Білім

Өңір өнертапқыштары өрден көрінді

Техникалық шығармашылық пен жаңа технологияның VIII ауқымды форумы «RoboLand 2023» мәреге жетті. Биылғы командалық басты жүлде жерлестер еншісінде. Қарағандылықтар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия командалары өнер көрсеткен халықаралық фестивальде көптен ерекшеленді.

Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ

Robоland фестивалі Қарағандыда 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. 2016 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Осы уақытқа дейін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Сербия, Польша, Италия, Греция командалары өнер көрсеткен. Жыл сайын фестивальдің ауқымы кеңейіп, бәсекелестік те артып келеді. Биыл оқушылар робот-тышқан, робот геометриясы және басқарылатын роботтардың фин-футболы, олардың лабиринттен өтуі, робо-сумо және биатлон, теңге алу, кедергілерден өтуді қоса алғанда 16 әсерлі аталым бойынша жарысты.

Биылғы жылдың ерекшелігі – жасөспірімдермен қатар жарысқа педагогтердің де қатысуы. Сондай-ақ мұғалімдердің Robоland Kazakhstan санатында өз шеберліктерін көрсетуі де ескерілді. Бұл талап сондай-ақ қадағалаусыз қалмай, оқушы мен мұғалімге қолдау білдіру мақсатын көздеген. Еліміздің көптеген қаласынан келген мұғалімдер сайысқа сақадай сай болып келіпті. Қазақстанның барлық облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларынан қатысушылар легі көп болды.

Өскеменнен жетекшісімен келген Шыңғыс Мұхамедхановтың «Робот Валли реттеуші» жобасы мектептен қайтқан балаларға арналған.  

– Валли кеш батқанда жарық жағып, көлікті тоқтатады. Егер көлік қатты келе жатса, ал бала жолдан өтіп бара жатса Валли дереу жолға шығып, жарық жағады. Ол көліктің келе жатқанын алыстан сезеді. Жол-көлік апатынан сақтайды, – дейді Шыңғыс. 

Сондай-ақ, Павлодар қаласынан келген «Сатурн» робототехника мектебінің 2-сынып оқушысы «Болашақтың мектебін» ойлап тауыпты.

– Біздің мектеп мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Олар сабаққа лифтімен көтерілу арқылы бара алады, – дейді 2-сынып оқушысы Қайсар Қайыржанов.

Финалдық сайыста 6 елден келген 300-ден астам команда бақ сынады. Жас өрендер роботтар арқылы түрлі ойын түрлерін көрсетті. Мәселен RoboLand-2023 көрмесіне Бішкектен келген 18 жастағы Ринат Советканов «жеті жылдан астам робототехникамен айналысып келемін, өнертабысқа деген сүйіспеншілікті оятып, соңында бағдарламалау және 3D модельдеу жобаларына қатыстым» дейді. «Лабиринт» аталымының қатысушылары 15 жасар Масут Мадоминов пен 16 жастағы Тимур Тынчеров те жастайынан робототехникамен айналысқан. Ал, Ринат фестивальге 2018 -2022 жылдары келіп, шығармашылық сайыста командасымен екінші орынды иеленген.

RoboLand-2023 көрмесіне келген шетелдік қонақтар қатарында Португалиядағы Минхо университетінің өкілі, профессор Фернандо Рибейро да бар. Профессор Қазақстанға алғаш сапарының Қарағандыдан басталғанын жоғары бағалайды.

–Жас қатысушылардың робототехникаға құмар болуы – маңызды әрі әсерлі. Олар жас болғанымен, не қалайтындарын біліп, соған қуанатыны жақсы. Осындай фестивальдар арқылы өскелең ұрпаққа көңіл бөлінеді. Өйткені, олар –біздің болашағымыз. Басқа елдерде техникалық саланың қалай дамып жатқаны мені үнемі қызықтырады. Біз елімізде осы бағыттағы білім беру жобаларына балаларды қызықтыруға тырысамыз. Қазіргі таңда RoboParty ұйымдастырудамыз, – дейді Фернандо Рибейро.

Әрине, финалға қатысу үшін іріктеу жарыстарында жеңіске жету немесе біліктілік іріктеуінен өту маңызды. Іріктеудің Қарағанды облысының аудандары мен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау және Қостанай облыстарында, Ресейдің Серов қаласында өткізілгенін атап өткен жөн. Іріктеу жарыстарына 1100 -ден астам команданы қатысты. Фестиваль күні дәстүрлі іскерлік бағдарламаға әлемнің түрлі елдерінің спикерлері қатысты. «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі білім беру робототехникасын дамыту жолдарына» үңілген мамандар информатика және STEM-білім беруді дамытудың маңызды мәселелерін талқылады. Жарыстың бас төрешісі,  халықаралық спорттық және білім беру робототехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильев «Леонардо да Винчи картиналармен қатар, тікұшақтың прототиптерін және басқа да техникалық өнертабыстарды жасады. Бұл да – шығармашылық. Ол тек әдемі технологияны ғана емес, оңтайлы жұмыс істейтін ұтымды технологияны жасауға бағытталды», – деп атап өтті.

–Төрешілер тобына 2016 жылы келдім. Ұйымдастырушылар бастапқыда RoboLand-ке көбірек жас қатысушыларды тартуды көздеді. Осылайша олардың техникалық шығармашылықта өзін көрсетуге көбірек мүмкіндіктері болды. Ең ірі фестивальдер 2019 жылы өте бастады, содан кейін ғана алдын ала іріктеу кезеңдері ұйымдастырылды, – деп бөлісті жарыстың бас төрешісі Максим Васильев.

Сөйтіп «RoboLand 2023» халықаралық фестиваліндегі жалпы командалық есепте ​​облыс командасы тағы да жеңіске жетті. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы жеңіп алса, Маңғыстау облысының оқушылары үшінші орынды місе тұтты.

Атап айтсақ, соңғы сайыста «Дарын» мектебінің «Нақты әлемдегі STEM технологиялар» мен «Ақпараттық технологиялар» мектебінің «Роботтарман шоуы» үздік танылды. Шахтинск қаласындағы Оқушылар сарайының  «Робогеометрия (2-деңгей)» жобасы Р.Қошқарбаев атындағы орта мектеп (Нұра ауданы) оқушыларының «Су роботтарының лабиринті» ерекше көзге түсті. №12 негізгі мектеп пен (Осакаров ауданы) №20 мектеп-лицейінің  (Теміртау қаласы) «3D прототипі (2-деңгей)» жобалары да озық үлгілер қатарынан көрінді.

Барлық жеңімпаздарға лауреат дипломдары, мерейтойлық медальдар және AITAS қазақстандық холдингінен жаңа заманауи смартфондар табысталды.

Аяулым СОВЕТ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button