Әңгіме өзегі – Қаныш әлемі
Жуырда Сәтбаев қаласында шаһардың 45 жылдық мерейтойына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды облысы әкімінің тікелей қолдауымен ұлттың біртуар ұлы, данышпан ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылыми идеялары мен кейінгі ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұраларын танымал ете түсу, сондай-ақ Еуразия аумағындағы тау-кен өнеркәсібі және ежелгі металлургия мәселелерін талқылау мақсатында «Қ.И.Сәтбаев – Тұлға. Патриот. Ғалым» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Қоғам үшін қайтарымы мол іргелі іс-шара атақты академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Көздеген мақсаты биік халықаралық жиынға қазақстандық танымал ғалымдардан тысқары, Ресей, Украина мен Жапонияның жетекші ғалымдары, қоғам қайраткерлері, магистранттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Аталған саланың «жілігін шағып, майын ішкен» білікті ғалымдар Қаныш Сәтбаев феномені, дарыны дара тұлғаның ғылымды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі хақында сүбелі сөз қозғап, бүгінгі таңдағы үдемелі үдерістер туралы тұщымды пікірталастың ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Симпозиумның пленарлық мәжілісінде оған қатысушыларды Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов құттықтап, сәттілік тіледі.
– Ұлтымыз бен еліміздің тарихы Қаныш Имантайұлын жер қойнауының қыр-сырын жетік білетін көрнекті ғалым, геолог, өз дәуірінің ірі ойшылы және танымал табиғат зерттеушісі ретінде сипаттайды. Шынымен де, ол ХХ ғасырдағы Қазақстанның дамуына зор үлесін қосқан аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, отандық ғылымның шынайы көшбасшысы еді. Оның кейінгі ұрпаққа қалдырған аса бай ғылыми мұрасы – ешқашан ескірмейтін жауһар дүниелер. Бүгінде Қаныш Сәтбаев мұраларының тізбегін металлогения, минерология, геохимия, пайдалы қазбалар, стратиграфия, тектоника, география, экономика сынды және тағы да басқа ғылым салалары бойынша жазылған мыңға жуық жарияланым құрайды. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің үшінші жаңғыруы туралы сөз қозғалды. Бұл жаңғыру елімізді озық 30 мемлекеттің қатарына енгізуді көздейді. Оның негізгі үш үдерісі, атап айтқанда, саяси реформа, экономиканы және қоғамдық сананы жаңғырту үдерістері іске қосылды. Сонымен қатар, Елбасы қоғамдық сананы жаңғырту бағыттарының бірі ретінде білім саласын белгілегенін ескерген абзал. Осы тұста ұлтымыздың бетке ұстар азаматы Қаныш Сәтбаевтың ғылымның дамуына қосқан үлесі мен еңбек жолы кейінгі буын мен еліміздің жас ғалымдары үшін қоғамдық сананы жаңғыртудағы негізгі бағдар болып қала бермек, – деді қала басшысы өз лебізінде. Асқар Абылайұлы сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарының тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын, Жыланды, Сарыоба, Қарашошақ кеніштерін игеру әрекеттері жандана түскенін тілге тиек етіп, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы мыс қорының жеткілікті екендігін айғақтайтынын жеткізді. Өткен жылы қаладағы Кеншілер алаңында ашық аспан астындағы тау-кен музей ашылғанына, таяу болашақта өңірдегі барлық минералдық қор мен тарихи деректер жинақталып, геология және кен барлау жұмыстарына бағытталған ғылыми зертхана іске қосылатынына назар аударды. Ондағы мақсат, әрине, ғалымдардың еңбектерін саралап, тиісті тұжырымдар жасалатын орын жасақтау.
Сөз реті келгенде басқосу барысында ғалымдар жоғарыда аталған жоспарға қатысты орнықты ой-пікірлерін білдіргенін айта кету артықшылық етпейді.
Симпозиумда модераторлық тізгінді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Сағындық Жауымбаев ұстады. Шетелдік және отандық ғалымдар, сәтбаевтанушы зерттеушілер мен белгілі сарапшылар төрткүл дүниені мойындатқан тұлғаның ғылым саласына қосқан үлесін, ғалымның ғылыми идеялары мен мұрасын дәйекті түрде дәріптеді, жас буынды Қаныш Имантайұлы ұстанған жолмен құндылықтарға баулу амалдарын ортаға салды. Ғұмыры ғибратты жанның адами ұстанымдары мен ғылымға құлай берілген ғалым ретіндегі қайталанбас ерекшеліктерін талдап көрсетті.
Мәселен, Ресейдің Екатеринбург қаласынан симпозиумға қатысу үшін арнайы келген Орал федералдық университетінің профессоры Людмила Корякова өз баяндамасында «Қазақстандағы ғылым саласына академик Сәтбаевтың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ғылыми-теориялық және өндірістік-практикалық жұмыстармен қатар айналысқан ғалым Қазақстанның жер қойнауын зерттеуде көптеген тың жаңалықтар ашып қана қоймай, ғылым саңлақтарын тәрбиелеген ұлы ұстаз ретінде белгілі. Ол Қазақстан Ғылым академиясын құрып, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан сынды бауырлас елдермен қоян-қолтық тығыз қатынастар орнатты. Қаныш Имантайұлы ғылымға деген құштарлықтың, Отанға деген махаббаттың жарқын үлгісін көрсетті» – деді.
Ал, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының профессоры Сергей Кузьминых осы сапардан ерекше ғажайып әсер алғандығын айтты. Жер қойнауының баға жетпес байлығын өзіне ғана тән көрегендікпен ашып, ел игілігіне айналдыра білген академик Қаныш Сәтбаевтың аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының әйгілі табиғат зерттеушісі, әлемдік өреге көтерілген ойшыл ғұламасы болғанын тамсана әңгімеледі. Ол сонымен қатар, Қанекеңнің қайраткерлік қалпына, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабілетіне айрықша тәнтілік танытатынын бүкпесіз мәлімдеді. Қазақстанның индустриялық даму жолындағы өркениетті үрдістің көш басында тұрған тұлғаның мұрасын ұлықтау ұлы іс екендігін айтып, ағынан ақтарылды.
ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Зүбайда Сұрағанова, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева және басқаларының Қаныш Сәтбаев есімі еліміз үшін ерекше екендігін, оның бүгінгі ғылым саласын қапысыз қалыптастырғандығын, өз халқының нағыз жанашыры, патриоты болғандығын арқау еткен баяндамалары көңілге аса қонымды болды.
Іс-шара барысында ҚР Ұлттық Ғылым академиясындағы Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейі, Жезқазған тарихи-археологиялық музейі, М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі қатысушылардың назарына ғалымның өмір жолы мен өнімді еңбектері туралы сыр шертетін көрме әзірлеп, ұсынды. Жұртшылық қысқа метражды деректі фильмді де қызыға тамашалады.
Симпозиум соңында қазақы дәстүрді ұстанған қала басшысы Асқар Ыдырысов шетелдер мен сыртқары өңірлерден келген меймандардың иықтарына оқалы шапан жауып, Алғыс хатпен қоса естелік сыйлықтар табыс етті. Содан кейін қонақтар №27 орта мектептегі Қаныш Сәтбаев музейінің жәдігерлерімен танысты.
Қасиетті қазақ ұлтының, шүкіршілік, дарынды ұлдары баршылық. Солардың арасынан құзар шыңға ұқсайтын Қаныш Имантайұлының тұлғасы қанша уақыт өтсе де көмескіленбесі күмәнсіз. Қанекеңнің тынымсыз әрі мақсаткерлікпен нәтижелі жұмысының арқасында Қазақстан геологиясы өндірістік және іс жүзінде ғана қолданылатын ғылым өлшемі шеңберінен шығып, адамзаттың ой әлеміндегі тым биік дәрежеге жетті. Сол себепті де, ғажайып ғалымның жарқын бейнесі XX ғасыр ойшылдарының арасында жарық жұлдыздай жарқырап тұра бермекші.
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген Нұрия ІЛИЯСОВА.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»