Газет пен оқырман неге диалог құра алмайды?
Газет пен оқырманның арасы қазір алшақ. «Газеттің күні өтті» дегенді екі күннің бірінде естиміз. Интернет дәуірінде онымен кеңірдек керісетін де емес. Бірақ, құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Әлі күнге «Орталық Қазақстанды» екі көзі төрт боп күтетін оқырман бар. «Уақытында келмейді» деген өкпе-наз өршімесе, азайған емес. Телефонның құлағына дамыл таптырмайтын оқырмандардың обалы – «Қазпоштада». Турасын айтайық, «Қазпоштаны» тап бұл күні «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алдырған» деп арқаға қағып, мадақылай алмайды екенбіз. Жалпы, газет-журналдың көрер жарығының азайып бара жатқанына «Қазпоштаның» да қомақты «үлесі» бар. Жазылған газетін жабыла іздеп жүріп, алдыра алмайтын халге жеткен бұл жұрт. Қазақ газеттері осылай қан қақсағалы қанша жыл?! Жалғыз үйдің қарғасындай монополистке газеттің шырылы шыбын шаққан құрлы әсері жоқ. Сондықтан да, осы күні газет пен оқырманда диалогтан гөрі монолог белең алған. Екеуі қанша мұңданса да, мұратына жете алмаған бейбақ секілді…
Шалғайдағы ауыл түгілі Қарағанды қаласының басында басылымды алмау – күйіп тұрған мәселе. Бүгінде газеттің таралымы азайып кетті дейміз. Байыптасаңыз, оның бәрі бірдей «газет оқылмайды» деген «сылтауға» мүлде сыймайды. Әлбетте, ақпараттық технологияның да әсері бар шығар. Індетсек, ол – оқырманның газеттің үйіне жетуінен күдер үзгенінің көрінісі. Газеттен емес, әрине. Жеткізілуінен.
«Орталықты» іздеп, қанша оқырман телефон соққанын санап отыратын емес. Әйтсе де, сеніңіз, сансыз. Кей оқырманның күйінетіні сондай – тарату тап бір редакцияға тіреліп тұрғандай көреді. Олар қайдан білсін, редакция да оқырман секілді «Қазпошта» деген жарты патша алдында қауқарсыз күй кешіп жатқанын. Редакцияның да «айтқаны жартасқа барып айқай салып, одан шыққан жаңғырықтай» екенін «жоқшы» оқырманның қайсына жекелеп, ежіктегендейсіз.
Сол мыңдаған оқырманның мұңын бір оқырман сөзімен жеткізсек…
«Мен Қарағанды қаласы Гапеев көшесінде тұрамын. «Орталық Қазақстанды» оқығалы 50 жыл. Тұрақты оқырманымын. Жасым тоқсаннан асты. «Орталыққа» бір жылға жаздыртамын. Бірақ, пошта тасымалдамайды. Жаңа жылдан бері балаларымды, немерелерімді поштаға жұмсап алдыртып келемін. Бірнеше рет редакцияға да шағымдандым. Әйткенмен, одан нәтиже шығарған пошта жоқ. Бір аптаның газеттерін жинап-тергізіп әкелдіремін поштадан.
Өзім «Орталықты» оқу арқылы маңайдан хат-хабар алғандаймын. Менің хабаршым «Орталық» еді. Енді, міне, оған да қол жеткізе алмайтын боп барамын. Қанша ескерту жасасақ та, еш өзгеріс жоқ», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Сағынтай Әбішев.
Бұл бірдің ғана үні емес. Мұны мыңдаған оқырманның жан айқайы деп білген жөн.
Тасымалдау мәселесі өңір түгілі республикалық деңгейде талқыға түскен. Одан шыққан нәтижені көре алмай арманда кетіп барамыз. Жаңылмасақ, 2019 жылы шалғай ауылдарға «Қазпошта» дронмен тасымалдауды жолға қояды деп жар салған жаңалық шыққан. Оның 2017 жылдан бері пысықталып, екі жылдан соң сәтті іске асқанын да сол кезде басқарма басшысы жариялаған еді. Ондағы жаңалық «Бұл жоба негізінде 2017 жылы қолға алынған болатын. Сол кезде ауыл-ауылға газеттер таратылған еді. Дрон 1 150 салмақ жүкті 16 мың шақырым жердегі ауылға жеткізген болатын. Ол сағатына 460 шақырым ұшады екен. Ал жалпы 4 келіге дейін салмақты көтере алады» деген сыңайда еді. Алайда, аңғарғанымыздай, ол да жағдайды жақсарта алмады.
Одан беріде «пәленше ауылға түгенше дронмен газет жетті» дегенді естісек, құлағымыз керең болсын. Ауыл түгілі баспаханасы қозы көш жерде орналасқан қаланың өзінде оқырман байғұс зар илеп отыр емес пе?!
Біз үнемі тас ата беретін Кеңес Одағы кезінде бір үйде пәленше газет жаздыратын дәурен енді газеттердің басына қайтып келмейтін дәуір. Әрі сол кездегі идеологияның киіз қазықты жерге кіргізетін тоқпағының күштілігін көреміз. «Онда газеттен басқа ермек жоқ, содан солай» деген сыңаржақ пікір жиі айтылғанымен, оның соңында адамдардың медиа сауаты деген мәселе қылтияды.
Жылайық, жыламайық, газетті қонышына салып, оқитын шопан аңыз ғана. Ауыздың суын құртып айтатын. Бұл күні шопан тұрмақ шенеуніктің өзі «тоқмейіл». Содан да қазақ газеттерінің қалған «күнін» санап, «жаназасын» шығаруға асықпыз.
Шыны керек, «адамға екі рет доңыз десе, үшіншіде өзі қорсылдайды» деген «бір түрлі» мәтел бар. Қай елдікі екенін білмейміз. Дәл сол сияқты «Газеттің керегі не?» дегенде әуеліде өре түрегелетін едік. Осы күні олай емес. Өзгеріп барамыз. Үнсіз қалатын болғанбыз. Енді шамалыдан соң, бара-бара бас шұлғимыз. Одан арғысы мәлім…
Ал, оған дейін газет пен оқырман диалог құра алмай құса бола ма деп қорқамыз. Ол құсадан құтқарушы кім екені әзірге бұқараға да, басылымға да беймәлім… Мүмкін құтқарушы жоқ та шығар… Қайдан білейік?!
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz