Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Иван КАРАБАНОВ

Иван Андреевич Карабанов 1925 жылы Пенза облысының Чемодановка селосында дүниеге келді. Балалық, жастық шағы Қарағанды қаласында өтті. Жетіжылдық білім алды. ФЗО мектебінде оқыды. Еңбек жолын №33/34 шахтада проходкашы болып бастады.

1943 жылы армия қатарына алынды. Иван Андреевич атқыштар бөлімінде, одан соң Троицк мектебінде оқуын тәмамдады. Оқу уақыты аз болғанымен дайындық өз дәрежесінде өтті.

1943 жылы Ленинград түбіндегі авиация дивизиясыньң №999 авиаполкіне әуе атқышы болып, ИЛ-2 штурмовигінде Иван Максимович Деркачпен бірге ұшты. Жас та алғыр екі Иван талай рет өмір мен өлім арасында болды.

Әуеге алғаш көтерілгенде-ақ екеуі де мерт бола жаздады. Деркач пен Карабанов Нарва ауданының төңірегінде жау бекіністерін атқылап, талқандай бастаған-тын. Осы соғыста жау қарсылығын үдете түсті, ақыры ИЛ-2-ге оқ тиіп, жерге құлдырады. Самолет батпаққа құлап, экипаждың аман қалуына себеп болды. Орманға жетіп, бой тасалады, өз полкіне қосылды. Осы жолы И.Карабанов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Иван Андреевич Эстония, Финляндия жерлерінде, Хийумаа және Саарема аралдарында соғысты. 102 рет аспанға көтеріліп, аман-сау оралды. Оның қызығын да, қатерін де бастан өткізді.

– 1945 жылдың қысында қонуға келген, атылмаған бомбалары қалған ИЛ-2-нің бір жақ дөңгелегі ашылмай қалды. Әупіріммен әзерәзер тоқтағанда, аман қалуымыз – мыңдаған кездейсоқ жағдайдың бірі еді, – деп еске алады Иван Карабанов.

Кенигсбергте, теңіз үстіндегі шайқаста фашистер олардың ұшағын атып түсірді. Бірақ, командир мен атқыш парашютпен секіріп аман қалды.

Даница неміс бекінісін атқылаған ИЛдерге қарсы немістің «Мессершмиттері» шыққан болатын. Осы айқаста И.Карабанов өзіне жақындап қалған жау қырғиын дәл көздеп, атып түсірді.

Ерлігі үшін Иван Андреевич 1944 жылы III дәрежелі «Даңқ» орденімен, 1945 жылы ақпанда II дәрежелі «Даңқ» орденімен және 1945 жылы маусым айында I дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды.

Одан басқа I дәрежелі «Отан соғысы», Қызыл Жұлдыз ордендері және көптеген медальдармен наградталған. Иван Андреевич соғыс біткен соң да әскери қызметін жалғастырды. Тек, 1957 жылы босап Қарағандыға келді. Алғашқы жылдары жол-құрылыс мекемесінде, одан соң облыстық тұтынушылар одағында жүргізуші болып 1985 жылға дейін жұмыс жасап, зейнет демалысына шықты. 1979 жылы Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағын алды.

Басқа материалдар

Back to top button