Спорт

Испандықтар үйіне қайтты

Әлем чемпионатының 1/8 финалында Испания құрамасы жеңілді. Хорватиялықтар жапондарды пенальтиде қапы қалдырды. Биылғы дода біз ойлағаннан да тартысты өтіп, күтпеген оқиғалар да тіркелді. Қысқасы, болжам – бос қалып, күдік – кері шықты. Не десек те чемпионаттың бітуіне шамалы уақыт қалыпты. Алда – 1/4 финал.

Хорватия және Бразилия

Жапония мен Хорватия құрамалары арасындағы тартыс – пенальти сериясына дейін созылды. Жапондардың ойыны шираған. Шабуылы да жүйеленіп, шабуылшылары бар мүмкіндікті қалт жібермеуде. Биыл олар бар күшін салып, 1/8 финалға шықты. Алайда, хорватиялықтар олардың жолын кесті.

Жапония сапынан 43-ші минутта шабуылшы Дайзен Маэда гол салып, есепте алға шыққан еді. 55-ші минутта қарсыластары есепті теңестірді. Гол авторы – Иван Перешич. Хорватия футболшылары финал көрген, тәжірибесі мол. Гол салдырып алып, лезде өздері де гол салатын әдет – хорватиялықтарға тән. Бұл жолы да осы әдіспен жапондарды орап кетті.

Хорватиялықтар – тең ойынға да, пенальти сериясына да үйренген. «Не жеңіс, не тең ойын» ұстанымын берік ұстанған команда. 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Дания құрамасымен, 1/4 финалда орыстармен тең ойнап, пенальти сериясы бойынша жеңген. Тіпті, 1/2 финалда ағылшындармен қосымша уақытқа дейін ойнап, жеңіп кеткен.

Жапония құрамасы сапынан пенальтиді алғашқы болып орындаған Такуми Минамино қақпашы Унаи Симоннан айласын асыра алмады. Бұл ойыншыға артылған жүк те, сенім де – ауыр. Футболшы бойындағы үрейді жеңе алмады ма, қайдам, соққысын қақпаға дарыта алмады. Бұдан кейін командаластары Каору Митома, Мая Йосида да пенальтиді сәтсіз орындады. 1:3 есебімен пенальти сериясы хорватиялықтардың пайдасына шешілді.

Бразилия мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы кездесу 4:1 есебімен бразилиялықтардың пайдасына шешілді. Жалпы, Бразилия құрамасы жайында не айтуға болады? Ойын басталысымен қарсылас команданың шабуыл шебін қиындықсыз бұзып, шабуылшыларын алаң ортасынан әрі асырмады. Алғашқы тайм құдды бір көше ойыны іспетті өтті. Қатарынан төрт гол салды да жайбарақат жүрді.

Кореялықтар бұл чемпионатта жаман өнер көрсеткен жоқ. Топтық кезеңнен шығуы үшін Португалия құрамасын жеңіп, уругвайлықтармен тең ойнады. Олар 1/8 финалға шыққанда жұрт әу баста осы жерден елге қайтатынын айтып қойған еді. Болжам – шынға айналды. Десе де, кореялықтар үшін бұл көрсеткіш – үлкен жетістік. 2018 жылы топтан да оза алмай қалып еді…

1/4 финалда Бразилия мен Хорватия құрамалары кездеседі. Шабуылы жойқын бразилиялықтар жеңе ме, әлде қорғанысы мықты хорватиялықтар ма? Ойынды күтейік…

Марокко және Португалия

Марокко мен Испания құрамалары арасындағы кездесу пенальти сериясына жалғасты. Соңында Марокко құрамасы испаниялықтардан айласын асырды. Мұндай ойын боларын ешкім күткен жоқ. Жұрттың бәрі испаниялықтардың жеңісіне бәс тікті. Алайда, олар сенімді ақтамады. Испания – топтан әупірімдеп озған құраманың бірі. Олай дейтінім, немістермен ұпай санымен теңессе де, гол айырмашылығымен алға шыққан. Алғашқы кездесуде Коста-Рика құрамасына жеті гол салып, мүмкіндік алған еді. Егер бұл жеті гол болмағанда испаниялықтар топтан озбайтын да еді. Сүйретіліп озса да 1/8 финалдан әрі аса алмай қалды.

Испаниямен 90 минут бойы тең ойнау – Марокко құрамасы үшін керемет жетістік. Ал, пенальти сериясында бір емес үш соққыны қайтару – асқан қуаныш. Марокколық қақпашы Боно – жарады.

Ал, португалиялықтар – бабында. Бұл жолы олар Швейцария құрамасын 6:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Португалиялықтар алғашы минуттан бастап, шабуылды үдетті. Нәтижесінде екі голды алғашқы таймда салды. Бұдан кейін олардың шабуылына қарсы төтеп беру – оңай болмады.

Десе де, екінші таймда допқа иелік етуде швейцариялықтар алдына жан салмады. Тек 58-минутта гол салу мүмкіндігі туып, сол мүмкіндікті мүлт жібермеді. 2018 жылы Швейцария құрамасы 1/8 финалда шведтерден жеңіліп, елге қайтып еді. Бұл жолы португалиялықтарға қарсы тұра алмады. Не десе де топтық кезеңнен мүдірмей өткен оларға – құрмет! 1/4 финалда Марокко құрамасы португалиялықтарға қарсы ойнайды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button