Көңілге көктем сыйлаған

Балқаш қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жан шуағы» фестивалі өтті. Өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келген шара барысында өнерпаздар жиналған жұртшылыққа өнерлерін паш етті.

Әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Ең бастысы, өнерпаздардың жасына шектеу қойылған жоқ. Шара аясында кішентай жеткіншектермен егде жастағы жерлестеріміз де өнер көрсетті. Николай Гариполгы, Елена Матаева, Мария Шкуркина, Айгерім Аймұханова, Олег Тимофеев, Айгүл Ахметова, Маралбек Өмірұзақов, Наталия Новикова, Камила Саржанова, Айсель Аңсаған, Арина Амировалардың өнеріне көрермендер тәнті болды. Сонымен қатар, Балқаш қалалық мәдени-сауық орталығының әншілері Аманжол Шаймерден, Айдана Өміржан, Индира Балкеева, Ерқанат Сәдуақасовтар ән шырқады. Мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі шығармашылық салада өздерінің мүмкіндігін сынап көрді. Атап айтқанда, олардың қолынан шыққан туындылар М.Хамзин атындағы мәдениет сарайына көрмеге қойылды. Онда түрлі бағытта бейнеленген суреттер мен арнайы материалдардан жасалған картиналар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, түрлі бұйымдар, әрленген кестелер, моншақпен түрлі тастардан дайындалған әшекейлер талайды тамсандырды.

«Жан шуағы» атты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фестивальге демеушілік жасаған жеке кәсіпкер Ғабит Жақыповтың айтуынша, игі шараға қатысушылардың шығармашылық қабілеттері, әлеуметтік белсенділігі дамып, арта түседі.

– Фестиваль көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл шара алғашқы жылдары конкурс ретінде өтетін. Өздері жарымжан жандарды жаутаңдатпай фестиваль ретінде өткізіп тұруға ұсыныс жасадым. Ұйымдастырушылар бұл ұсынысты құп алып, сол үрдіспен жалғасын тауып келеді. Мұндай жандарға көмек көрсету азаматтық асыл парызым деп ойлаймын. Осы жолы отыздан астам қатысушыға сыйлық ұсындым. Мұндай шара мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен бір сүйеу болары сөзсіз, – дейді Ғабит Жақыпов.

Айта кету керек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фестиваль Балқаш қаласында 14 жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Шара соңында қатысушылардың барлығына диплом және бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.