Мәселе

Көгілдір отынды көп күтеміз бе?

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын жақсартуға мүмкіндік беретін газдандыру жұмысы қалай жүзеге асуда? Жылыту маусымында ысталуға шақ қалатын Қарағандының көк түтінін көгілдір отын сейілте ме? Кешенді бағдарламаның орындалысы туралы келелі кеңес «Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының Қарағанды филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілдиннің бастамасымен өтті.

Қаланы газбен жабдықтау және тұрғын үйлерді қосу мәселелері талқыға түскен жиынға депутаттар, облыстық табиғи монополияларды реттеу комитеті, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының, қалалық құрылыс бөлімінің, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің өкілдері қатысты.

– Тұрғын үйлерді жылытуды көгілдір отынға ауыстыру белсенді түрде жүзеге асуда. Бұл – алдымен халықтың қауіпсіздігі, экологиялық жағдайды жақсарту. Халық арасында газға қосылу қымбат деген пікір бар. Қала халқын сапалы көгілдір отынмен қамтамасыз етуде мүмкіндіктер мол. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан пайызсыз несие де қарастырылған. Халыққа газбен қамту жобасының тиімділігін жеткізумен қатар, қолдау шараларын анықтап алу мақсатында осы жиынды ұйымдастырып отырмыз, – деді Ермек Әбілдин.

Қала басындағы жер үйлер күздің қара суығынан көктемнің күні жылынғанша пеш жағады. Осы бір мезгілдерде Қарағанды тұрғындары көк түтінге тұншығады. Онсыз да экологиясы көңіл көншітпейтін қаланың көк түтіннен көз ашпауы тұрғындар наразылығын тудырып, экология жанашырларының назарын аударды. Халық үніне құлақ асатын билік мәселені шешуде оңтайлы шешімін тапты. Өзекті мәселенің түйінін шешу үшін бюджеттен 65 млрд. теңге қаражат қарастырып, бес жылға жоспарланған кешенді бағдарлама – тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз етуді қолға алды. Бірнеше кезеңнен тұратын жобаның бүгінде екеуі толығымен жүзеге асса, үшіншісі қыркүйек айында аяқталмақ. Нәтижесінде І-ІІ кезең бойынша 4 мың үй көгілдір отынмен қамтылды. ІІІ кезең бойынша 2 мың тұрғын үйді алдағы уақытта газбен жабдықтау жоспарланып отыр.

– 2019 жылы басталған жоба төрт кезек, 16 іске қосу кешенінен тұрады. Кешенді жобаны жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрады. Және газға қосылу осы кезеңдер арқылы кезегімен жүзеге асып отыр. Алдағы уақытта барлық аудандарды қамтиды. Мәселен, Михайловканы газға қосқаннан кейін Күнгей, Майқұдық және Сұрыптау іске қосылады, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар легі де көп болды. Атап айтқанда, ЖБИ елді мекеніне газ тарту мәселесі, газ құбырларының сапасы, бағдарламаның баяу жүзеге асырылуының себептері, қандай мердігер компаниялармен жұмыс жасап жатқандықтары, әлеуметтік осал топ өкілдері санатына деген жеңілдіктер төңірегінде сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар да қайтарылды.

Жалпы, қала тұрғындарының газбен қамтамасыз етуге деген көзқарасы дұрыс. Дегенмен, белсенділік баяу. Негізгі мәселе, қаражаттың тапшылығы екендігін алдыға тартады. Кей жағдайларда жер үйлердегі жылыту құбырлары жүйесіндегі қателіктер, жер үйлердің басым бөлігінде жалғызбасты қарт адамдардың тұруы секілді түйткілді мәселелер де бар.

– Бұл бағдарлама шеңберінде бес жылға пайызсыз несие беру қарастырылып отыр. Бір миллионға дейін соманы мақұлдауға болады. Келген тұтынушының құжаттарымен қатар, несие тарихының кейінгі үш айын басты назарға аламыз. Газбен жабдықтау қаражаты бастапқы жылдарға қарағанда бағасы өскен. Себебі, материалдық база күннен-күнге қымбаттауда. Газ құбырын жүргізу, жабдықты орнату, жылыту және су құбырына қосылу, қазандық сатып алу қомақты қаражатты қажет ететіні шындық, – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы басшысының орынбасары Әлібек Аденов.

Халық арасында газдандырудың тиімділігі мен қолдау шаралары төңірегінде насихат жұмыстарының жүріп жатқандығы туралы тілге тиек еткен «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының өкілі газға қосылуға өтініш беру жолдарын айтып өтті. Яғни, техникалық шарттар өтініш тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тегін беріледі. Оны алу үшін абоненттің жеке куәлігі, кадастрлық анықтама, үйге төлқұжат және жерге мемлекеттік акт қажет.

Газдандыру төңірегінде әлі де жүйелі жұмыстар қажет. Дегенмен, алдыңғы жылдарға қарағанда, биылғы жылы көгілдір отынға қосылуға деген тұрғындардың белсенділігі жоғары.

Жиынға қатысқан «Gas Service» компаниясының өкілі Юрий Александрович газды тарту үлкен жауапкершілік пен сапаны қажет ететіндігін, әрі тиянақты жүзеге асыру қажеттегін баса айтты. Сонымен қатар, техникалық қауіпсіздікке баса назар аудару, тартылған құбыр мен қазандық сапалы болған жағдайда қызмет көрсету мерзімі де ұзақ болмақ. Себебі, кез келген уақытта айырбастай салатын арзан құрылғы емес екендігін алға тартты.

Газдандыру – халыққа қолайлы. Біріншіден – экологиялық ахуал жақсарады, екіншіден – халық денсаулығы, үшіншіден – бағасы тиімді.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button