«Көкмайса – 2018» – Ұлытаудың ұлылығын ұлықтау

Ұлт ұясы – Ұлытау биылғы жылдың мамыр айының алғашқы онкүндігінде дүбірлі думанға бөленді. Ұлы Дала кіндігінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған Халықаралық «Көкмайса – 2018» Этнофестиваліне жалпы саны 3 мыңға жуық адам қатысып, олардың арасында сыртқы елдерден ат сабылтып келген туристер мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарының өкілдері болды.
Аса кең көлемдегі іргелі іс-шараны Ұлытау ауданының әкімдігі (аудан әкімі – Әнуар ОМАР), “NOMAD EXPLORER” компаниясы (басшысы – Марғұлан СЕЙСЕНБАЕВ) және «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы (директоры – Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ) ұйымдастырды.

Дәстүрлі «Терісаққан көктемі» фестивалінің заңды жалғасы санатындағы этнофестиваль Ұлт бесігінің қазақ тарихында алатын баға жетпес маңызды орнын кең тұрғыда дәріптеу, көне дәуірлерден жеткен тарихи мұра санатындағы ескерткіштерін таныстыру, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың қайталанбас бітім-болмысы мен ұлттық спорт ойындарының тартымдылығын насихаттауды мақсат тұтты.
Алғашқы кезекте түп-тамыры ұлт руха¬ниятының қайнарынан бастау алатын «Көк¬майса» этнофестивалінің өзекті міндеті Қазақстан аумағына шетелдерден келетін туристер мен ел азаматтарын Ұлытаудың шежірелі тарихы мен құнды ескерткіш-жәдігерлерін қызықтауға тарту арқылы келешекте туризм саласын дамыту ұстанымы болғанын атап өткен жөн. Соған орай, тағылымы терең іс-шара барысында өңірдің ауасы мен суының, тұма табиғатының адам ағзасына таптырмас дәру екендігі әспеттелді. Сырт келбеті келісті, ішкі безендірілуі кез келген кірпияз жанның көңіліне шуақ ұялататын ең¬селі киіз үйлерде меймандос пейілмен жайылған көл-көсір дастарқан жайлау төсінде өрген төрт түліктің еті мен сүтінен өндірілетін табиғи тағам түрлерінің аса құнарлы екендігін айғақтады. Этнофестивальде сонымен қатар, аудан тұрғындарын туризмнің ерекшеліктері мен оған қатысты талаптарды жете зерделеп, меңгеруге бейімдеу, өз кәсібін ұйымдастырып, жүргізуге қабілетті іскер азаматтарды туризм саласындағы кәсіппен шұғылдануға бағыттау жайына да басты меженің бірі ретінде айрықша көңіл бөлінді.

***
Алыс аумақтардан жеткен меймандар алғашқы күні «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы әзірлеген «Ұлытау — Мауреннахр» атты көрмені тамашалап, тарих тылсымына бойлады. Сол күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алатын «Туған жер» жобасы аясындағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР ИСЕСКО және ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комитетінің ұстанымы негізінде «Ұлытау» қорық-мұражайы ұйымдастырған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау: халықаралық тәжірибе және келешек» атты ғылыми, білім беру, сондай-ақ, танымдық сипаттағы семинар жұмысына қатысты. Оның барысында Ташкент мәдениет және өнер мемлекеттік институтының профессоры Уразалы Ташматов (Өзбекстан), ақпарат және мәдениет ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Дилшод Рахимов (Тәжікстан), «Қырғыз фольклор қоғамы» ҚБ директоры Әсел Исаева (Қырғызстан), туризм саласындағы білікті маман, материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің мүшесі Бақытхан Оразымбетова және осы саладағы басқа да танымал тұлғалар күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты тамырынан тарта ой толғады. Талқылаулар түйінінде семинарға қатысушылардың болашақтағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық әрекеттері жайлы тұжырымдар түзіліп, Ұлытау өңірінің тарихи мен тарихи жәдігерлері туризмді түлетудің берік негізі болуға лайықты деген мазмұндағы ортақ мәміле тағы бір мәрте жасалды.

***
«Көкмайса» этнофестивалінің ресми ашылу салтанаты Ұлытау тауының етегіндегі «Айбас дарасы» аталған биік жотаның іргесіндегі алқапта доғалана тігілген ақшаңқан киіз үйлер ауылында өткізілді. Барша қауымға арнаған ыстық ықыласты лебізінде аудан әкімі, ҚР Мәдениет қайраткері Әнуар Омар өзіне тән шешендік үрдісімен тәлімді сөздер легін төкпелетті. Ол «азуын айға білеп, найзасын бұлтқа тіреп» жүрген данагөй һәм баһадүр бабалардың өнегелі ғұрпын өз жұртымыздың жадында жаңғыртып қана қоймай, өзге елдердің де санасына сіңіретін кезең келгенін атап өтті. Ерекше бітімдегі этнофестивальдің ұлт рухын ояту мақсатымен ұйымдастырылып отырғанына назар аударды. Аудан басшысының ұтқыр сөзін “NOMAD EXPLORER” компаниясының басшысы, саналы ғұмырында бірыңғай өрелі істер атқарып, елінің өркендеуі жолында тынымсыз тер төгіп жүрген ұлт ұланы, кәсіпкер-меценат Марғұлан Сейсенбаев ұтымды жалғастырды. Қайраткерлігі қарымды азамат Ұлытау төрінде өткізіліп отырған этнофестивальдің ресми мазмұннан мейлінше ада халықтық болмыстағы шара екендігін тілге тиек етті. Туристер қауымын Ұлытау өңіріне жиірек ат шалдыруға үндеп, жергілікті халықты осы саланың қыр-сырына қанығып, істі ұйымдастыру тетіктерін жетік меңгеруге шақырды. Ұлы Дала Ұлытауының қойнауында қатпарлы тарих шежіресі тұнып жатқанын мейірлене мәлімдеді. Сонымен қатар, мағыналы жиынға қатысушыларды есімі елге етене мәлім қоғам қайраткері Мұрат Әбенов пен Алматыдағы Халық¬аралық бизнес академиясының президенті, ғалым Асылбек Қожахметов құттықтады. Аудан әкімі Әнуар Омар «Көкмайса» этнофестивалін ұйымдастыру жұмыстары кезінде дәрменді әрекет етіп, Ұлытаудың ұлағатын ұлықтауға жан-тәнімен ықыласты болған тұлғаларға Алғыс хаттар табыс етті.
Салтанатты рәсімге қатысушылар қатарынан Жәния Әубәкірова бастаған қазақстандық өнер және мәдениет майталмандары да бой көрсетті.
Көне күндердегі ел басынан өткен тарихи оқиғалар легінің жалқы бір сәті С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театры әртістері әзірлеген «Кетбұқа» спектаклінің үзінді көрінісімен елес берді. Сол арқылы абыз Кетбұқаның ел іргесіне Шыңғыс ханның қалың әскері төніп келгенде парасатты шешім қабылдап, елді қанқұйлы жағдайдан құтқарып қалу үшін батыл әрекетке бас тіге отырып барғаны хақында нанымды баяндалды.
Көрермен бард әншілер – алматылық Еркін Жағаев пен «Қазақтың сары тентегі» атанған ақын, әнші-сазгер Қуаныш Мақсұтов және басқалары орындаған тартымды туындыларды қызыға тыңдады. Концерттік бағдарламадағы Ұлытаудан сыртқары аймақтардан келген көне ұлттық аспаптарда орындаушылардың өнері мен жергілікті «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінің құлақ құрышын қандырған күйлері де ел көңілін одан әрі көтеруге дәнекерлік етті.

***
Ұлттық ойындар өткізілген алаңдағы дода дүбірі арнасынан асып жатты. Бабалардан қалған бәсекенің бірі «Қатын күресті» тамашалаушылар қарасы да тым қалың болды. Бұл жолы шалғайдағы Маңғыстау облысынан, қасиетті Қарқаралыдан келген балуандар мен Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі балуандар күш сынасты. Нәтижесінде бас жүлде белдескеннің бәрін қирата жеңген Сандуғаш Қасымғалиеваға (Ұлытау ауданы, Сарлық ауылы) бұйырды. Екінші орын жүлдесіне Қарлығаш Ахметова (Қарқаралы ауданы, Қарағайлы кенті) қол жеткізсе, Шынар Тілеубергенова (Аманкелді батыр атындағы ауыл) үшінші орынға табан тіреді.
Бура санды, сом білекті жігіттер сынға түскен «Аударыспақ» ойынында Егінді ауылының атпал азаматы Ернар Қазыбаевтың бағы жанып, мерейі өсті. Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген Азамат Дәніғұлов екінші орынды еншіледі. Олжас Жақияновқа (Ұлытау селосы) үшінші орын жүлдесі бұйырды.
Киіз үйлерге іргелес тартылған желі басындағы жылқы үйірінен шу асауларға алыстан арқан лақтырып бұғалық салу әдісі елден тысқары аумақтардан келген қонақтарды айрықша тәнті етті. Мұндай ғажайыпқа өмірінде бірінші рет куә болып тұрған туристер әлгі асауларды жігіттер ауыздықсыз-жүгенсіз мініп, бас білдіру кезінде шегін тарта таң қалулары аса әсерлі болды. Дәл осы сәтте олардың қазақ халқының ептілігі мен жүректілігіне деген сүйіспеншілігі еш бүкпесіз аңғарылды.
Мешкейлер сайысында жігіттердің әр¬қайсысы бір-бір табақ майлы етті 10 минут уақыт аралығында жеп тауысуға тиісті болды. Қорытындысында «Ең мешкей адам» атағын жезқазғандық Бекзат Жармағамбетов жеңіп алды. Одан сәл ғана қалыс түскен ұлытаулық Жасұлан Елеусізов екінші орынды иеленді. Ал, үшінші орынның жүлдесі Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Болысбек Кенжеевтің қанжығасына бөктерілді.
Белгілі уақыт мөлшерінде қымыз ішуден бәсекеге түсуге талпынғандар қатарында жігіттерден бөлек қыз-келіншектер де болды. Оларға құнарлы сусынды сіміру үшін екі минуттік мүмкіндік берілді. Бірінші орынды кесімді уақыт ішінде 4,5 литр қымыз ішкен Алмас Бимағамбетов «жұлып» алды. Екінші орында — Қаракеңгір ауылының үміткері Жылкелді Әбдіхамит, үшінші орында – Аманкелді атындағы ауылдың өкілі Қанат Әбдіров.
Тартымды түзілген бағдарламалар аясында шетелдік туристер М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы шеберлерінің Сақ дәуіріндегі жабайы аңдарды бейнелеу үлгісімен зергерлік бұйымдарды жасау үдерісін тамсана тамашалады.
Кененбай көлінде өткізілген «Балықшылар жарысы» да бағалы бастама ретінде қабылданды.

***
Бақандай бес күнге созылған этнофестиваль аясында Ұлытауға алыс-жақыннан жиналған әлеумет тарихи орындарды да армансыз аралау мүмкіндігін иеленді. Алашахан, Жошыхан, Домбауыл кесенелері, Әулиетау, Едіге шыңы, Ақсақ Темірден қалған «Алтыншоқы», Хан ордасы және басқа да жәдігер-ескерткіштер өңірдің тарихын тереңірек таразылауға ниетті болған қауымның, әсіресе, басқа мемлекеттер мен Қазақстанның әр түпкірінен жеткен туристердің қызығушылығын оятты.
Сөз орайы келгенде этнофестиваль кезінде тігілген жалпы саны 50-ге жуық киіз үйден бөлек, тау шатқалдары мен аңғарларына дем алушылардың өз күштерімен орнатылған көшпелі қоныс-палаткалардың да көп болғанын айта кету ләзім.
Бітім-болмысы мақтан етуге тұрарлықтай іс-шаруаның соңғы күні көш-керуен Шеңбер селолық округінің орталығы Қорғасын ауылын бетке алды. Онда туристер тым сирек кездесетін нысан – Мақат сағанасымен танысып, дала көкжалы Кейкі мергенге пана болған тау үңгірін тамашалады. Тұяқты тұлпарлар сайыстары – тай жарысын, құнандар бәсекесін, аламан бәйгені қызықтады. Қазақ күресін дәріптеген балуандар белдесулерін қызықтады.
***
Қысқаша түйіндесек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы «Туған жер» жобасы аясындағы этнофестиваль нақты нәтижелер берді деуге толыққанды негіз бар. Ең бастысы, Ұлытаудың ұлт тарихында алатын айрықша мәртебесі кең тұрғыда насихатталды. Киелі өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын жетілдіруге, осы бағытта жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлердің қызметін нақты жарнамалауға, ауқымын кеңейтуге даңғыл жол ашылды. Адамдардың дербес түйсігі мен жалпы қоғамдық сананы Ұлытаудың ұлылығын лайықты дәрежеде қадірлей білуге бейімдеу шарттылығы белгілі бір деңгейде орнықты орындалды.

Ахат Құрмансейітов.
ҰЛЫТАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.