Жаңалықтар

Форумнан – игілікті істерге

      Абай қаласында «Туған жер – тұғырым» атты патриоттық форумы өтті. Туған өлкесінің тағдырына тілекші 5 мыңға жуық адам қатысқан форумда Қазақст11ан Республикасының халық артисі Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ өнер көрсетті.

Абай ауданының мәдениет үйінің алдында «Туған жер – тұғырым» атты патриоттық форум ұйымдастырылды. Патриоттық форум театрландырылған қойылыммен басталды. Ол Абай ауданының тарихын сонау хандық дәуірінен бастап, елін, туған жерін жаудан қорғаған Шерубай батырдың көрінісімен ашылды. Сол сияқты, зұлмат жылдардағы КарЛагтан және көмір өнеркәсібінің жасалуынан көрініс көрсетіп, түрлі ұлт пен ұлыстардың тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығын халыққа паш етті. Театрландырылған бөлім 500 адамды жинаған хормен аяқталды.

Форумда сөз алған Абай ауданының әкімі Серік Шайдаров өз туған жерлерінің өркендеуіне үлес қосып және бұл бағытта еңбек етіп жатқан бірқатар мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін атап өтті. Нәтижесінде, қаламызда 7 жаңа аллея ашылып, 16 көгалдандырылған кішігірім сәулет мүсіні орнатылатын болады. Алда қаншама атқаратын жұмыстардың көп екендігін жеткізіп, әрбір аудан тұрғыны игі іске өз күшін салатындығына сенім білдірді.

Сонымен қатар, форумда отансүйгіштігін нақты істермен дәлелдеп жүрген аудандық кәсіпкерлер аталмыш жобаны қолдау мақсатында алда атқарар жұмыстарымен бөлісті. Мәселен, «Шығыс» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Шамиль Осин «Юбелейный» ауылында балалар алаңқайын салатынын, жеке кәсіпкер Виталий Подвысоцкий Абай қаласындағы Степной көшесінің жолын 2 млн. теңгеге жөндеп беретінін жеткізді. Ал, 2 млн. теңгеден астам қаржыға «Астра Агро ЛТД» ЖШС Көксу ауылы сәулетінің сәнін келтірсе, «Сары-Арқа» агроөнеркәсіп холдингі директоры, аудандық мәслихат депутаты Саяхат Ыбышев жалпы соммасы 3 млн. теңгеге Ақбастау ауылында балалар саябағының құрылысын бастамақшы. «Агрофреш» ЖШС директоры Елтай Арбиев Топар кентінде мешіттің құрылысын бастағанын хабарлап, жеке кәсіпкер Сергей Петров қалалық саябақта 12 млн. теңгеге жуық қаражатқа этноауыл салып, «Поливное» фермерлік шаруашылық басшысы Абдуахат Ибрагимов Қарағанды ауылдық округінде жалпы сомасы 15 млн. теңгеге фитнес залдарын салуды жоспарлауда. Ал, «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк Көксу елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын салуды мақсат етіп отыр. Жобалардың жалпы сомасы – 500 млн. теңге.

Ал, қазақ елінің мақтанышы, Қазақ ССР Халық артисі Ескендір Хасанғалиев пен аяулы жары Дариконың келуі тұрғындар үшін күтпеген жайт болды. Алаңға жиналған көпшіліктің қуанышында шек жоқ. Композитор репертуарындағы «Ауылым», «Туған жер», «Әдемі-ау», «Анаға сәлем», «Айым болып тудың ба?» атты танымал әндерді халықпен бірге шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Шара Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған «Атамекен» әнімен түйінделді. Бұдан кейін аудандық мәдениет үйі шығармашылық тобының концерттік бағдарламасы салтанатты шараның көрігін қыздырды.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button