Шахтинск

Қиял құдіреті

Кез келген істі, кәсіби әрі шығармашылықпен атқарып қана қоймай, жаныңның бір бөлшегін берер болсаң, қолдан шыққан әр дүниенің өнер туындысына айналып жүре беретіні бар. Мейлі, ол дүние ағаш болсын, темір болсын, көргенде көзді қуантып, жаныңды жадыратып сала береді, тіпті, мәңгілік десе де болады. Сондай туындылар Шахтинск қаласындағы технологиялық колледжде дәнекерлеуші мамандығына оқитын студенттерінің қолынан шыққан.

Елімізде білім беру реформаларының жалпы мақсаты – аталған жүйені жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білім берудің негізгі міндеті еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті маман даярлау.

Бүгінгі таңда осы сала мамандарының даярлық деңгейіне, жұмыс барысында туындайтын түрлі мәселелерді өздігінен шеше алу қабілетіне ерекше ден қойылады. Әсіресе, өндіріс саласына эстетикалық талғамы жоғары мамандар қажет-ақ. Себебі, технология заманы да адамнан соны талап етеді. Экономикалық өзгерістер мен ғылыми-техникалық прогреске әкелетін практикалық және теориялық міндеттердің барлық кешенін атқара алатын маман ғана сұранысқа ие.

Бұл жерде айтпағымыз, қазіргі уақытта сұранысқа ие дәнекерлеу ісі жайлы болмақ. Шахтинск технологиялық колледжінде студенттерге осы мамандықтың қыр-сырын үйретіп жүрген педагогтар Е.Бедарева мен Е.Беляева осы жерде күн сайын талантты әрі шығармашыл балалармен жұмыс жасайтындарын айтады.

Өзім шығармашыл адаммын. Қолымнан шыққан түрлі сәндік бұйымдар сұранысқа ие. Сондықтан, студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту идеясы жайдан-жай пайда болған жоқ. Жұмысты ұйымдастыру кезінде мен педагог ретінде әр баланың жеке қабілетін байқауға назар аударамын. Осы арқылы дәнекерлеуші жай ғана мамандық емес, өнер иесі екенін жеткізуге тырысамын. Сонда ғана оның қолынан әр кез әсем дүниелер шығады. Ең бастысы – аталған жұмысқа кететін шығын да аз. Студенттеріміздің әсем ойын темір арқылы көрсетіп, жасаған дүниелері үшін мақтаныш сезімімен жүздерінің бал-бұл жанғанын көру педагог үшін үлкен мәртебе, – дейді Елена Бедарева.

Шахтинск технологиялық колледжінде түрлі мамандықтарға оқытып қана қоймай, педагогтар студенттердің жеке қабілетін анықтап, ерекше қасиеті мен дағдысын дамытады. Осылайша, балаларға практикалық сабақтарда дәнекерлеу дағдыларын үйрете отырып, металдан сәндік бұйымдар жасалады. Әсіресе, студенттер арасында темірден раушан гүлін жасау ерекше қызығушылық тудырған.

«Дәнекерлеу шығармашылықты талап етеді. Ісін кәсіби түрде ғана емес, шығармашылықпен атқаратын маманның қолынан шыққан дүниелер ғана көптің көңілін қуантып, бірнеше ондаған жыл адамзатқа қызмет етеді. Дәнекерлеушінің мүмкіндігі көп, ал, ол процесті басқаратын – адам» дейді колледж ұстаздары.

Сабақтарымыз қызықты әрі тартымды өтеді. Ұстаздарымыз біздің шығармашылық қабілетімізді дамытып, шеберлігімізді шыңдайды. Сол арқылы түрлі бұйымдар жасап, ойымызды жүзеге асырамыз. Мысалы, мен іске жарамайтын түрлі арматурадан велосипед жасадым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Нәтижесі де көңілге қонымды болды, – дейді колледж студенті Глеб Коновалов.

Салтанат ІЛИЯШ.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button