Білім

«Әйел бейнесі – қоғам бейнесі»

Өмірдің гүлі, көңілдің жыры, отбасының алтын діңгегі – аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет азайған емес. Осы орайда көркем мерекеге көрік берер облыстағы үлгілі нәзік жандыларға көңіл бөлуді ұйғардық. Мерекелік сұхбаттың кейіпкері – білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қарағанды облысының білім беру ісінің Құрметті педагогы, халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері Ғазиза Смағұлова.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Ғазиза ханым, Сіз үшін 8 наурыздың ерекшелігі неде?

– Бұл мереке көктемнің лебін әкеледі. Сондығымен ерекше. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні жаныма сондай жақын. Жылулық, салқындық, жауын, тіпті, қар, махаббат, сыйластық, ізгілік құндылықтары аралысып, осы көктемнен көрініс табады. Қыз-келіншектердің қолдарына алған гүл шоқтары мерекеге көрік береді. Әйелдерді сыйлау бұл күнге қарап қалмаса да, оларды күйбең тіршіліктен арылтып, көңілдерін аулап, жүзіне күлкі сыйлауда тұрған ештеңе жоқ. Әйелдер де дәл осы күні барынша еркелеуі тиіс.

– Кімнен, қандай сыйлық күтесіз?

– Жалпы, ешқашан сыйлықты жоспарлап алмаймын. Сыйлық ол – сыйлық қой. Ал, мерекеге орайластырсақ, ақ раушандар күтемін. Дегенмен, сыйлық алғаннан бұрын, бергенді жаным қалайды. Көбіне әжемнен қалған күміске ұқсас зергерлік бұйымдар көңіліме жақын. Әйел болғандықтан мейрам қарсаңында жақсы көңіл күйде болғанды ұнатамын. Себебі барлық ізгілік, ілтипат бізге арналады. Ер азаматтар көңіл бөліп, құттықтайды.

– Қошеметке жиі бөленесіз. Сізден «бақытты әйелдің образын» байқаймыз…

– «Бақытта әйел образын» бір ұғымның аясына сыйдыру қиын. Материалдық құндылықтың шеңберіне сыймайды. Сан түрлі жағынан алып қарауға болады. Жер бетіндегі нәзік жандылардың бәрі бақытты әйел болуға лайық. Мен өзімді бақытты әйел санаймын. Жақындарына көңіл бөліп, қызметін абыроймен атқарған бақытты әйел санатына жатқызамын. Мүмкін, «бақытты әйел образы» замана көшіне ілесе алған нәзік жандылардан байқалатын шығар. Өзім осындай ортада жүргендіктен, әйел бәріне үлгеруі тиіс деп санаймын. Заман өзгеріп, ақпарат ағыны алға озып жатқан шақта, отырып қалмау керек. Көзі ашық, озық технологиядан хабардар әйел ғана сауатты ұрпақ тәрбиелей алады.

– Сіздің жасыңыз – 70-те, педагогикалық қызметіңізге – 50 жыл. Қазақ әйеліне нәзіктік пен мықтылықты қатар алып жүру қиын емес пе? Мәңгі жас болып жүрудің сыры неде?

– Жастармен бір толқында болуымнан шығар, «жас көрінесіз» дегенді жиі естимін. Адамдарға жиі ренжімеймін, кек сақтамаймын. Көңілшектігім басым. Үлкен, кіші деп бөліп жармаймын. Пешенемізге жазылған нәрсе болады ғой. Сондықтан, қиындық келгенде сабыр етпей жыланып, не жаздым деп шашын жұлғаннан пайда жоқ.

Жалпы, қазақ әйелінің образына келсек, «Әйел адам – гүлмен тең» деген данышпан Абай әйел затының бойындағы нәзіктікті, сезімге ерік бере алатын еркіндікті меңзеген. Нәзік әйелдің бойында әлемге ықпал етер алып күш бар. Өйткені ол – Ана. Өмірге саналы ұрпақ әкеледі. Тәрбие беріп, адам қатарына қосып, қоғамды алға жылжытады.

– Жалпы, Ғазиза есімі араб­тан аударғанда – «күшті, қуат­ты, сирек, бағалы, сүйкімді, қа­дірлі» деген мағынаны білдіреді екен. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» дейді. Сізде шәкірт көп. Қандай ұстаным ұсынасыз?

– Басқалардан пайда көруден бөлек, керісінше, айналаңа қызмет етіп, пайдалы өмір сүріңдер деймін. Адамдық миссиядан айнымау – басты ұстанымға айналуы керек. Қарапайымдылық пен қанағатты қазық етсе, әрқашан құрметтің төрінде жүрері хақ. Абайша айтсақ, «Адамзаттың бәрін бауырым деп» сүйгені өздеріне жақсы ғой.

– Жиындарда Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларын үнемі насихаттап жүресіз. Мақсатыңыз орындалды ма?

– Мен қазағымды жақсы көремін. Тілін, ұлттық дәстүрін насихаттап, биікте ұстап жүретін жастарды жақсы көремін. Жас педагогтер ұлттық мүддеден, құндылықтан ажырамасын деген ниетпен, «Ұлы Абай мұрасының жаңартылған білім мазмұнымен үндестігі» тақырыбында шеберлік сағаттарын өткіздік. Облыста «Өнегелі өмір» жобасын ұйымдастырып, сүбелі сұхбаттар жасадық. Осының бәрі Алаш ұлдары аңсаған қазақылықты насихаттау мақсатын көздеді. Әрине, мақсатқа жеттік.

– Ұрпақ тәрбиесіндегі әйел рөліне тоқталайықшы. Отбасы институтында бәрін әйелге артып қою дұрыс па?

– Әйелге бәрін артып қою дұрыс емес. Әрине, әрбір әйел отбасына көңіл бөлуі тиіс. Бірақ, жұмысты да істеп, үй шаруашылығымен де айналысып, әрқашан жақсы көрініп жүретін жандарды білемін. Әйел үшін қоғамда өзін-өзі тану өте маңызды.

Мәселен, қазіргі таңда 8 наурыздың мазмұны мәнге ие болып, әйелдер өздерінің әлсіз жаратылыс екенін есіне алатын күнге айналып келеді. Бүгінгі таңда әйел адамның қоғамдағы орны ерекшеленіп, ер адам айналысатын кәсіптерге де белсене араласуда. Әйелдер небір кәсіп түрін меңгеріп, мансабын дөңгелетуде. Ақылы мен білімін қатар алып жүрген нәзік жандылар, отбасы институтында кімнің орны қай жерде екенін жақсы біледі деген ойдамын.

– Көп жағдайда қоғам «ақы­лына көркі – сай» әйелге жасал­ған зұлымдыққа көз жұмады. Белгілі бір топ әлеуметтік желіде жария қылмаса, әйелді қорлайтындар көбейгені рас қой?!

– Өкінішке қарай, қоғам тарапынан әйел құқығы қорғалмай тұр. Нәзік әрі әлсіз әйелді кез келген балағаттап, ұрып-соғып кететін жағдайға жетті. Президент балалар мен әйелдерге қатысты Заңға толықтырулар енгізді. Алдағы уақытта әйелдің құқығы қоғам назарында қорғалады деген сенім басым.

– Мерекеге арнау Сізден болсын..?

– Жаныма жақын барша қыз-келіншектерді Аналар мерекесімен құттықтаймын! Бұл күні күйбең тіршіліктен бір уақ демалып, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Барша ер азаматтар әйелдер қауымын құттықтап, қыз-келіншектерге кішіпейілділік көрсетсе екен. Әр әулеттің ұйытқысы, қамқоршысы, шырағы болған аналар, қыз-келіншектердің көңілін көтеріп, жақсылық тілейік.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button