Теміртау

Гүлжан ҚҰДАРИНОВА: “Елбасы салған сара жол бізді дәулетті де сәулетті күнге бастап келеді”

Теміртау – Елбасы түлеп ұшқан жер. Еңбек жолын осы қаладан бастады. Үлкен өмірге қанаттандырған да осы – Теміртау. Қарап отырсақ, бұның өзі – үлкен тарих. Демек, бұл қаланың әр тасы, әр нысаны да тарих десек, артық айтқанымыз болмас. Ал, сол жылдардан белгі боп қойнауын құнды жәдігерге толтырып, шаһардың қақ ортасында «Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығы» тұр. Әрине, орталықтың кенді қалада орын тепкені заңдылықты. Бүгінде күллі құнды дүние осы жерге топтастырылған. Музей тыныс-тіршілігі жайында директордың орынбасары Гүлжан ҚҰДАРИНОВАМЕН аз-кем сұхбаттастық…

Қазіргі таңда оралықтағы жәдігер қоры қанша?

– Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы 2011 жылдың 22 қарашасында Елбасының қатысуымен ашылды. Орталықта Қазақстан Магниткасы, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму үрдісіндегі Елбасының рөлін ашып көрсететін 6 экспозициялық зал бар. Атай кетсек, «Тәуелсіз Қазақстан», «Өз заманының перзенті», «Тұлғаның ерен қабілеті», «Қазақстанның құрыш келбеті», «Уақыт ағымында», «Қазақстан жолы». Әр залдың тақырыбын ашатын жәдігерлер мен бірге фойеге ірі компаниялар, түрлі делегациялар, шет ел мемлекет басшыларының Елбасына тарту еткен сыйлық пен кәдесыйлары қойылған. Қазіргі таңда қорды 3 502 жәдігер құрайды. Жыл сайын қор жаңа 20-30 затпен толығып отырады.

– Мұражай қорына Елбасы өз қолымен әкеліп тапсырған экспонаттар бар ма?

– Елбасы өз қолымен әкеліп тапсырған жоқ. Алайда, Президенттің Іс Басқармасы арқылы тапсырылған жәдігерлер бар.

…Мәселен?

– 2018 жылы Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күні қарсаңында Президенттің Іс Басқармасы орталыққа 17 жаңа жәдігер тарту еткен болатын. Солардың ішінде Елбасының қызметтік машиналар паркінен берілген «Мерседес Бенц S 600L» автокөлігі. Көлік ғимараттың кіреберісіне қойылған. Күні бүгінге дейін осындай құнды жәдігерлерді тамашалау үшін жан-жақтан қонақтар толассыз келіп жатады.

– Мұражайдағы сыйлықтардың ішіндегі ауыз толтырып айтатын дүниені айта кетсеңіз…

– Мысалы, құнды сыйлықтардың қатарында Назарбаевтар әулетінің шежіресін ерекше атап айтуға болады. Сонымен қатар, Рим папасы Иоан Павел ІІ тарту еткен алтын, күміс, қола монеталар, ортасына Елбасының суреті орналастырылған ҚР Конституциясының сыйлық үлгісіндегі басылымы, ҚХР төрағасы Елбасыға тарту еткен бүйірінде Жібек жолы сызбасы бейнеленген түйені атауға болады. Бұдан бөлек, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың велосипеді де осында сақтаулы.

– Ел Тәуелсіздігі қарсаңында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Өткен жылдың басында қолға алынған, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік құрдастары» атты жоба бастағанбыз. Биыл сол бастамамыз мәресіне жетіп, жобаға қатысушыларды марапаттауға арналған шара өткіздік. Жоба барысында ай сайын әр салада қызмет жасайтын, жетістікке жеткен Тәуелсіздік құрдастары жайлы бейнебаяндар әзірледік. Сонымен қатар Тұңғыш Президенттің дара жолын бейнелейтін «Елбасы жолы», «Теміртаудан түлеген тарлан» атты көрме ұйымдастырдық.

– Алдағы жоспарларыңыз?

– Кез келген жан өсіп келе жатқан ұрпаққа Елбасының тарихи бастамалары мен жобаларының маңызын ашып көрсету қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Президенттің Жолдауларын насихаттауы шарт. Олай дейтінім, Елбасы салған сара жол бізді дәулетті де сәулетті күнге бастап келеді. Міне, осы бағытта өскелең ұрпаққа түсіндіру жұмыстарын жандандырамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет! Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button