Руханият

Эзоптан

Күзен

Ұстаның дүкеніне күзен кіріп, егеуін тауып алып, жалап-жалап алды. Тілінен қан ақты. Қан тәп-тәтті. Темірден шыққан қан ғой деп, күзен қуанып үсті-үстіне жалай берді. Өстіп күзен тілінен айрылды.

Бүркіт пен тасбақа

Аспанға ұшуды маған үйретші деп, тасбақа бүркітке жалынды. «Жезді ер – тұғым сиырға жараспас, сен көкке ұшпай-ақ қой», – деді. Кенедей жабысып, қайыршыдай қадалып, тасбақа сұранып болмады, бүркіттің мазасын алды. Тасбақаны алып шырқап аспанға бүркіт шықты да, босатып қоя берді. Аспаннан тасқа түсіп тасбақа быт-шыт болды, өлді.

Арыстан, есек, түлкі

Арыстан, есек, түлкі аң аулады. Көп аң ұстады. Есекке арыстан олжаны бөл деді. Олжаны үшке есек бөліп: «Алыңдар!» деді. Ашуланып арыстан есекті жеп алды да, түлкіге сен қайта бөл деді. Олжаның бәрін төбе қылып үйіп, түлкі өзіне бір аз ғана алды. Сонда арыстан тұрып: «Міне, ақылды. Кімнен үйрендің өстіп жақсы бөлуді?» деді.

«Есек соры неден қайнады?» деп, түлкі жауап берді.

Ат пен есек

Бір кісінің бір ат, бір есегі болды. Ат пен есекке жүк артып иесі жолға жүрді. «Менің жүгім ауыр, мен алып жүре алатын емеспін, менен біраз жүк алып, мойнымды босатшы!» деп атқа есек жалынды. Есек тілегін ат тыңдамады. Жығылып жүк астында есек өлді, есектің жүгін, терісін бай атқа артты. Бұл енді атқа қиын болды. «Менен сорлы, менен құл кім бар?» деп, ат жылады, зарлады: «Кішкентай

жүк алып болыс дегенді тыңдамай, есектің бар жүгін, терісін өзіме артқыздым», – деп, ат өкінді.

Тәржімалаған

Әлихан БӨКЕЙХАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button