Жаңалықтар

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІНЕ СЕП БОЛАР БАҒДАРЛАМА

Елбасының  халықты кәсіпкерлікке тарту арқылы жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты берген тапсырмасына орай биылғы жылдың басынан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» арнайы дайындалғанынан бұқара хабардар. Бағдарламаның аясында жұмыспен қамтудың барлық мүмкіндіктері назарға алынды. Соның ішінде, әлеуметтік жұмыс орындарын  құру да бар.

Бұл орайда, жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен келісім  бойынша жалақысын субсидиялай отырып, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орнын құрады. Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Мұндай жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан бөлек және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындардан тыс құрылады. Әлеуметтік жұмыс орындары ауыр, зиянды және  қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда құрылмайды. Сонымен бірге, әлеуметтік жұмыс орындарының саны шектелмейді және ол уақытша сипатқа ие.

Жезқазған қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының айтуынша,   биылғы жылдың басынан бастап, жұмыспен қамту мәселесімен келгендердің саны 1124  екен.

«Әлеуметтік жұмыс орындарына келсек, республикалық бюджеттен 14 675 мың теңге арнайы бөлініпті. Жергілікті бюджеттен қарастырылған қаржы көлемі – 5374 мың теңге. Аталған  қаржыға 37 тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінгі таңда жоспар 100 пайыз орындалған. Бір адамға қарастырылған субсидия – 24 459 теңге.

Жезқазғанда әлеуметтік жұмыс орындары құрылды. Бұл әлеуметтік жұмыс орындарын құруға «Баян» ЖШС, «Айыртау-Агро» ЖШС, «Грант» ЖК, «Сурапов» ЖК, «Ақ сауыт» ҚБ, «Жезкенконтракт» ЖШС, «Арман» ПИК, «КапЖилСтрой»ЖШС және өзге де кәсіпорындар мен ұйымдар қатысқан. Бұл жұмыс орындарына 52 адам жолдама алыпты. Жоспар бойынша, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша жұмыс 2017 жылдың 4 қаңтарынан 29 желтоқсанына дейін жалғасады.

Осыған орай, әлеуметтік жұмыс орнын құратын жұмыс берушілердің қатысуымен жоспарлы кеңес өткізілді. Онда келісімдегі шарттардың жұмыс берушінің орындауына қатысты барлық мәселелер талқыланды» дейді орталық басшылығы.

Сонымен қатар, мемлекет еңбек қабілетін жоғалтпаған мүгедек жандардың да әлеуметтік жұмыспен қамтылуын назарда ұстайды. Мәселен, биыл «Ақ сауыт» ҚБ-де аталған бағдарламаның әлеуметтік жұмыс орны арқылы 14 адам еңбекке тартылса, оның 7-і мүмкіндігі шектеулі тұрғындар. «Ақсауыт» ұйымының басшысы Абзал Әбжаппаров  осындай сауапты істі атқаруға мұрындық болуда. Бағдарламаға қатысушы Берік Құрманбаев 2016 жылдың желтоқсанында Жезқазған қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш білдірген. Ал, 2017 жылдың қаңтарынан әлеуметтік жұмыс орнына жолданды. Берік Баймұханұлы және өзге де жұмысқа орналасқан жезқазғандықтар мемлекеттік қолдауға дән риза.

«Мемлекеттік қолдауға ризашылық танытамыз. Бұл қолдау, өз кезегінде, материалдық жағдайымызды оңалтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның толыққанды бір мүшесі екенін айқын сезінуде» дейді олар.

Әлеуметтік жұмыс орындарын құруды аймақтың аудандары да қолға алған. Ақтоғай ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығынан әлеуметтік жұмысқа жолдама алғандар ауданның әр саласынан нәпақасын айырмақ. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығының ақпараты бойынша,   биылғы жылдың басынан бастап, жұмыспен қамту мәселесімен келгендер 324  екен. Оның 275-і жұмысқа орналастырылыпты. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 22 адамды жолдау  жоспарланды. Бүгінгі күнге 20 адам жолданды.

Мысалы, «Кәрім» шаруа қожалығы жетекшісі Өміртай Кәрімов өзінің шаруашылығында әлеуметтік жұмыс орнын ашып, жерлесінің жұмысқа орналасуына септігін тигізді. Бүгінде бағдарламаға қатысушы Мұқатай Ынтықбаев бұл шаруа қожалықта еңбек етуде. Еңбегінің өтеуі әлеуметтік жұмыс бойынша келісім аясында өтелері даусыз.

Жерлестерінің әлеуметтік жағдайына немқұрайлы қарамайтын мұндай ауылдың атпал, кәсіпкер азаматтарына жұмыспен қамтылған тұрғындар риясыз ықыластарын білдіріп отыр.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button