Руханият

«Әй, қап» пен азаттық

Алаш Алаш болғалы «әй, қап!» деп өкінген кезі аз ба? Жеке бастың шетін мұң-мұқтажы емес, әсіресе елдік, ұлттық көлемдегі «қап, әттеген-айлары» көбін ХІХ ғасырдың ортан белінен былай түйсіне бастады қазақ. Әуелі Абай болып оянды. Тамам қазақты тіршіліктің сәулесіне шығаруға Абайдың ақыл қуаты жеткенімен, дүйім қазақта дара хакім жалғыз еді. Өзі айтпақшы, «алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім (сүйенер жоқ), жалғыз-жарым болмаса андасанда». Одан кейін отаршылдықпен күрес жолына 1911 жылдың қаңтарында «Айқап» журналы келді. Шығарушысы – Алаштың босағадағы басын төрге шығармаққа ұмтылған қоғам қайраткері, ақын, публицист Мұхамеджан Сералин – Абай айтқан жалғыз-жарым қазақтың бірегейі.

Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары – біз азаттықтың баласымыз десек, Алашқа Алланың берген сыйы азаттық осы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің белбаласы болуы әбден мүмкін. Өйткені, ол заманда найза мен қылыштың дәуірі өтіп, сана мен рух күресі жүріп жатты дүниеде. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болған» (С.Торайғыров) қазақ зиялыларының үні елге әуелі «Айқап» журналы арқылы жеткенін ешкім де жоққа шығара алмайды. «Қараңғыны қарғап-сілеп, күндей бергенше, оның бір шетінен шам жағып, жарықтың сәулесін түсіріп қойған әлдеқайда сауапты, анағұрлым артығырақ» демей ме даналар? Міржақып Дулатовтың «Оян, Қазағынан» кейін Алаш даласындағы қалың елдің санасына сәуле сепкен журналдың рух майданындағы ықпалын адам айтып болмайды-ау. Әдеби, қоғамдық-саяси журналдың алғашқы санында шығарушы әрі редакторы Мұхамеджан Сералиннің өзі айтады: «Біз бір-бірімізді үнемі… кінәлап жүрдік… Басымыз қосылмады. …Біздің қазақтың неше жерден «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды» – деп.

Бүгінгідей журнал шығарып, мал табу емес. Қазақтың қапы кеткен жерлерінің орнын толтыру. Осындай ұлы мұратты діттеген басылым қазақ арасына кеңінен таралды. Онысы Ташкент, Верный, Шымкент, Әулиеата, Орал, Қостанай, Торғай, Ақтөбе, Маңғыстау, Бөкей Ордасы, Омбы, Қапал, Семей, Аягөз, Қарқаралы жерлерінен хабарлар шығып тұрғанынан көрінеді. Алаш азаттығының бір әкесі деуіміздің сыры сонда.

Қазақ даласындағы барлық журналдардың атасы «Айқап» тек елдік мұратты мақсұт тұтты. ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қай-қайсы болсын «Айқапқа» жазып тұрды. Және олардың арасында қазақ өміріне қатысты әртүрлі мәселелерге байланысты қызу талқылаулар мен полемикалар жүріп жатты. Алғашқы санының өзінде Ахмет Байтұрсынның «Қазақ өкпесі» атты мақаласы арқылы жер мәселесін өткір көтерді. Қазақ зиялылары арасында пікірталас та жерге байланысты туып отырды. Сонда көтерілген тақырыптардың күні бүгінге дейін өзектілігін жоймағанын көріп, тіпті, қайран қаласыз. Басылымды Қазақ тәуелсіздігімен байланыстыра беретініміз, сондықтан болса керек.

«Бізге не істеу керек?» деген мақаласында Мұхамеджан Сералин мынадай бағдарлама жасапты: «1. Отырықшылыққа көшу, қалалар тұрғызу, жерден қол үзбеу. 2. Мектептер мен медреселер ашу, білімді әрі мәдениетті болу. 3. Дін істерін өз қолына алу, өз мүфтиін сайлау. 4. Мемлекеттік Думаның мінберінен халық мүдделерін қорғау және оларды үкіметке жеткізе алатын депутаттардың болуы. 5. Петербургте тұрақты өкілдік болуы».

Қазақтың бүгінгі өмірінде де бұл тақырыптардың түйіні тарқатылып, егжей-тегжейлі шешіліп кетпегенін көреміз. Қайта бұларға тіл мәселесі қосылып, түйткіл тереңдей түскен. «Біздің үнемі және шаршап-шалдықпай талқылағанымыздан мынадай екі қорытынды жасауға болады: қала сал, жинақы тұр, сонда ғана шағын болса да құнарлы жер үлесіне иелік ете аласың. Мектептер мен медреселер сал, мектептер аш, балаларды оқыт, қол өнерін үйрен, сонда ғана сен халықты құрайтын адам боласың. Әйтпесе, сені жер бетінен жойып жібереді». «Жер бетінен жойып жібереді» дегенге басы артық сөз қосудың жосығы жоқ.

Иә, Троицкідегі «Энергия» баспасынан шыққан «Айқапты» патша үкіметі үнемі бақылауында ұстады. Сөйтсе де, сол кездегі көзі түзу орыс журналистерінің «Айқап», оны шығарушы редакторы Мұхамеджан Сералин туралы жазғандары таң қаларлық әсерлер қалдырады. 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейін шыққан журнал туралы басылымның тұрақты авторы Бейімбет Майлин «қазақтың көзінің ағы – «Айқап» болса, қарасы – «Қазақ» газеті болды» деп бағалаған екен. Бұдан асырып не дей алғандаймыз?

Осыдан он жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Серікқали Бейменше мынадай қызық келтіреді: «Айтпақшы, журналдың бір авторы баяғыда, яғни, 1915 жылы: «Бұл «Айқап» кішкене болса да ілгері кете қалса, келер заманда қазақ тарихында бәлки ең бас жолға жазылар. Бәлки қазақ халқы келешекте «Айқаптың» елу жылдық һәм жүз жылдық юбилей тойын да жасар. Сол тойдың арқасында әлдеқандай пайдалы істер де қылар…» деп жазған екен. Шіркін-ай десеңізші, «Айқап» журналына қатысты «әлдеқандай пайдалы істер» қылуды қазақтың келер ұрпағына бұдан 96 жыл бұрын аманаттаған сол бір автор қандай көреген еді?!».

«Айқап», міне, осындай! Өзінөзі болжап кеткен журналдың қазақ тарихында бәсі де біршама биік тұруы тиіс. Естуімізше, Челябинск облысындағы Троицк қаласында 5 мыңға жуық қазақ тұрады екен. Кезінде орта жүз қазақтарының орталығы ретінде салынған бекініс – Троицк қаласында да, Қазақ даласында да «Айқапқа» арналған бірде-бір ескерткіш-белгі жоқ көрінеді. Бұл да қазақ қоғамының «әй, қап!» дегізетін тұсы.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button