Теміртау

Инвестиция құюға мүдделі

    «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Болат департаментінің 2017-2019 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғауда 23 экологиялық жобасы бар. Бұл жобалардың құны – 18,5 млрд. теңге. Нақтырақ айтқанда, ауаны қорғауда 7 жоба, су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалануда 3 жоба, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын ұқсатуда 4 шара.

Сондай-ақ, жер ресурстарын қорғау, радиациялық, биологиялық және химиялық қауіпсіздік бойынша ғылыми-зерттеу, іздестіру мен басқа әзірлемелер және іс-шараларды жүзеге асыру көзделуде. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды. Таратылған мәліметтерге жүгінсек, жоспарланған екі жоба – кокс-химия өндірісінің тазарту құрылыстарын қалпына келтіру жаңа химия цехының құрылысы және күл жинақтаушы бөгет тірегін нығайту – кәсіпорын үшін де, Теміртау қаласы үшін де маңызды болмақ.

Кокс-химия өндірісінің жаңа химия цехын салумен бірге тазарту құрылыстарын қайта құру жобасы қазіргі таңда келісім-шарт сатысында. Бір жылдың ішінде жобалау аяқталып, содан кейін компания құрылыс жұмыстарына кірісетін көрінеді. Жобаның жалпы құны – шамамен 15 млрд. теңге. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде тазарту цехы құрылыстарына ағатын су сапасы жақсарады. Кәсіпорынның санитарлық-қорғаныс аймағының шекарасындағы күкіртті сутек қалдықтары 30% азайып, атмосфера жақсарады деп күтілуде.

Қолданыстағы бөгет тірегін нығайту және күл жинақтауышын 5 метрге дейін көтеру жөніндегі жоба қалдықтарды жинақтауыш көлемін 18 млн. текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жобаны іске асыру өндіріс қалдықтарын жоюға, яғни, үйінділердің пайда болмауына ықпал етеді. Сонымен қатар, бөгетті бекіту үшін 4 млн. тонна домна қалдықтары қолданылады екен. Бұл – әлеуметтік жоба.

Галина ДРОЗДОВА, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ экология бойынша директоры:

Біз қоршаған ортаны қорғау мәселесіне баса назар аударамыз. Қаладағы экологиялық жағдайға қаншалықты әсер ететінімізді түсінеміз. Металлургиялық өндіріс зиянды қалдықтармен, жоғары температурамен, химиялық процестермен байланысты. Бұл, сөз жоқ, қоршаған ортаға залалын тигізеді. Бірақ, біз жыл сайын экологиялық шараларды орындап отырмыз. Олар үнемі бақылауда. Мақсатымыз – мейлінше қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту.

Компанияның экологиялық жоба шығындары 59 млрд. теңгеден асқан. Осындай жобалар нәтижесінде өндірістен шығатын шаңның үлесі 70% төмендеді. Ластаушы заттар 30% кеміген. Тек соңғы жылдары домна цехында, әктас күйдіру цехында, кокс химия өндірісіндегі және конвертер цехында экологиялық бағыттағы бірқатар ірі жобалар іске асырылғанын айтады баспасөз қызметі.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button