АймақНұра

Изендіде ілкімді іс

Нұра ауданы – аймақтағы барлық сала бойынша жетістігі мол белсенді өңір. Бұл сөзімізге «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Изенді ауылында салынған жаңа су құбыры дәлел. Шілде айының соңына қарай ауыл тұрғындары үйдегі орталықтандырылған су жүйесін пайдаланады. Жақында мұнда тұрғындар сұраған заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы және жолдарды асфальттау жұмысы да басталмақ.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Дерекке сүйенсек, шамамен 20 жыл бойы Изенді ауылының тұрғындары суды су мұнарасынан алып келген. Бұл – қиынның қиыны. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға. Мәселен, 10 баласы бар Айгүл Әбілдинованың отбасына екі күнге 400 литр су қажет екен.

– Алайда, жаздың күндері 400 литр де жетпейді. Сондықтан, үнемдеу­ге тура келеді. Көкөніс, гүлдер егуді, тіпті, ойламаймын. Былтыр су құбыры салына бастағанда, тұрғындар қатты қуанған. Отбасымыз көпбалалы болғандықтан құбырларды үйге тегін қостық. Елдің қамын ойлап, осындай жағдай жасап беріп жатқан Үкіметімізге мың алғыс айтамыз. Өте қуаныштымыз, – дейді Айгүл Әбілдинова.

Қазір ауылда 11 шақырымнан астам құбыр төселіп, желілер абоненттердің үйіне жеткізілген. Ұңғымалар мен резервуарларды, сорғы жабдықтарын және электр беру желілерін монтаждау жұмысы да аяқталды.

– Изендіде 600-ден астам адам тұрады. Бұл – 150 абонент. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың үйіне құбырларды тегін тартуға көмектестік. Шілде айының соңына дейін су құбыры іске қосылады, – деп атап өтті Изенді ауылының әкімі Айдос Ағзамов.

Енді жақын арада су өткізгіш құбырлары төселген соң 7 шақырым жол асфальтталады.

Бұдан бөлек, тұрғындар ФАП құрылысының басталуын да асыға күтуде. Ол ескі медициналық пункттің орнына пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, гүлзар­ды абаттандыру аяқталып, жарық­тандыру тіректері, орындықтар, ур­налар орнатылды, төсеніштер тө­селген. Аумағы да қоршалыпты.

Нұра ауданындағы 37 ауылдың 27-сі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Желілердің тозуы 60 пайыз. Мәселе біртіндеп шешімін табуда. Өткен жылы Ақтөбе һәм Нығман ауылдарында суды тазарту модульдері орнатылған. Енді бұл кешендер Аққолқа мен Бестамаққа орнатылады.

Ал, Балықтыкөл мен Жараспай ауылдарында су құбыры желілері мен тұщыландырғыш құрылғыларды қайта жаңарту басталып та кетті. Құланөтпесте де су құбыры желілерін салу жоспарланған. Қантайда желілер салу үшін ЖСҚ әзірленгенін атап өткен жөн.

Өз тілшімізден.
Нұра ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button