Ресми

Іздеген жанға жұмыс табылады

Үш жылда облыстағы агроөнеркәсіп кешенінде 1,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Тартылатын инвестиция көлемі – 50,1 млрд. теңге. Бұл туралы инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулында келтірілген мәліметтен білдік.

Ақпан айында Үкіметте Агро­өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының өзектендірілген жобасы қаралған еді. Кеңесте құжаттың алдағы жылдардағы болжамды жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістердің, бизнес өкілдері мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріле отырып әзірленгені айтылды.

Тұжырымдама агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін екі есеге арттыруды, экспортты үш есеге ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, құжатқа сәйкес, 2030 жылға дейін ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызға жетуі шарт. Бұл мақсатта ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін орта есеппен 2,5 есеге арттыру жоспарлануда.

Отандық өнім экспортының көлемін арттыру бағытында шет елге өнім жеткізушілер тізімін кеңейту жұмысы жүргізіледі. Бұл жұмыстар экспортты 9,9 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығының барлық саласында құны 4,5 трлн. теңге болатын 1,7 мыңнан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда тұр.
Былтыр облыста 31 жоба мәресіне жетті. Бұл жобалар құны 19,4 млрд. теңгені құрайды. 502 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Тізіп көрсек, май зауыты заманауи технологиямен жабдықталды. Мұнда 3,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйылды.

Ұн және кондитер өнімдерін шығаратын зауыт тұрғызылды. Зауыт құрылысына 1,2 млрд. теңге жұмсалды. Қазір бұл зауыт тәулігіне 40 тоннаға дейін өнім береді.
Майлы дақылдарға арналған қойма бой көтерді. Сыйымдылығы – 7 мың тонна. Жоба құны – 628 млн. теңге.

Қазіргі уақытта картоп және көкөніс сақтайтын екі қойманың қабырғасы қалануда. Аталған нысандар биыл ашылады деп күтілуде.

Өзге бизнес жобалар бойынша құжаттар әзірлену үстінде. Мәселен, келесі жылы қойды сойып, етін әлемдік стандартқа сай дайындайтын цех іске қосылады. Кәсіпорынға 26,5 млрд. теңге қаржы тартылады.

Бірнеше жылыжай кешені қолданысқа берілмек. Құны 10,3 млрд. теңге болатын бір жылыжай қияр мен қызанаққа арналса, 2,1 млрд. теңгеге тұрғызылатын жылыжайда бүлдірген өсіріледі. Алғашқысы келесі жылы жұмысын бастайды. Ал, соңғысы 2025 жылы жемісін бермек. Қос жылыжай ашылғанда 65 адамды жұмыспен қамтиды.

Келесі жылдың жоспарында ұн комбинаты мен сүт фабрикасының құрылысы тұр. Ұн өндірісіне 600 млн. теңге қажет. Ал, сүтті барынша өңдеп, түрлі өнім беретін өндірісті жолға қою үшін 500 млн. теңге қарастырылуда. Қос нысанда 75 адам еңбек ететін болады.

Суармалы жерлер де назардан тыс қалмайды. Алқаптарды ұлғайту бойынша төрт жоба қолға алынуда. Бұл жобалардың жалпы құны 6,6 млрд. теңгені құрайды. Және 1,8 млрд. теңгеге тағы бір картоп қоймасы салынбақ. Сөйтіп, үш жылда мың жарым адам агроөнеркәсіп саласындағы инвестицияның игілігін көрмек. Яғни, іздеген жанға жұмыс көбейеді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button