«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер»

Театр – күллі адамзаттың бетперде арқылы бейнесін көрсететін киелі орда. Бүгінгі әлемге төнген алпауыт қасірет театр өнеріне өз кесірін тигізді ме? Театр актерлерінен бөлек, режиссураға зардабы келді ме? Мемлекеттік маңызы бар өнер ошақтарының жұмысы белгілі, тыста қалған облыстық өнер қара шаңырақтарының жай-күйі не болып жатыр? Осы сұрақтар аясында ой өрбітетін боламыз.

Карантин. Санитарлық талап. Шектеулі орын. Бетперде. Бұл еліміздегі қазіргі болып жатқан жағдай. Карантиндік талаптардың күші бәсеңдегенімен, толық тоқтатылмады. Әлеуметтік желі мен ғаламтор жүйесі дамыған заманда «онлайн формат» деген ұғым пайда болды. Түрлі платформалар іске қосылып, ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет, өнер және тағы да басқа көптеген сала қашықтан жұмыс істеуге дағдыланды. Әңгіме – «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп Ғабит Мүсірепов атамыз теңеу жасаған «театр» жайында.

Саралы сахнаның сүйікті көрермендері мен жанашырлары төтенше жағдай кезінде мөлдір өнерге көгілдір экран арқылы қарауға мәжбүр болғаны барлығына аян. Әрине, әсер партерден немесе балконнан қарағандай ерекше болмайды. Тек бір ракурстан түсірген камераның сапасы да көңілге қона қоймайды. Амал нешік, театрсүйер қауым оған мойынсұнуға мәжбүр болды. Көптен күткен театрлардың жаңа маусымдағы шымылдығы түрілді. Қазан айының басынан бастап, жарыса көрермендерімен қауышқан өнер ордалары бірнеше пьесаны сахналады. Әсіресе, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай қойылған спектакльдер легі әрбір театрдың көркемдік қоржынын көбейтті десек, артық айтпаймыз. Отыз екі апталық үзілістен кейінгі кейбір режиссердің өздігінен ізденгенін байқаймыз. Ал, актерлер қауымы сахнаны жатырқап қалғанын театрлық маусымның ашылғанынан аңғарғанымыз өтірік емес.

Қойылымның сапасы қоюшыға байланысты екенін бәрімізде білеміз. Драматург өмірге алып келген шығармамен «ауырып», соның аражігін анықтап, талдап, талқылап және өзінің жан-дүниесімен байланыстырса, режиссердің еңбегі еш кетпейтіні белгілі. Ал егер де, туындыға селсоқ қарап, «текке қоямын да кетемін ғой» дейтін қоюшылар көрермен түгілі актерлардың обалына қалады десем, артық айтпағаным. Онымен қоймай дәл сондай режиссерлер ұлы адамдарға арналған портреттік тарихидрамаларды сахналауға кірісетінін айтпай кету мүмкін емес. Іс-әрекетінен гөрі сөз әрекетіне назарын салады. Сөзді көрермен оқып та ала алады. Театрға адамдар қойылым көреміз деп келетінін естен шығармау керек. Театр – тірі өнер, тірі ағза.

Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры 89-маусымын Т.Ибрагимов пен М.Әбілдің «Жас Абай» спектаклімен ашты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязовтың жетекшілігімен сахналанған қойылымның премьерасы төтенше жағдай жарияланбай тұрып өткен болатын. Дана хакімнің жасөспірім кезінен сыр шертетін туындының туы биік болғанымен, көрерменді баурап алар буы жетіңкіремеді.

«Ғұлама Ғұмыр» спектаклі – театрдағы осы маусымдағы алғашқы премьералардың бірі. Қоюшы-режиссері – Қуандық Қасымов. Суретшісі – Қалтөре Жұмақұлов. ӘлФарабидің 1150 жылдығына орай қойылған тарихи драманың авторы – Жолтай Әлмашұлы. Ілім мен білімді ғылыммен ұштастырған ұлы ғұлама жайлы қойылымның негізгі айтар ойы – дін мен философия. Әбу Насырдың жас кезінен бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін суреттелетін қойылымның декорациясын суретші шығыстық архитектура арқылы шешкен. Спектакль негізінен Әбу Насыр әл-Фараби мен Сейф-Манаптың арасындағы психологиялық тартысқа құрылған.

Карантиннен кейінгі жаңа маусымда Б.Киекбаевтың режиссурасымен жаңа бір спектакль театрдың қоржынын еселей түсті. Д.Исабековтың «Алтын тордағы тоты» пьесасының негізінде қойылған «Актриса» драмасы көрерменге ұсынылған болатын. Сахна өнеріне ғұмырын сарп еткен өнер иесінің тағдырын бейнелейтін қойылымның астары тереңде жатыр. Жүрегі тек театр деп соққан халық артисінің сан қилы жағдайлары көпшілікті күрсіндіріп, тәнін түршіктірді.

Сахна – құдіретті орын. Оны мен де, сіз де, басқа да жақсы біледі. Сол киелі мекенді тек шеберлер ғана бағындыру керек. Бойында таланты болмай және тер төгіп еңбек етпеген өнер иесі немесе иелері қанша жерден «даңдайсып» кетсе, ол тек намыстың жоқтығын аңғартады. Әнші бол, актер бол, биші немесе күйші бол, өз салаңның барлық қырларын жетік меңгеруге тиістісің.

Тәңірберген ЕМБЕРГЕНОВ,

театртанушы, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.