АймақБалқаш

Ілкімді істе іркіліс жоқ

Қазіргі таңда қала орталы­ғында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады, көз сүйсіндіреді. Бүгінде қаладағы әлеуметтік нысандарға абаттандыру жұмыстарын айтпағанда халық санының өскеніне байланысты тұрғын үйге деген сұраныс артқан. Соңғы 10-15 жылдың ішінде қаланың шығыс бөлігі едәуір ұлғайып, тұтастай бір шағынаудан пайда болды. Бұл аудан бұдан да әрі ұлғая бермек.

Суреттер автордан

Жиырмаға тарта үйлер салынып, пайдалануға берілді. Осыдан кейін үй кезегінде тұрғандардың көпшілігі баспаналы болып, жаңа пәтерлерге қоныс­танды.

Қазіргі таңда шағынауданда тағы да көпқабатты бес үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл қандай үйлер? Осы сұрақтың жауабын Балқаш қаласының құрылыс бөлімі басшысы Саятбек Мусиннен сұрап білдік.

– Биыл құрылыс бөлімінің басшылығымен бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың ішінде, өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты бес тұрғын үйдің құрылысы бар. Тарқатып айтар болсақ, олардың екеуі – арендалық, яғни, жалға берілетін, ал, үшеуі – кредиттік, несиеге алуға болатын тұрғын үй.

10-шы шағынаудандағы арендалық екі үйдің – №7 және №8 бес қабатты үйлердің құрылысы 2023 жылдың наурыз айында басталған. Құрылысты салып жатқан мердігер – «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС. №7 үй кірпішпен қаланып, төбесі жабылып бітті. Қазір ішкі сылақ-әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыстың келісілген жалпы сомасы – 787 млн. 677 мың теңге. Биылғы жылдың соңында – желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.

№8 бес қабатты үйдің ауданы да тура осындай. Құрылыстың келісілген жалпы құны 787 млн. 603 мың теңге. Үйдің қабырғалары тұрғызылып бітіп қалды, қазір бесінші қабатты қалау жұмысы жүріп жатыр. Мұнда да пайдаланылған материал – кірпіш. Мердігер ұйым – «МСК-Строй» Корпорациясы» ЖШС. Бұл үйді де биыл желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр, – дейді Саятбек Мусин.

Оның айтуынша, кредитке алуға болатын 45 пәтерлі №9, №10 және №11 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы былтыр маусым айында басталған. №9 және №10 үйлердің мердігері – «ГрадСтройСервис» ЖШС. Екі үйдің де екінші қабаты кірпішпен толық қаланып, көтеріліп бітті. Әрқайсысының жалпы ауданы – 4018 шаршы метр, тұруға арналған ауданы – 2025 шаршы метр. Екеуі де 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі керек.

Ал, №11 үйдің мердігері – «МСК-Строй» Корпорациясы» ЖШС. Қазіргі таңда үйдің үшінші қабаты кірпішпен түгел қаланып бітті. Үйдің жалпы ауданы – 4036 шаршы метр, тұрғынжай алаңы – 2592 шаршы метр. Биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

Сондай-ақ, осы шағынауданда ин­женерлік-коммуникациялық инфра­құрылым құрылыстарын салу қолға алынды. Бүгінгі күні №15 және №11 көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізіліп жатыр. Құрылыстың жалпы келісілген сомасы – 193 млн. 424 мың теңге. Жұмысты «Энергохолдинг LTD» ЖШС жүргізуде. Биыл пайдалануға беру жоспарлануда.

– Салынуы тиіс келесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары №7, №8, №9 және №10 көпқабатты тұрғын үйлердікі. Жалпы, келісілген құны 528 млн. 289 мың болатын құрылыс жұмыстарын мердігер ұйым – «УниверсалСтройСервис» ЖШС жүргізбек. Жұмыстар осы айда басталады. Тұрғын үй құрылыстарындағы жұмыстардың уақытында жүргізілмей жатқаны қаржыландырудың кешеуілдеуінен болып отыр, – дейді Саят­бек Кәрімұлы.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button