Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Ғибратты ғұмыр иесі

Думан ҚАБЫЛ,

Ortalyq Qazaqstan                                      

Бүкіл жер жаhанды дүрліктірген сұрапыл соғыстың біткеніне де міне, 75-жылдың жүзі болды. Ұлы Отан соғысында қанқұйлы жаумен шайқасқандардың қатарында ақтоғайлық, марқұм Қапас Жайсаңбаев та бар.

Кешегі соғысқа қатысқан көкөрім бала, көгенкөз жас бүгінде, сақал-шашы ағарған қартқа айналды. Сол соғыс сойқанының көзі тірі куәгерлері біртіндеп, қатары селдіреп, өмірдің көш керуенін артқа тастап азайып барады. Бұл өтпелі өмірдің көшпелі заңдылығы. Бір күндік тіршіліктің, бір сәттік өмірдің қадірін біліп, ұрпақтарына бейбіт өмірді аманат етіп, Ұлы Жеңіс мерекесіне жетпей қаншама әкелеріміз майдан даласында мерт болды. Отан үшін от кешіп батыр атанып, омырауына алтын жұлдыз қадап, атақ-даңқы шықпаса да, сол жандардың әрбірінің төккен қаны, көрген бейнеті, шеккен азабы үшін де, тіпті, жаңбырдай жауған оқтың астынан аман-есен оралуларының өзі үлкен батырлық, үлкен ерлік біз үшін.

Міне, сондай Отанын жаудан қорғап, жаужүрек жауынгер атанған ардақты майдангер, елге сыйлы ақсақал-дардың бірі, саналы ғұмырын ауданның ауыл шаруашылық саласын өркендетуге сарп етіп, өмірден өткен Қапас Жайсаңбаев еді. Бүгінгі мақаламызда сол атамызды еске алып, кейінгі ұрпаққа өнеге етпек ниетте қалам тербеген жайымыз бар.

Қапас Жайсаңбаев 1904 жылы Қоңырат ауданы Үшөзек ауылында (Сарытерек) дүниеге келген. 1932 жылғы халық басына түскен ашаршылық зұлматын, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннің зардабын өз көзімен көріп өскен. Ел енді есін жинап, еңбекке араласып, халық шаруашылығын дұрыс жолға қойып, жастар оқу іздеп, білім алуға бет бұра бастаған тұста 1941 жылы фашистік Германия тұтқиылдан соғыс ашып, барша Кеңес халқы қолына қару алып, ер етігімен су кешкен күн туған еді.

Қапас атамыз да 1943 жылы Совет Армиясының қатарына алынады. Екі ай әскери дайындықтан өткен соң майданға аттанады. Соғыс жолын Украинаның Ровна қаласын азат етуден бастайды. Кезекті осындай бір ұрыста ауыр жараланып, ұрыс даласында естүссіз жатқан жауынгерді, біздің әскерлер тауып алып, госпитальге жеткізеді. Сонымен Қ.Жайсаңбаев 1944 жылы соғысты аяқтап, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралады.

Соғыстан алған ауыр жарақаты толық жазыла қоймаса да жауынгер атамыз елге келген соң өзі сұранып, ортаның жұмысына білек сыбанып, белсене араласып кетеді. Көп жылдар бойы мал дәрігері болып жемісті еңбек етті. Тың игеру жылдары өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуына бір кісідей үлес қосты. Қапас Жайсаңбаев майдандағы ерлігі үшін «За отвагу», тағы да басқа Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Өткен күннің белгісіндей болған бұл наградалар бүгінде мұра болып ұрпақтарының төрінде тұр.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралған кейіпкеріміз отбасын құрды, өркен жайды. Өмірлік жары Мүпиза екеуі он үш баланы дүниеге әкеп, тәрбиелеп өсірді. Ұлағатты ұрпақ өргізіп, ақ еділ көңіл, мейірбан жүрегімен, берекелі дастарханымен өрісін кеңге жайған Қапас ақсақал 1967 жылы 63 жасында өмірден өтті. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп дана халқымыз айтпақшы әке тағлымы, ана тәлімінен ғибрат алып өскен балалары бүгінде ордалы отбасына айналып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр.

Иә, ұрпағына баянды болашақ сыйлаған, осынау ардагерлеріміздің өмірі бізге үлгі-өнеге болмақ, қазіргі жарқын болашағымыз үшін оларға қарыздармыз.

Ақтоғай ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button