Жаңалықтар

Күлкінің салмағы…

Облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында Отан қорғаушылар күніне орай Тахауи АХТАНОВТЫҢ «Күшік күйеу» комедиясының премьерасы өтті. Бұған дейін де театрда талай рет сахналанған қойылым бұл жолы жаңаша түрленіп, заман талабы мен жастардың көзқарасына сай тұрғыда көрерменге ұсынылды. Қоюшы режиссері – Бекмұхамет КИЕКБАЕВ. Суретшісі – Еламан АБЫЛҒАЗЫ, музыкамен көркемдеуші – Сәуле МҰСТАФИНА.

Қойылым желісі бойынша ауылдан келген студент Қабанбайды досы Бекболат «күшік күйеу болуға ыңғайлы» деп немере әпкесіне «жарнамалайды». Өйткені, Қабанбай ауылдың еркін өскен баласы жатақханаға сыймай, достарымен түрлі сауық өткізеді. Жатақханадан қуылмақшы болған Қабанбайға Бекболат «пәтер тауып беремін» десе, немере әпкесіне «күшік күйеу тауып беремін» дейді. Себебі, әпкесі Гүлжамал ерке қызы Ботакөзге күшік күйеу іздеп жүрген-тін. Комедия әрі қарай Қабанбай жайында өрбиді.

Ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік айырмашылық, салтдәстүрді білмейтін қызыққа мастанған қала жастары мен тамырын тереңге тартқан ауылдың баласы жайлы комедияның өз айтары бар.

Қабанбайды (Қабаш) – Ақниет Мәкішев, Бекболат рөлін – Сұлтан Серікұлы, Ботакөз (Ботка) образын – Ақбота Қанатқызы, Ботканың анасы Гүлжамалды – Маржан Ахметова, құрбысы Алманы – Мөлдір Юсупова, Алманың анасы Биғайша рөлін – Әйгерім Қалдыбекова, Ботканың қалалық достары Тюрянчикті – Темірлан Қамза, Кубикті – Серікбол Қайыржанов сомдады.

Комедия бүгінгі күннің тамырын дөп басқан туынды деуге болады. Өйткені, онда бәрі бар. Бір жақты көзқарастан аулақ. Қалыпты драмалық қойылымдарға қарағанда көрерменге жақындау, адамның жан дүниесіне тереңірек үңілу бар сияқты.

Ұлттық тамырдан ажырамағанын да айта кеткен жөн. Дәстүрлі дүниетаным шеңберінен шығып кетсе де айналып соғып отырады. Яғни, шылбырды ұзыннан алған.

Сонымен қатар, елді күлдіре отырып, жылататын тұстары да бар. Мәселен, Қабанбайдың амалсыздан «Күшік күйеу» болуға келіскені сәтті бейнеленсе, екінші жағынан қазіргі қоғамда қайын жұртымен бірге тұруға намыстанбайтын, өзіндік ойы жоқ жастардың бар екенін жоққа шығармайды.

Комедияның атауынан көрермен «күшік күйеудің бастан кешіргені» деп ойласа олай емес. Қабанбай – ар-намысы мен азаматтық жігері мықты нағыз қазақ жігіті. Қойылым барысында барлығы жабылып, күшік күйеу қылғысы келсе де, ол соңында жеңеді.

Екі құрбы Ботка мен Алманың жеме-жемге келгенде көре алмаушылығы, қызғаншақтығы да драмада ұтымды көрсетілген. Олар бұл қылығына қысылмайды да, бұл да бүгінгі қоғамның бір көрінісі.

Ал, қойылымға екінші жағынан қарасақ, қазір осындай комедиялық туындыларға сұраныс үлкен. Комедияны сахналау арқылы көрерменнің талғамын көтеруге болатынын көрсетіп отыр. Себебі, осындай ащы шындыққа құрылған комедияға халық жиі келсе, сергіп, тереңірек ойлана бастары анық. Кез келген көркем туындының мақсаты оқырманға ой салу десек, аталған комедия мақсатына жетті деуге болатындай. Себебі, қай кейіпкерді жақтарымызды білмей қиналдық, миымызды қозғауға «мәжбүр» болдық. Режиссердің шешімі тәнті етті. Дегенмен, соңғы сөз көрермен еншісінде, әрқайсысы өз деңгейінде қабылдай алады.

Қос арудың анасы Гүлжамал мен Биғайша да бойжеткен қызының бақытты ғұмыр кешкенін қалайтынын әсерлі сомдап, ащы сарказммен сәтті бере білді. Қатты еркелетіп өсірудің бала өміріне зияны көп боларын әр көрермен көкірегіне түйгені анық. Өйткені, Ботканы Гүлжамал Қабашқа қосқысы келсе, құрбысы Биғайша Қабаштың қызы Алмаға ғашықтығын қойылым соңында білді. Қабаш Алманы таңдады, оған Ботакөз қиналған да жоқ. Алманың тегінің мықтылығын Қабанбай дөп тауып, оның көзін ашты. Соңында сезімін шынайы білдіріп, бар кедергіні тойтарды. Күшік күйеу болған жоқ. Махаббат пен әділдік жеңіске жетті. Осы шешім арқылы қойылым, жастарды еркін ойлауға, еңбекқорлыққа баулыйды. Ер болып туып, ер болып өмір сүруге жетелейді. Жігер береді, өмірге деген құлшынысын оятады.

Сахнаның безендірілуі, музыкамен әрлеу, костюмдар және жарық берілуі ортақ үйлесім тауып, көрерменнің ерекше әсерленуіне жұмыс істеді.

Ән де, би де, күй де, әдемі сахна тілі де бар. Бекболаттың қолынан домбырасын тастамауы көрерменді рухтандырды. Жастардың өзіне тән қылықтары да ұтымды шыққан. Бірақ, кей сәттерде ән айтуда ептеп кемшілік болды. Оны бүркемелеу ойымызда жоқ. Өйткені, құр мақтағаннан өсу болмайды. Кемшілік – жұмыс істеген адамда ғана болады. «Сын түзелмей, мін түзелмесі» анық.

Маған Қабанбай мен Трюянчик образы ұнады. Екеуі қарама-қарсы кейіпкерді сәтті алып шықты. Диологтары да жеңіл, түсінуге ыңғайлы. Спорттық трюктер де тамаша. Сергіп, жақсы демалып қайттым, – дейді қала тұрғыны Асылбек Орақбаев.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, қорытуға ауыр драмалық туындылармен қатар, комедияның да көтерер өз жүгі бар. Ата-аналар бала болашағына алаңдаса, осындай комедияға келсін. Күлсін, жыласын, толқысын, әсер алсын. Комедия – тек күлкі емес. Шынайы күле білгенге, күлкінің де салмағы ауыр екен…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button