Руханият

Имамдар форумы: ОРАМДЫ ОЙ, ҚУАТТЫ ҚҰЖАТ…

   Күні кеше Елордамыз Астана қаласының «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ислам және өркениет» деген тақырыппен ІІ республикалық имамдар форумы өтті.

Оған еліміздің 500-ден астам имам­дары мен теолог мамандары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Форум аясында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің басшылыққа алуымен уақыт талабына сай қос құжат қабылданды. Адамды имандылық пен ізгілікке тәрбиелейтін дініміз Исламды заманауи бағытта жетілдіре түсетін құжаттар «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасы мен «Ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» ұстанымы аталмыш форумда кеңінен түсіндірілді. Бүгінгі таңда имамдарға деген талап, міндет түбірімен өзгеріп келеді. Діни жетекшілердің білімі, ақыл-парасаты, ой-өрісі, халықпен тіл табыса жұмыс істеуі, іскерлігі, жат ағымдағылармен көркем мәміле орнатуы, мұсылман қауымының өзара береке мен бірлігін қамтамасыз етуі сынды қажетті қасиеттеріне назар аударылуда. Бұл да өз кезегінде біздің қоғам алдындағы жауапкершілігімізді арттырып, жаңаша ізденістерге, тиімді тәсілдерге жетелейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қос құжатта көрсеткен қағидаларды халық арасында кеңінен насихаттап, діни басқарманың алға қойған игі мақсатын орындап, дінімізді мемлекетіміздің рухани тіректерінің біріне айналдыру, қоғамды имандылыққа, тазалыққа шақыру, Қазақстанның әлем қауымдастығындағы беделі мен абыройын арттыру секілді қызметін және діни істер реформасын әрі қарай өркениетті жолмен жалғастыра беру біз үшін үлкен міндет және абырой. Жуырда ғана Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жайында тағы да ауқымды бағытты ел назарына ұсынды. Бәріміз таныс болғандай, осы жолдаған бағытында елдің әлеуеті мен рухани тұтастығын көтеретін, бірігу жолы мен білім ғылым жайында тың тақырыптар қамтылған. Елбасымыз басым бағыттарын айта келе: «Осының бəрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», – деген болатын.

Иә, қазіргі кезде қисынсыз сын ай­тып, жетістігімізді жете бағаламау үр­діске айналмауы тиіс. Ұлтым деген әрбір азамат әлемдік жаһанданудың құрбаны болмас үшін ана тілін, төл дінін, ділі мен болмысын көзінің қарашығындай сақтауға бар күш жігерін жұмсауы керек.

Кешегі өткен форумда Елбасымыз айтқандай, рухани жаңару мен даму те­тіктері қарастырылып, сөз жүзінде насихатпен шектелмей, іс жүзінде ізгі іс-шаралар атқаруға пәрмен берді. Ке­зінде қазақ халқымызды рухани тоқыраудан сақтап қалған ханафи мәз­һабы мен ұлтымызға тән ата-бабамыз салған сара жолмен алға жүретін кез келді. Бұл жолда өркениет биігіне қадам басқан халқымыздың діни таным түсінігі мен дәстүрі сабақтасып даму үрдісін жалғастыра беретіндігіне сеніміміз кәміл.

 Өмірзақ БЕКҚОЖА, 

ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі

бойынша өкіл имамы, Қарағанды облыстық мешітінің бас имамы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button