Жаңалықтар

Көлікті тіркеу: көңілдегі күмән сейіле ме?

Армениядан жеткізілген көліктерді оңтайлы тіркеу мәселесі қашан және қалай шешімін табады? Бұл – көпшіліктің көкейіндегі сауал. Қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты күн тәртібінен шет қалғандай еді бұл әңгіме. Енді қайыра қозғала бастаған сыңайлы. Бағамдап қарасақ, оларды тіркеуде оң өзгерістер орын алатыны байқалады. Нақтылай түссек, көлікті бастапқы тіркеу алымынсыз рәсімдеу мүмкіндігі берілмекші. Бұл, әрине, үлкен жеңілдік болмақ. Дегенмен, алақан соғып қуануға әлі ертерек. Себебі, құжат Үкімет деңгейінде әзірлену үстінде. Ол алдағы мамыр-маусым айларында қабылдануы тиіс деген болжам бар.

Бұл өзгерістердің қарастырылуына көлік иелерінің наразылығы мен қоғамдық пікір негіз болғаны анық. Алайда, жер-­жерде мұндай көліктердің тіркеліп жатқандары да бар. Ашып айталық, зауыттан кейінгі жылдары шыққан көліктердің бастапқы тіркеуіне айтарлықтай қаржы шығындалмайды. Соңғы екі жылда шыққан көліктер үшін 662,75 теңге, ал екі жылдан үш жылға дейінгі аралықта шығарылғандарға – 132 550 теңге. Ал, үш жылдан асқан көліктерге 1 325 500 теңге төлеу қажет еді. Ал, Үкіметтің жаңа қаулысы қабылданатын болса, бұл төлемдер мүлдем алынып тасталуы тиіс.

Президент Қасым­-Жомарт Тоқаев ел Үкіметіне даулы мәселенің шешімін табу туралы тапсырма берген болатын. Міне, алда күтілетін жеңілдік – соның жемісі. Енді қалғаны – жаңа құжаттың қабылдануын байыппен күту ғана.

Бір жағынан, ешқандай төлемсіз тегін тіркеу мемлекет қазынасы үшін тиімді болары күмәнді. Ресми ақпараттарға сенсек, сырттан келген автокөліктердің тіркелмеуі себепті ел бюджеті кедендік салықтан түсетін 170 млн. Долларменға жуық қаржыдан қағылған. Ресми статистика Армения мен Қырғызстаннан біздің елге 170 мың автокөлік кіргенін растайды. Оның үстіне, «қос мекенді» көліктердің қатысуымен жол­көлік оқиғалары көп тіркелген. «Құқық бұзуға бейім жандар саны бар, санатта жоқ көліктерді қылмыстық істерге пайдалануы мүмкін» деп дабыл қаққан еді құқық қорғау органдарының өкілдері. Өйткені, бейнебақылау камерасы «назарына іліккен» күннің өзінде тіркелмеген көлік пен оның иесін табу қиынға соғады. Бұл – оларды міндетті түрде тіркеу талабының негізгі себептерінің бірі.

Біздің білуімізше, жаңадан қабылдануы тиіс қаулы жобасында уақытша тіркеу жүргізу мерзімі нақтыланбаған, ол шамамен алдағы жылдың наурыз айына дейін созылуы мүмкін.

Қаулыда басқа да өзгешеліктер қарастырылады. Мәсчелен, ЕЭО елдерінен келген автокөліктерді тіркеу куәлігінде айрықша жазба пайда болады: ресейлік көлік – РФ КҚ, армениялық көлік – АР КҚ, Беларусь елінен келген көлік — БР КҚ, Қырғыз Республикасынан келген көлік ҚР КҚ деп белгіленеді.

Бұдан бөлек, тіркеу ережесіне бір қатар техни калық өзгеріс енгізілмекші. Соның ішінде «egov.kz» порталы арқылы тіркеуге қатысты қосымша қызметтер қосылады.

Жақында ғана айлық есептік көрсеткіш көлемі ұлғайып, алым­салықтардың да құны артты. Яғни, бұл айыппұл, көлік салығы, утилизациялық алым мен жүргізуші куәлігін алғанда жасалатын төлем сомаларының өскендігінен хабар береді. Анығына келгенде, аталған өсім көліктерін тіркеушілердің қалтасын әжептеуір қағады. Ал, жасалғалы тұрған жеңілдік беру тәртібі олар үшін оңтайлы мүмкіндік болғалы тұр.

Қарағанды облысы полиция де партаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлібек Мейрамовтың айтуынша, осы күнге дейін ХҚКО­-дан көліктерін уақытша тіркеуге қатысты ақпарат алған азаматтар саны – 302. Callорталығы арқылы 141 азаматқа кеңес берілген. Уақытша есепке 13 көлік тіркеліпті. Оның ішінде 10­-ы – Ресей елінен, 2-­і – Беларусьтен және 1­-і – Армениядан жеткізілген.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button