Жаңалықтар

Халықаралық ынтымақтастықтағы 30 жыл

Биыл еліміздің БҰҰ-ға мүшесі атанғанына – 30 жыл. Дәлірек айтқанда, 1992 жылдың 2 наурызынан бастап, Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі. Халықаралық ұйымға мүше болу жаһандану жағдайында Қазақстанға саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуге және халықаралық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді. Қазақстанның БҰҰ-ға кіруі халқымыздың тәуелсіздік пен бостандыққа деген көп ғасырлық ұмтылысының жемісін білдіреді. Оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін көрсетті. Көпсалалы халықаралық форумның толық мүшесі бола отырып, Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа толыққанды интеграциялану мүмкіндігін иеленді.

Қазақстан БҰҰ мүше болып келе жатқан 30 жылда халықаралық қауымдастыққа интеграцияланып қана қоймай, өз инициативаларын табысты іске асырып келеді.

Еліміз ұсынған Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Азия құрлығындағы мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне арналған платформа болып саналады. 2020 жылы 24 қыркүйекте өткен АӨСШК мүше-елдердің СІМ кездесуінде ұйымның төрағалығы Тәжікстаннан Қазақстанға ауысты. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында АӨШСК шақыру туралы еліміздің ұсынысы өзінің өміршең екендігін көрсетіп келеді.

29 тамыздың Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бекітілуінде Қазақстанның ықпалы зор болды. Себебі, 1996 жылы еліміз ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қол қойып, бейбіт және қарусыз әлем құрудың белді мемлекетіне айналды. Былтыр тамызда өткен БҰҰ БА арнайы сессиясында Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құрудағы ерекше үлесі атап өтілді.

Қазақстан БҰҰ Жарғысы мен халықаралық шарттарында бекітілген құндылықтарды берік сақтайтынын дәлелдеп келеді. Мәселен, 2020 жылы 23 қыркүйекте еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойып, өлім жазасына тыйым салатынын жариялады. Құжат ҚР Парламентінің ратификациясынан кейін күшіне енеді. Құжатқа қол қою – өлім жазасын қолдану аясын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытының жалғасы.

Жалпы, әлем бойынша 168 мемлекет мүше болатын жаһандық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі мол. Бүгінгі таңда әлемде Қазақстан өзінің бітімгерлік саясатымен барлығына белгілі болып отыр. Сириядағы қақтығыс, Орталық Азиядағы тұрақтандыру мәселесін көтеру. Ауғанстан мәселесі, халықаралық Арал қорының 25 жылдығы, Африка елдерінің өзара ауызбіршілігін нығайту, бейбітшілігін арттыру да – Қазақстан ұсынып отырған жұмыстар БҰҰнан қолдау тауып келеді. Еліміз бұдан бөлек Иран мен Палестинадағы жағдайды тұрақтандыру үшін медиаторлық қызметті де өз жауапкершілігіне алды.

Бастысы, Қазақстан өзге мемлекеттің ішкі ахуалына араласып, тұтастығын бұзудан аулақ. Қазақ көшбасшысының ұсыныстары әлемдік қауіпсіздікке айрықша әсер еткені анық. Бұған еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы себеп. Оған қоса, Қазақстан бұл кеңеске төрағалық ету мүмкіндігін иеленіп, жер-жаһандағы жағдайды жақсартуға атсалысып келеді, әлі де жұмысын жалғастыра береді.

БҰҰ-на мүше болу еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Осындай жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылында Қазақстан мен БҰҰ берік серіктестік орнатты. Біздің мемлекет БҰҰ-ның 100-ден астам келісімдері мен конвенцияларына қосылды, БҰҰ-ның 19 бағдарламасы мен агенттіктерін орналастырды. Ынтымақтастықтың жоғары деңгейі Тұңғыш Президенттің БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне жасаған 12 сапарында, сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 74 сессиясына қатысуын және БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға жасаған 4 сапарынан көрінеді.

БҰҰ-ның Жарғысына негізделген, ұжымдық шешім қабылдау мен диалогтың күшіне деген шынайы сенімнен туындаған Қазақстанның негізгі бастамалары бірнеше рет ұйымның мінберінен айтылғанын да айта кету керек.

Интернет материалдары негізінде дайындаған Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button