Ресми

Халық игілігі жолындағы қызмет

Бүгінде халық қалаулыларына деген сенім – зор. Бұрынғыдай емес, жергілікті биліктің ықпалынан шығып, сайлаушыларының мүддесі үшін жұмыс жасайтын депутаттардың әсер етуімен шешілген талай түйткілді мәселелерді естіп те, көріп те жүрміз. Биыл құрылғанына 30 жыл толатын түрлі деңгейдегі мәслихаттар тұрғындардың мәселелерімен қатар, өзге де өзекті шаруаларды шешуге белсенді атсалысып келеді. Олардың екпінді жұмысының ықпалымен бүгінде қоғам белсенділігі артып, мәслихат депутаттары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, жұртшылық пен билік арасын байланыстырды. Бұның барлығы – осыдан дәл отыз жыл бұрын жасалған қадамның, яғни, мәслихаттарды құру шешімінің нәтижесі. Бүгінде депутаттарсыз мемлекетті елестету әсте мүмкін емес. Себебі, жұртқа жақын болып, өзекті мәселелерді шешу – мәслихат депутаттарының басты міндеті. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында айтылғандай, халық бос сөзден әбден жалықты. Демек, іспен дәлелдейтін кез бұл. Халық мәслихат депутатына сенім артады, ал, депутат болса, сайлаушылардың үддесінен шығуға талпынуы бүгінгі күні қалыпты үдеріске айналған.

1994 жылғы сәуірде мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Осы кезден бастап аталған органның тарихы басталады. Жалпы, «мәслихат» атауын ұсынған Маңғыстау облыстық мәслихатының алғашқы хатшысы – Тергеу Айдарханов. Ол сол кездегі Жоғары Кеңестің төрағасы – Әбіш Кекілбаевтың тапсырмасымен жергілікті депутаттар кеңесінің атауын қалай ұсынғанын айтыпты «МаңғыстауМедиа» ЖШС журналисіне берген сұхбатында.

«…Ойланып отырдым. Ертеде оқыған кітаптарым есіме түсті. Гректердің айналасындағы деректерді еске алдым. Уәде еткендей, екі сағаттан соң Әбіш телефон соқты. «Тергеу, ойландың ба?» деді. Менің ойыма келгені Мәслихат деген атау» дедім. Ол «Тұра тұр, мынауың әдемі атау ғой. Мен ақылдасып көрейін» деді. Жарты сағаттан соң телефон соқты. «11 облыспен хабарластым. Барлығы қос қолдап құптап, Маңғыстаудың ұсынысын қолдаймыз деп отыр. Мен енді қаулы шығаруым керек» деді. Не керек, сол күннен бастап, ұсынысымыз қабыл болып, Маңғыстау облысынан ұсынылған депутаттар кеңесіне мәслихат деген атау пайда болды. Ол еліміз бойынша жалғасын тапты», – деп еске алады Тергеу Айдарханов.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосынов бүгінде жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі символы ретіндегі мәслихаттардың мемлекеттік басқару органдарындағы, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі өте жоғары екенін айтады.

– Мәслихаттар – жергілікті өкілді органдар. Негізі, демократияны дамытамыз десек, мәслихаттардың рөлін арттыру маңызды. Себебі, жергілікті атқарушы орган осы мәслихаттар бекіткен бюджет негізінде жұмыс жасайды. Жергілікті бюджеттен бөлек, республикадан бөлінетін қаржының мақсатты жұмсалуының негізгі қадағалаушысы да – осы мәслихаттар. Сондықтан, олардың қоғам өміріндегі, жалпы, өңіріміздегі белсенділіктері, кәсібиліктері, қоғамдық мәселеде өз ұстанымдарының болуы өте маңызды, – дейді Серікжан Берікбайұлы.

Серікжан Байбосынов мәслихаттар отыз жыл ішінде түрлі кезеңдерді өткергенін айтады. 2022 жылғы «Қаңтар оқиғасына» дейін мәслихаттар, олардың қоғамдағы күрделі мәселелердегі ролі өте бәсең болғанына да тоқталды.

– Бұған дейін мәслихат жұмысына халықтың көңілі толмайтыны былай тұрсын, депутаттарды, тіпті, білмейтін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы жергілікті мәслихаттардың рөлін арттыруға үлкен серпін берді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бір мандатты сайлау жүйесі енгізілгеннен кейін мәслихаттағы бәсекелестік артты. Бүгінде қоғамда белсенділік танытып жүрген азаматтар мәслихаттарға кіріп, халықты мазалап жүрген сұрақтарды қозғауға, түйткілді мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосып келеді, – дейді Серікжан Байбосынов.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес, кез келген мәслихат депутаты сайлаушылардың көкейінен шықпаса, өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік бар. Осындай жаңашылдықтар бүгінгі мәслихаттың белсенді жұмыс істеуіне әсер етуде. «Қоғам ояу болса, халық заңды тұрғыда, саяси тұрғыда белсенді болса, мәслихаттардың белсенділігі артады. Жалпы, мәслихат пен жергілікті атқарушы орган – әкімдіктердің өзара кәсіби тұрғыда бірлесе жұмыс атқаруы өмірдің дамуына бірден-бір серпін беретін тетік екенін де айтады Серікжан Берікбайұлы.

Мәслихаттар құрылғалы бері депутаттар талай ілкімді істерді атқарғанына халықтың өзі куә. «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты», Қазақстанның Құрметті журналисі, 21 жыл аудандық «Қарқаралы» газетінің редакторы болған, бұрынғы Егіндібұлақ ауданының тұңғыш әрі соңғы мәслихат хатшысы, кейіннен алты шақырылым бойы Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты болған, бүгінде құрметті демалыстағы Рымбек Смағұл мәслихат құрылған алғашқы жылдардың өзінде депутаттар талай игі шараға мұрындық болғанын айтады.

– Депутаттық қызметімді адал атқаруға аудандық «Қарқаралы» газетінің редакторы болғаным да сеп болды. Ауылдарды, шаруашылықтарды аралап, депутаттар тыным таппайтын еді. Жер жердегі өзекті мәселелерді жете білуге халыққа етене жақын болғанымыздың да пайдасы бар. Бұл өз кезегінде мәслихат жұмысының ел дамуындағы, оның ішінде өңір дамуындағы қажеттілігін, маңыздылығын айқындап тұрғандай, – дейді Рымбек Смағұл.

Құрметті депутаттың еңбегіне әсіресе Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ өңірі қанық. «Кезінде аудан тараған қиынқыстау кезеңде талан-таражға ұшыраған ауылдардың жай-күйіне ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамаған еді» деп еске алады өзі. Сол кезде ауыл халқының мұң-зарына құлақ асқан аудандық мәслихат депутаттары бастама көтеріп, 15 жыл қатарынан жарықсыз отырған Едірей ауылына қаражат бөлгізуге ықпал еткен. Бұлар – түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының атқарған шаруаларының бір парасы ғана.

Бүгінде депутаттық корпустың құрамы әралуан. Олардың қатарында кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындардың басшылары, көлік және байланыс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым, білім және мәдениет қызметкерлері, кәсіподақ қайраткерлері және тағы басқалары бар. Одан бөлек, мәслихат жанында жұмыс істейтін түрлі комиссиялар тағы бар. Бұл дегеніміз – әр салаға қатысты проблеманы көре білетін, түйсіне алатын мәслихат депутаттарына мақсатты түрде жұмыс жасауға мүмкіндік беретінін көруге болады.

Биыл мәслихаттарға – 30 жыл. Осы уақыт аралығында талай игілікті іске мұрындық болған депутаттардың алғаусыз қызметі мемлекетіміздің саяси-экономикалық өміріндегі маңызы жоғары екені сөзсіз.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button