Жаңалықтар

Халық таңдауы – отандық өнім

Сенбі күні Қарағандыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өтті. Қала қонақтарының назарына жаңа тауарлар ұсынылды. Тұрғындар тағамдардың дәмін татып қана қоймай, өнімдерді өндірушінің өз бағасына сатып алды.

IMG_0357
Жалпы, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал, 2015 жылдан байқауға жеке кәсіпкерлер де қатыса алатын болды. Конкурс өткізіле бастағаннан осы уақытқа дейін оған 5500 компания қатысқан. Бүгінгі таңда қарағандылық өндірушілер республикалық деңгейде үнемі биіктен көрініп келеді.
Биыл облыстық байқауға қатысуға 87 компания тілек білдірді. Көрмеге келушілер аймағымызда шығарылатын көптеген жаңа тауармен танысты. Өңірлік байқау-көрмеге қатысушы кәсіпкерлер «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауары» аталымдары бойынша сайысты.
Ернар КҮЛПЕЙІСОВ, Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының директоры:
– Кәсіпкерлер палатасы жергілікті өндірушілерді барынша қолдайды, инвесторлармен байланыстырып, жобалардың қаржылануына атсалысады. Ал «Қазақстанның үздік тауары» – осы өндірушілерді тұтынушыларына таныстыратын бірден-бір шара. Байқау арқылы «Қарағандыда жасалған» тауарларды кеңінен жарнамалауды, насихаттауды көздейміз. Уақыт өткен сайын тұтынушылардың да талабы күшейіп келеді. Сондықтан, жергілікті өндірушілер өнімдерінің сапасын арттыруда. Оны тұтынушылардың өздері де біледі.
Биылғы конкурста бірқатар жаңа қатысушылар өз өнімін таныстырды. Олардың бірі – Шахтинскіден келген сұйық май өндіруші «Восток» шаруа қожалығы. Ашылғанына бірнеше жыл болған кәсіпорын табысты қызметін халыққа ұсынды. Сондай-ақ, өңіріміздегі ең тәтті балмұздақты өндіруші «Айза» ЖШС – жаңа өнімдерін таныстырды. Егіндібұлақ ауданынан келген Өмірзақ Көпсаттаров еттен жасалатын жартылай дайындалған өнімін ұсынды. Сонымен қатар, көрмеге келуші қарағандылықтар биыл құтыға құйылған ауызсу тасымалдайтын жас екі компаниямен – AQUALUXE және «Ақ бұлақ» БОВ кәсіпорындарымен танысты. Көрме барысында Шет ауданы, Сәтбаев, Шахтинск, Балқаш және Қарағанды қаласының бірнеше кәсіпорындары жеңіл өнеркәсіп тауарларын ұсынды. Тек қана киім-кешек емес, үй текстилінің алуан түрі және тәтті-дәмді өнімдердің көптеген түрі – торттар, нан, сүт, еттен жасалған дайын өнімдер ұсынды.
Сонымен, «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС – «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымын иеленді. Ал, «Үздік азық-түлік тауары» аталымын облысымыздың қала, аудандарында 250 орталығы бар – «Сарыарқа нан Қарағанды» ЖШС жеңіп алды. Бұдан басқа мемлекеттік мекемелер және бизнес қауымдастықтар аталымдар бойынша марапатқа ие болды.
Сондай-ақ, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымындағы басты марапатқа нарықтағы ең танымал сантехникалық бұйымдарды өндіруші – «Сантехпром» компаниясы лайық деп танылды. 1956 жылдан жұмысын бастаған компания қазіргі уақытта Қазақстанда ғана емес, шетелде кеңінен танымал.
Биылғы сайыста үздік деп танылған 9 кәсіпорын облыс намысын «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі аясында ҚР президенті Н.На­зарбаевтың қатысуымен өтетін республикалық байқауда қорғайды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button