Руханият

Ғибратты кеш

   Қазақ тілін білу арқылы біздер өнер мен білімнің, мәдениет пен ғылымның биігіне жетіп, халқымыздың өткен-кеткенін зерделеп, оны халыққа таныта аламыз. Өз тілімізді құрметтеу арқылы басқа тілді де үйреніп, мәдениетін қадірлейміз. Сол себепті, Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қарағанды қалалық №6 жалпы білім беретін орта мектептің гуманитарлық-қоғамдық бірлестігі онкүндік өткізді.

Онкүндік барысында мектебіміздің тіл мамандары түрлі шаралар, зияткерлік ойындар ұйымдастырды. Қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, мемлекеттік тілдің тұғырына қонуына атсалысып жүрген тіл жанашырларымен кездесіп, ой бөлісу, мектеп оқушыларына үлгі ету мақсатында қазақ тілі мұғалімдері және облыстық «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік тірегі – тіл» тақырыбындағы сыр-сұхбат кешінің оқушыларға тәрбиелік мәні зор болды.

Кеште ҚР оқу ісінің үздігі, ардагер ұстаз – Күліш Төлеуханқызы оқушыларға бар рухани байлық кітапта екендігін айта келіп, арқаның атақты ақыны, жазушы С.Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» поэмасынан үзінді оқып, мектеп оқушыларын қоңыр үнімен тамсандырды.

Кеш соңында мектептің ата-анасы Амангелді Аманбаев сөз алып, сыр-сұхбаттың жас ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесі, алған әсері туралы айтып өтті. Мектеп директоры Шану Канторбаева тіл жанашырларына алғысын білдіріп, алдағы уақытта осындай кештердің жалғасын табатынына сенім білдірді. Кеш соңын Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Нұрбол Темірғалиев «Қазақ тілі» әнімен аяқтады.

Ардақ ТІЛЕГЕН,

6 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button