Жаңалықтар

ХАЛҚЫ СЫЙЛАҒАН ЖАҚСЫ ЖӨКЕҢ

Жақын адамға естелік жазу қиын екен. Кеше ғана өзіңмен бірге отырып, өміріңнің біраз уақытын бірге өткізген, бір жағынан туыс, күйеу бала, жолдас, інімдей болып кеткен Күлеймен Жолдыбек Балмағанбетұлы көз алдымда кешегідей елестейді. Кеше ғана қырық күндігін өткізіп, балалары мазарын көтеріп, ескерткіш көк тасын қойып, ас беріп еді. Содан шыға бергенімде кенже баласы Алмас келіп:

– Аға, мен әкеме арнап кітап шығарамын, соған естелік жазып берсеңіз қалай болады?-деді. Мен: жарайды, жазамыз ғой, – деп шығып кеттім. Артынан үйге келіп ойландым. Балалары қандай, әкелерін есте қалдыратын кітап шығарып, мәңгілік ұрпақтарына, немерелеріне әкесі, атасы туралы естелік қалдыруды ойлап жүрген, қандай саналы, салиқалы азаматтар еді. Бұл баланың әкеге деген тағзымы, сағынғаны, құрметі емес пе?! Шіркін, барлық балалар осындай болсайшы! – деп толқып кеттім.

Жолдыбек менің өзімнен кейінгі қарындасыма үйленгеннен бастап, бақилық дүниеге өткенге дейін бірге жүрдік, қуанышта да, реніште де бірге болдық. Қай жерде болсам да менің қасымда болды. Біз оны Жолдыбек деп атамай Жөкең деуші едік. Жаратылысынан жаны таза, адаммен тез тіл табысатын, кісіні өзіне тартып тұратын, мінезі жұмсақ, ақжарқын, білімді, білікті, сырбаз жігіт еді. Оның бойынан сыпайылық пен ізгіліктің, парасаттың, кішіпейілділік пен тектіліктің, ер мінезді өткірлігі байқалып тұратын. Сондықтан да ол інімдей болды. Қатты сыйластық, менің алдымнан кесе көлденең өткен емес.

Жөкең қандай бас қосуда болмасын, сөйлеген сөзінде, мен Мәкеңе күйеу бала емес, інісіндей болдым. Ол күндер енді сағынышқа айналды. Біз өмір өтіп бара жатыр дейміз, олай емес, біз өмір сүрген жақсы сәттер өтіп бара жатыр, әттең? – дейсің. Жөкең негізі еңбек жолын Кеншоқы совхозында мектепте математика және физика пәндерінің мұғалімінен бастап, мектеп директоры, партия комитетінің хатшысы, ауылдық кеңестік төрағасы, кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымды қызметтерін атқарды. Кейінде Нұра округінің әкімі қызметінен зейнеткерлікке шықты. Сөйтіп өзінің туған жерінде адал еңбек етті, тер төкті. Іс-тәжірибелік білімін, күш-қайратын ауылдың өркендеп-өсуіне, жастарды тәрбиелеуге, еңбек адамдарының әл-ауқатын жақсартуға, халықтың саяси-әлеуметтік мәселелерін шешуге арнады.  Олай дейтініміз: жас директор бола тұра, жүрегі дауалай бермейтін батыл қадамдарға барып, жаңа мектеп салу туралы идеяны қолға алып, замана талабына сай екі қабатты мектеп салғызып, мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің алғысына бөленіп еді. Ана бір жылдары қол жетімді, тиіп тұрған Шет ауданынан Кеншоқы ауылын 90 шақырым шалғай жатқан Ақтоғай ауданының қарамағына беріп, халықтың әл-ауқаты мен жол қатынасы аудан орталығына барып тұруына қиындық туғызып еді, осы жағдайларды ескере отырып, халқына жанашыр бола білген ауыл әкімі Жөкең өзі Шет ауданына ауыстыруына бірден бір еңбек еткен азамат еді.

Лауазымды жұмыстарда жүргенде артынан бір ауыз сөз ертпеді, бірде  бір рет  арыз, шағым жазылмады. Мұның өзі оның тазалығы, адалдығының, сіңірген еңбегінің өтеуі емес пе? Ол елдің алғысына бөленді, халқының құрметін көрді. Кеншоқы ауылының қарттары оны баласындай, жастары ағасындай, қатарластары бауырындай көріп кетті.

Бүгінгі күні беделді де, белгілі қоғам қайраткері, аудан хатшысының қызметін атқарған, сол кездегі совхоз директоры Сәтілхан Жұрынбаев, Болат Сандықбаевтармен әріптес, сыйлас болып, жақсы жолдас болды. Қызмет бабымен Алматыға ауысып, өз елдеріне оралған азаматтардың арттарынан жыл сайын іздеп барып, оларда отбасымен осында келіп, бір-бірінің қуаныш қызықтарынан қалыспай, туған ағайындай араласып, сағынып жүруі  пікірлес болуы, олардың  елге, халыққа деген мүдделерінің ортақ мақсатынан туындаған. Енді бүгін ортамызда Болат жоқ, ал Сәкең алыста болса да үнемі хабарласып, жолдасының отбасынан байланысын үзген емес.

Ол жұмыс бабында дауыс көтеріп, айғайлап, қатты ұрыспайтын. Ал, жұмыста жіберген кемшіліктер  болса, тиісті шара қолданып, жиналыстарда ашық бетіне айтатын. Оның тынымсыз еңбегі оны елге сыйлы етті. Бірнеше құрмет грамоталары мен марапаттарға ие болды. Жергілікті Кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды. Аудандық партия  комитетінің мүшесі болды. Ауданда, облыста өткізілетін барлық іс-шараға қатысып, сөз сөйлеп жүрді. Кейде өз пікірлерімен де бөлісіп отыратын.

Осындайда мемлекет және қоғам қайраткері, Нұртас Оңдасыновтың: «Адамды алалаған жоқпын – арым таза, ешкімнен пара алған жоқпын – қолым таза, қазақты жүзге, руға бөлген жоқпын – жүзім таза» – деген екен. Осы сөз Жолдыбекке де байланысты сияқты, ол да осы мүддеден шыққан адам. Ол өзінің жасаған жақсылығын ешкімге жарнамалап айта бермейтін және оны міндетсінбеуші еді. Ол қарапайым еді. Қарапайым болғанымен тым жуас, тым жайдақ та емес-тін. Керек жерінде өз принципін ұстанатын. Осындай оның асыл қасиеттері, бейнесі есімізге түскенде  бауырым езіліп, қабырғам қайысып, әттең, өмірдің қысқасы-ай! – деп рухына құран бағыштап, қол жайып тілек тілеймін. Жатқан жерің жарық, орның пейіштің төрінде болсын, ізетті: қимас бауырым!

Марс Төлеуқұлов,

Шет ауданының Құрметті азаматы, тыл және еңбек ардагері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button