Басты тақырып

Өңірде өрлеу бар

   Сәрсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ жұмыс сапарымен Бұқар жырау ауданына барды. Сапар барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалысына назар аударды.

Алдымен Асылбек Жексенбайұлы «Караганда осетра» ЖШС-не ат басын тіреді.

Шаруашылық бағалы балық тұқымдарын өсірумен айналысады. Жылына 45 тонна бекіре тұқымдас балық өндіреді. Аталған кәсіпорынның өнімдеріне ел аумағынан бөлек, шет мемлекеттердегі тұтынушылар қызығушылық білдіруде.

Бұдан кейін бірінші орынбасардың сапары Үштөбе ауылындағы «Тритон» ЖШС-де жалғасты.

Серіктестік шатыр материалдарын, шатыр және қасбеттік жақтау тақтайларын, су жүйесі жабындарын дайындауға маманданған. Сондай-ақ, компания өнім түрлерін көбейту және тауар сапасын арттыру бағытында қарқынды жұмыс істеуде.

10 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысын қолға алған «Жаке» шаруа қожалығы – Асылбек Жексенбайұлы арнайы бұрылған келесі нысан болды.

Жобаның негізгі мақсаты – аймақтың ет экспортындағы әлеуетін көтеру. Бүгінде шаруашылықта 3 мың ірі қара сыйып кететін 6 ғимараттың құрылысы тәмамдалды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының жұмыс сапары Жаңаөзен ауылдық округінде түйінделді.

Жаңаөзенде «Дорстрой материалы» АҚ қолдауымен кокс-химиялық өндіріс қалдықтарынан жол битумын әзірлеуге мүмкіндік ашатын технологиялық желіні енгізу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Бұл үшін арнайы өндірістік учаске жабдықталған. Қазіргі таңда учаскеде Орталық Қазақстандағы барлық кәсіпорындардан шығарылатын таскөмір шайырларын жол құрылысына пайдалануға күш салынуда.

Асылбек Дүйсебаев эксперименттік құрылғының жұмысына көңіл бөліп, ғылыми ізденіс жетістіктерімен танысты. Жол жөндеу саласына жауапты органдар басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Сапар қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2017-2019 жылдарға қарастырылған бюджеттің қорғалуы бойынша жиын өткізді. Құзырлы мекемелер басшыларына қаралған мәселелер негізінде орындалуы тиіс жұмыстарды міндеттеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button