Ресми

Фермерлік павильон ашылады

Жыл сайын жергілікті өнімнің көлемі артып келеді. Осы орайда биыл Қарағандыда жергілікті фермерлік өнімдер сатылатын павильондар желісі бой көтерсе, Нұра ауданында сүт фермасы ашылады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов Youtubе желісіндегі «Әкімдік қайда қарап отыр?» арнасында мәлімдеді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Қазір аймақ басшысының тапсырмасымен кеншілер шаһарында жаңа павильондар желісін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмысы басталған.

– Биыл бірнеше павильон құрылысын бастаймыз. Шет елдерде осындай ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын павильондар инфрақұрылымын салу тәжірибесі бар. Әр ауданға өз павильонымызды бекітеміз. Сонда фермерлер жыл бойы келіп, өз өнімдерін тікелей сатуға мүмкіндік алады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Бауыржан Асановтың айтуынша, мұндай шешім сатушыларға да, сатып алушыларға да тиімді болмақ. Өйткені, сатушы өз өнімін жылдам әрі делдалсыз сатады. Ал, тұтынушы жаңа фермерлік өнімдерді өз бағасына алады.

Мұндай павильонның алғашқысы облыс орталығының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі Қ.Сатыбалдин көшесінде салынады деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда Нұра ауданы Көбетей ауылында 1100 бас ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталды. Көктемде ірі қара жеткізілген соң кәсіпорын жұмысын бастауға дайын.

Бауыржан Асанов ауыл шаруашылығындағы жаңа мүмкіндіктер мен өңір тұрғындарын аймақтың өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету мәселесінің үнемі басты назарда болатынын айтады.

– Қарағанды өңірі – индустриалды өлке. Дегенмен, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – басым бағыттардың бірі. Жалпы, өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен – 4%. Облыста 19 әлеуметтік маңызы бар азықтүліктің 14-і өндіріледі. Алтауы бойынша ішкі қажеттіліктер толық қамтамасыз етілген. Бұл ұн, картоп, сиыр еті, тауық жұмыртқасы және басқа да азықтүлік кіреді. Азықтүліктің сегіз түрі бойынша ішінара қамту көрсеткіші – 4%-дан 65%-ға дейін. Тұз, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, қант сынды бес тауар түрін әкелеміз, – деді Бауыржан Асанов.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, басты міндеттердің бірі – ішкі нарықты өзімізде өндірілетін сүтпен қамтамасыз ету. Шикізат тапшылығына байланысты сүт зауыттары жартылай жүктемемен жұмыс істеуде. Мәселе жаңа сүт-тауар фермаларын ашу арқылы шешіледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясына мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқаны да тілге тиек етілді. 30 млн теңгеге дейін жеңілдікті несие алуға мүмкіндік бар. Облыста бір жылда 60-тан астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған.

Одан бөлек, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы көрсеткіш шамамен 163 гектар құраған. Аймақта суармалы егіншілік көлемінің ұлғайып келе жатқанын да атап өткен жөн.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button