Күнәңмен «Бетпе-бет»
«Қарағандыда түсірілген». Кеншілер шаһарындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында «Бетпе-бет» фильмінің премьерасы өтті. Жаңа туындының режиссері – Қаршыға Иген. Тұсаукесерге келген көрерменнің қарасы қалың болды. Зал лық толды.
Фильм тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында онсыз да тентіреген елдің еншісіндегі дүние-мүлікті таран-таражға салып, байығандардың өмірін баяндайды. Басты рөлдерде – бала кезден бірге өскен үш дос. Соның екеуі құлағалы тұрған ауылдың мәдениет үйін, ондағы мүлікті сатып жібереді. Совхоздың да жұмыс техникаларын жоқ қылады. Әккіленген пысықайлар жұрттың басқа да байлығына көз тіге бастайды. Бірақ, Ораз есімді достары бұл шаруаның дұрыс емес екенін, әр нәрсенің сұрауы бар екенін айтады. Одан қауіптенген Асыл Оразды ұрып өлтіріп, мәйітін өртеп жібереді. Жауаптан қашу үшін полицияға пара беріп, «өзіне-өзі қол жұмсады» деген деректі тіркетеді. Марқұмның соңында жары мен Бауыржан есімді жалғыз ұлы қалады. Оқиға 1993 жылы болған.
Содан бері 30 жыл өтеді. Ораздың ұлы Бауыржан есейіп, облыстық «Saryarqa» телеарнасының журналисі атанды. Ал, әкесін өлтірген залым – Асыл кәсібі дөңгелеген, елдің сүйіктісіне айналған меценат. Марат есімді екінші достары арбаға таңылған. Әкесінен айырылған Бауыржан 30 жылдан соң кек алуға бел буады. Міне, туындының кульминациясы осы жерден басталады.
Режиссер «Өмір деген – бумеранг, жасағаныңның бәрі алдыңа келеді» дегенді айтады. Басты идеясы – обал, сауап.
– Бұл фильмнің сценарийі ел тарихымен тығыз байланысты. Өмірден алынған шынайы туынды. Егемендіктің алғашқы жылдарында халқымыз талай қиындықты көрді. Ал, пысықай, залымдар ұрлық жасап, арам жолмен байыды. Мен сол кезеңдегі тұрмысты, жағдайды жеткізгім келді, – деді Қаршыға Иген.
Асланның рөлінде – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мекен Қисықов. Ал, мүгедек арбаға таңылған Мараттың рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков. Ораздың ұлы, «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі – Сәкен театрының актері Бауыржан Нұрмағанбетов.
«Бетпе-бет» фильмін түсіруге екі жарым ай уақыт кеткен. Бар болғаны 1 млн. теңгеден астам ғана қаражат жұмсалыпты. Түсірілімге қажетті техникалармен, операторлармен, тіпті, актерлермен облыстық «Saryarqa» телеарнасы қамтамасыз еткен. Телеарнаның ұл-қыздары бірнеше рөлді сомдап, өз деңгейінде алып шықты.
Фильмге баға беруден, сынаудан аулақпыз. Бірақ, залдағы бірде-бір адам тапжылмады. Соңына дейін тамашалады. Кейіпкермен бірге мұңайып, бірге күлді. Демек, жұрттың жүрегінен орын тапты. Нағыз сыншы халық емес пе?
Фильмге бар болғаны 1 млн. теңге жұмсалғанын айттық. Қазіргі нарықта бұл қаражаттың өзі көп жыртығыңды жамауға келмейді. Жүйелі қолдау болса, Қаршыға Иген Қарағандының Алексей Балабановы (1997 жылы түсірілген атақты «Брат» фильмінің режиссері) болайын деп-ақ тұр.
Айта кетейік, осыған дейін Қаршыға Игеннің «Блогер келін», «Адасқан әйел», «Қара пима», «Тұзақ», «Хабарлама» деген фильмдері жарыққа шыққан.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген автор