Жаңалықтар

Халық санағы: респонденттер 91 сұраққа жауап берді

«Қазақстанда әркім маңызды!» ұранымен өтетін биылғы санақ өткен жылдардағымен салыстырғанда мүлдем бөлек. Басты ерекшелігі – қазақстандықтар Ұлттық халық санағының сұрақтарына онлайн тәсілмен де жауап бере алады. Яғни, респонденттер кез келген жерде, кез келген уақытта өзі санақтан өтіп қана қоймай, отбасы мүшелері үшін де сауалнама парақшасын толтыра алады. Ал, санақ қорытындысы бойынша азаматтардың жалпы санымен қатар, олардың әлеуметтік жағдайы да анықталады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік саясатты нақтылау үшін пайдаланылады. Осы және өзге де мәліметтер туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Санақтан соң мемлекет қандай деректерге ие болады?

2021 жылғы Ұлттық халық санағы аясында тұрғындардың экономикалық, әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй жағдайларының жай-күйі тәрізді 91 сұрақ қойылады.

Санақ өткізу үшін 91 сұрақ, яғни, негізгі 69 және 22 нақтылаушы сұрақтан тұратын парақтар әзірленді. 8 сұрақ бірге тұратын отбасы мүшелеріне қатысты болса, 11 сұрақ – тұрғын үй жағдайы, 60-ы жеке басына қатысты болады, – дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.

Сондай-ақ, дәстүрлі көрсеткіштермен қатар 2021 жылы жаңа сұрақтар да енгізілген. Олардың қатарында респонденттің дәл санақ өтетін кездегі орналасқан жері, денсаулығындағы ақауына байланысты мүмкіндіктерінің шектелуі, ел аумағында уақытша тұру үшін өзге елден келуі, келу мақсаты тәрізді бірқатар сұрақтар бар. Одан бөлек, COVID-19 бен вакцина, індеттің табыс деңгейіне тигізген әсері туралы сұрақтар жеке блокта қамтылады.

Көші-қон, неке жағдайы, жұмыспен қамтылуы, тілдерді меңгеру дәрежесі, діни ұстанымы туралы сұрақтар да назарда.

Санақ қорытындысы бойынша халықтың саны мен жыныстық жас құрылымын бағалау үшін бастапқы база қалыптастырылып, халықтың түрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат, демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің есептері жүргізіледі.

Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, санақ қорытындысы экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Халық санағы не үшін қажет?

– Кезекті санақты өткізу елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша тұрғындарды ел тұрғындарын сипаттайтын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпаратты кең ауқымда алуға және басқа елдердің, бірінші кезекте ЕАЭО бойынша серіктес елдердің санақтарының деректерімен салыстырмалы деректерді алуға мүмкіндік береді, – дейді Нұрболат Айдапкелов.

Бұл деректер экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты нақтылау үшін пайдаланылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады.

Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша 2021 жылдың желтоқсанында жедел деректер дайындау жоспарлануда. Одан бөлек, 2022-2023 жылдар аралығында қысқаша қорытынды, халық, ұлттық құрам, көші-қон, білім беру, неке және отбасы, үй шаруашылығы, жұмыспен қамту, табыс және өмір сүру көздері және тұрғын үй сипаттамалары тәрізді 10 тақырыптық жинақ әзірлеу жоспарда.

Үшіншіден, санақ қорытындысы экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты анықтау, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құру, сондай-ақ, мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button