көрінетін жарық түсісімен, машинаға отырып жұмысымды бастаймын. Сөйтіп, төр көрпе жасадым, құрақ құрадым, жамылғы көрпе істедім, шапандар, желетке тіктім. Одан түскен аз-маз ақшамен балаларымызды оқыттық. Мектеп те суық болды. Тіккен желеткелерімді мұғалімдер киіп жүретін, – деді кейіпкер өткен күндерді еске алып.
Әрине, мұның бәрі қол еңбегі, адам күш-қуатын сарп етеді. Қойдың жүнін қаншама рет жуып, тазалау, оның басын біріктіріп, қаншама рет илеу керек. Қолөнершінің айтуынша, кем дегенде 5 мың рет ширатасың, қатаюы үшін тепкілейсің. Киізден жасалған кішігірім өнімнің өзі 2-3 күнсіз бітпейді. Шикі киізден талдырма жасайсың, жүнді тартасың, ал бешпенттерді жасауға 1 ай уақыт керек. Жалғыз адамның қолымен текемет бір айда жасалады. Алдымен шикі киіз жасап алады. Оюларын астына салады, тартқан жүннің үстіне салып, қаншама рет илейді, басын біріктіріп, уқалап, ширатады.
Наурызда Астана қаласында өткен жәрмеңкеге барған екен. Киізден жасаған заттар мен бұйымдарының бәрін келушілер сатып алыпты.
Шебер шыңдалған шың
Қамаш Төлеубаеваның қолөнерге түбегейлі ден қоюы тегін емес екен.
Бір күндері Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылына жұмыссыз әйелдер үшін шеберлік сағат өткізуге Қазақстанның Қолөнершілер одағының мүшесі Күлән Жанғұтты деген шебер келген екен. Ауыл мектебінде бастауыш сыныптарға еңбек пәнінен сабақ беретін қарапайым мұғалімнің жасаған жұмыстарын көріп, таңдай қаққан. Сөйтіп, он саусағынан өнер тамған Қамаш Төлеубаеваны Алматыға шақырып, Қазақстан Қолөнершілер одағына келуге ұсыныс білдірген. Киіз басумен айналыс деп ақыл-кеңесін де айтқан.
– Иә, Күлән Жанғұтты бұл өнермен айналысып кетуіме себепкер болды. Оның шақыртуымен Алматыға барып, Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұловамен таныстым. Ол ақылкеңесін айтып, республикалық байқауға қатысуға ұсыныс тастады. Сөйтіп, сырмақ дайындап, республикалық байқауда Гранпри жеңіп алдым. Сырылған жердің бәріне ою салып, ерекше етіп жасадым. Жүлде сырмақтың істелу шеберлігіне берілді. Кейін бізді, жеңімпаздарды 2013 жылы Непал мемлекетінің астанасы Катмандуға Азия мемлекеттерінің қолөнершілерінің жәрмеңкесіне апарды. Непал мемлекеті – жүннен бұйым жасаудан бірінші орын алатын мемлекет екен. Жүннен зат жасайтын фабрикалары бар. Киіз басу ертеден ата кәсібіміз болғанымен, бүгінгі күні айналысатындар аз. Қазір ел киіз басуды қайта қолға алып жатыр, – деді ол.
«Киіз басудан шетел озды»
Шеберліктің серігі – машықтану. Көз қанығып, қол үйренген сайын алға баса бермек. Қамаш Төлеубаева бүгінде өзі де Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі.
Одақ басшылығы оны республикалық, халықаралық форумдарға шақырады екен. Былтыр қараша айында Алматы қаласында киіз басушы шеберлердің халықаралық фестивалі өтті. Оған Орта Азия елдері ғана емес, АҚШ, Түркия, Швейцария, Голландия, Англия, Франция, Венгрия мемлекеттерінен қолөнер шеберлері келіп, киіз басудың өзге де техникасын көрсеткен. Дүниежүзінде жүн өңдеп, киіз басатын қазақтардан да басқа ел бар екенін біліп, жасаған бұйымдарын көріп таңданғанын айтты кейіпкеріміз:
– Қазақтарда киіз басу әйелдердің ісі. Ал, Түркияда көбіне-көп бұл іспен ер адамдар айналысады екен. Өзге мемлекеттер киізден ұсақ дүниелер емес, көлемді дүниелер жасайтынына куә болдым. Өзге елдер жиһаз-жабдықтардың бәрін киізден жасайды екен. Мысалы, АҚШ-тан келген шебер киізден перде жасап әкеліпті. Көлемді дүние жасауға көп қол керек, әрине. Киіз басуға АҚШта волонтерлер мен жастар көмектеседі екен, яғни шақыртумен келіп киіз басылу үшін үстіне би билейді екен. Киізден жасалған перде қазір Алматыдағы мұражайда сақтаулы тұр. Шетелдіктер киіз басуды Орта Азия халықтарынан үйренді десек те, олар бізден дамып кеткен. Қазақстан киіз басуды енді бастап жатыр. Біздің аймақта жүн өңдейтін зауыт та жоқ қой. Ауыл-ауылда қойдың жүні шашылып жатыр, – деп қынжылды Қамаш шебер.
Қарағанды қолөнерді қолға алды
Қарағанды өңірінде киіз басып, киізден түрлі бұйымдар жасайтын қолөнершілер саусақпен санарлық. Ат төбеліндей ғана қолөнершілер бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп, өңірде киіз басу дәстүрін дамытуды қолға алыпты.
Кейіпкер Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, шебер Наталья Щипцованың шақыруымен және отбасылық себептермен 2015 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударған. Н.Щипцованың бастамасымен 2016 жылы жұмыссыз әйелдерге киізден бұйым жасауды үйреткен. 2017 жылдары бірлесіп жұмыс жасаған.
– Қолөнерді үйренем деп жүргендер бар. Достық үйінде құрылатын Қарағанды облысы қолөнершілерінің ассоциациясы қолөнерді дамытуды қолға алып жатыр. Сол жерде тігінші Перизат Тотыбекованың «Алтын оймақ» деген ателесі бар. Кей кездері сонда барып киіз өнімдерін жасаймын. Былтыр күзде облыстық форум өткізіліп, киіз бастық. Өңірдің қолөнершілерімен бірігіп жұмыс жасағалы отырмыз. Бізді қолдайтындар ел азаматтары да табылып жатыр, – дейді қолөнерші.
Адам көңілі құлай сүйген, жаны қалайтын іспен шұғылданғанда ұзақ ғұмыр кешеді. Бүгінде Қамаш Төлеубаева жетпістің желкенін керді. Арман-мақсаты әлі де көп. Ол жасаған бұйымдардың бір сыпырасы Қарағанды облыстық және Балқаш қаласындағы музейде тұр.
Қолөнермен айналысу үшін адамға темірдей төзім, таудай талап керек. Қазір бір адамның бойынан мұндай қасиет табылғанымен, қолөнерге ден қойып, айналысатындары некен-саяқ. Ал кейіпкеріміз Қамаш Төлеубаева осы үдеден шығып, өзі айтқандай жақсы көретін ісімен айналысып, бала-шағасының, немерелерінің ортасында зейнет көріп, мамыражай күй кешіп отырған жайы бар.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz