Көлік инфрақұрылымы — ілгерілеу кепілі

Жаһандық сын-қатерлер мен дамудың жаңа үрдісі – еліміздегі көлік жүйесі мен инфрақұрылымын қайта қарастыруды талап еткені аян. Төртінші индустриалдық революция кезеңі экономиканың барлық саласына тың міндеттерді межелеп берді. Бұдан еліміздің көлік жолдары да тыс қалған жоқ. Соның ішінде, автокөлік жолдарының сапасы һәм қауіпсіздігі – ел ішіндегі көлік жүйесін ілгерілетудің бірден-бір тетігі. Бұл саланы дамытпайынша, жаһандану жағдайында мемлекет экономикасын әлемдік жүйеге ықпалдастыру мүмкін емес дейді ғалымдар. Сондықтан, аймақта да көлік жолдарының жай-күйіне баса ден қойылып отыр.

2019 жылы облыста «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 423 шақырым жолға 28 млрд.теңге қарастырылған. Соның ішінде, республикалық маңызы бар 63 шақырым жолға 14,7 млрд. теңге қаражат бөлінген. Ал, 13,2 млрд. теңге жергілікті маңыздағы 363 шақырымға көзделген. Қарағанды-Саран-Шахтинск көлік жолындағы 19 шақырымдық учаскеге күрделі жөндеу жоспарланса, жалпы, орташа жөндеу 19 учаскеде жүргізілуде. Жергілікті маңыздағы бұл жолдардың ұзындығы 300 шақырымды қамтиды. Бұл болса, 60 елді мекенге қатысы бар жолдар.

«ҚазАвтоЖол» ҰК мәлімдеуінше, биылғы жол-құрылыс маусымында қайта жаңғыртумен «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің 569 шақырымы қамтылуда. Атап айтқанда, Теміртау-Қарағанды учаскесі – 15 шақырым, Қарғандының айналма жолы – 48,4 шақырым, Қарағанды-Балқаш – 362,2 шақырым, Балқаш-Бурылбайтал – 143 шақырым.

Қарағанды-Балқаш тас жолын жөндеу туралы келісім былтырғы жылы мамырда жасалғаны мәлім. Мердігер ретінде қазақ-қытай консорциумы танылды. Бұл консорциумның құрамында – «CITIC Construction Co LTD», «КазГерСтрой» ЖШС, «ҚазАвтоЖол» ҰК бар. Аталған тас жол республикалық «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізінің бір бөлігі болып табылады. Автокөлік жолы жүк һәм жеңіл көлік тасымалында маңызды иеленбек. Бұл жолды жаңғырту – сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Оған қоса, көлік легінің қатарын молайтады деп күтілуде.

Сонымен қатар, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қарағанды-Теміртау автокөлік жолының 15 шақырымдық үзігі жөндеуден толық өтіп, мәреге жетеді деп межеленуде.

Ал, Қарағанды-Балқаш жолын 2020 жылы аяқтау жоспарда.

Қарағанды аймағындағы республикалық маңыздағы жолдар желісінің ұзындығы 2785 шақырымды құрайды. 2013-2017 жылдар аралығында 106 шақырым қайта жөнделсе, 91 шақырымға күрделі жөндеу жасалды. Ал, 945 шақырым орташа жөндеуден өтті.

Жалпы, жария етілген деректерге сүйенсек, Қарағанды облысында биылғы жылы түрлі маңыздағы 1000 шақырымға жуық жол жөндеу көруде.

Жол салудағы құрылыстың сапасын жаңа ведомство – Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайтындығы бұған дейін жария етілген еді. Бұл ұйымның мамандары күн сайын учаскелерге барып, материал сынамасын алып, технологиялық нормалардың сақталуын қадағалайды.

Ал, осы жылы облыс орталығында Республика даңғылы мен Тәттімбет көшесін жалғайтын жол құрылысы аяқталуға тиіс. Тағы екі жаңа жолдың құрылысы бастау алды. Олардың бірі айналма, ал екіншісі салынып жатқан көтерме-тарату логистикалық орталығына апаратын жол. Мұның барлығы қала жолдарын жүк көліктерінен босатуға мүмкіндік береді.

Новодолинка-Шахан, ҚарабасЖартас-Долинка және АқтоғайБалқаш жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Су тасқынына қарсы шаралар аясында төрт көпір мен 12 су өткізу құбырын жөндеу жоспарланғанын атап өткен ләзім.

Қызғалдақ АЙТЖАН