Халық қалаулысы
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВТІҢ есімі аймақ жұртшылығына етене таныс. Халық қалаулысы қашанда белсенді азаматтық ұстанымымен, қайырымдылығымен ел назарына ілігіп жүр. Білім беру саласының дамуына келелі үлес қосқан депутат рухани жаңғыруымыз бен тарихты таразылау бағытында да өлшеусіз тер төгіп келеді.
Білім беру мекемесінің негізін салушы ретінде Нұрлан Орынбасарұлына мемлекеттік және жеке мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының қалыптасу және даму мәселелері жақсы таныс. Мемлекеттік және жеке білім беру мекемелерін жан-жақты қолдау және оларға көмек көрсету, білім алу гранттарын бөлу, атаулы шәкіртақылар тағайындау, қазақстандық авторлардың кітаптарын басып шығару, тұрмысы төмен және толық емес отбасылардан шыққан студенттерге, жетім балаларға жеңілдіктер жасау – Нұрлан Дулатбеков көрсетіп отырған қайтарымсыз көмектердің толық тізімі бұл ғана емес. 1996 жылдан бері осы мақсатта 20 млн. теңгеден астам қаржы жұмсады. Қарағанды облысы, Шет ауданындағы Ақбауыр, Ақши, Жарық ауылдарының он бір мектебін заманауи компьютер сыныптарымен жабдықтады. Жаңаарқа ауданындағы Н.Крупская атындағы орта мектебіне кеңсе жиһазын алып берді. Сонымен қатар, оқулықтар мен көркем әдебиеттермен қамтамасыз етті.
Өзінің «Менің мектебім» бағдарламасы аясында Нұрлан Орынбасарұлы Ақтоғай ауданы, Қаратал орта мектебіне соңғы үлгідегі компьютер сыныбын сыйлады. Нұра ауданының шалғай елді мекендері мектептеріне 300 дана оқу-әдістемелік және басқа әдебиеттер алып берді. Оның шығармашылық жұмысының басты бағыттарының бірі – қазақ зиялы қауымының алдыңғы қатарлы өкілдерінің саяси-құқықтық көзқарастарын зерттеу, жастар мен студенттерге жеткізу және түсіндіру болып табылады. Қазақ халқының тарихи мұрасын зерттеуге арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Нұрлан Орынбасарұлы қазақтың құқықтық-соттық жүйесінің қалыптасу тарихы туралы мұрағат құжаттарын зерттеуде тұрақты жұмыс істейтін Омбы ғылыми экспедициясын ұйымдастырды. Омбы экспедициясы жұмысының қорытындысы бойынша бірқатар оқу құралдары мен кітаптар шығарды. Олардың арасында қазақтың тұңғыш магистрі Жақып Ақбаев туралы монографияның орны ерекше.
Экспедиция нәтижесінде жеке-дара және өзге автормен бірлесіп 5 томдық мемлекет және құқық тарихы бойынша хрестоматия шығарды. Қазір автор ҚарЛаг мұрасын зерттеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруда. Оның нәтижесі бойынша өз қаражатына үш тілде жиырмадан астам кітап басты. Қазақ ұлттық ауыз әдебиетінің Нарманбет Орманбетұлы, Байдалы би Бекшеұлы, Төлебай сал Есбергенұлы, Түскен Сартбасұлы, Шортанбай Қанайұлы, Сәренжіп Әзбергенұлы, Мұхамедия (Дия қажы), Жәкен Байтуов, Қақпан (Батырбек) Жиренбайұлы, Маясара Жапақұлы, Аққыз, Мәди сияқты өкілдерінің және тағы басқа қазақ ақындарының есімдерін жаңғыртты. Олардың шығармашылығының жинақтары 20 мың дана таралыммен шығарылды.
еl.kz