АймақБас тақырыпҚарағанды

Ет бағасы елді алаңдатады

Қарағанды аймағы өндірісті болса да, қоңсы қонған көрші өңірден ет пен сүт әзірге сұраған емес. Өйткені аграршылар аймақтың аузын асқа жарыта алатын қуатты. Дегенмен, бүгінде еттің бағасы бұқараны біршама ойлантып отыр. Құны кез келгеннің қазанында аста-төк қайнай қоятындай емес. Ет бағасы  жалына қол салдырмайтындай боп алған.  Қымбаттап барады. Жалпы, өңірдегі еттің 80 пайызын жекелеген шаруашылықтар өндіретіні бұл күнде ешкімге құпия емес. Табын сиыр мен үйір жылқы, отар қой – осы жеке шаруаларда. Бірақ, осы арада бір «әттеген-ай» бар. Анығын айтқанда, әлеуметті асырап отырған бұларға  әзірге мемлекет тарапынан қолдау кем түсіп тұр. Сөздің анығы –  олар мемлекеттен субсидия алмайды. Сондықтан болар, нарықтағы ет бағасының ауа райындай күрт өзгеруін Үкімет тарапынан қадағалау мүмкін емес.  Содан да елдегі ет өңдеу кәсіпорындары шикізатты тиімді пайдалана алмай пұшайман. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те айтқан болатын. 

Шикізат құны кәсіпорынға да тиімсіз 

– Бұдан басқа тиімді бағамен берілетін шикізатпен қамтамасыз ету үшін ет өңдеу кәсіпорындарына мұздатылған етті бажсыз әкелуге квота беріліп отыр. Ет саласын дамыту үшін кәсіпорындардың құрылысы мен оны жаңғырту шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидия, несие және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету, асылдандыру жұмыстары мен мал шаруа­шылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын субсидиялау сияқты барлық шаралар сақталған, – деді ол.

Қазір елде ет өңдейтін 171 кәсіпорын жұмыс істеп тұрған көрінеді. Азық-түлік өнімдері өндірісінің жалпы көлеміндегі ет өнімдерінің үлесі – 16 пайыз. Салқындатылған ет бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету – 117 пайыз, ал шұжық өнімдері 61 болса, ет консервілері – 26 пайыз. 

Кәсіпорындарға да шикізаттың бағасы тиімсіз. Мұны реттеу үшін Қазақстаннан ірі қара, қой мен ешкінің аналық басын сыртқа экспорттауға тыйым салынды. Алайда, жалпы алғанда, былтыр өңделген еттің экспорт көлемі 24 мың тоннаға жетті. Бұл – елдегі соңғы 10 жылдағы ең үлкен көрсеткіш.

Ет былтыр 16,6 пайызға қымбаттады

Ашық ресурстағы деректерге сүйенсек,  былтыр ет бағасы бір жылда 16,6 пайызға өскен. Әйтсе де, жоғарыда айт­қанымыздай, Қарағанды аймағында  өзге өңірге қарағанда ет бағасы біршама төмен болған. Дәлірек айтсақ, елдегі ет бағасының ең төменгі өсімі Қарағанды және Ұлытау облысында ғана тіркелген екен. Бұл екі аймақтағы өсім –  9,7 пайызды көрсетті.  Дегенмен, бұл жалпы етке өсім. Ал, оны тарқатқанда өсімнің қалта қағардай екенін көруге әбден болады. Мәселен, Қарағандыда былтыр   құс еті – 29,4 пайыз­ға, жылқы еті – 16,7 пайызға, шошқа еті – 14,3 пайызға, қой еті – 12,9 пайызға, сиыр еті – 10,1 пайызға қымбаттады. Шұжық өнімдерінің ішінде қайнатылған шұжық – 23,6 пайызға, жартылай ысталған шұжық 22,2 пайызға өскен. 

Расында, елдегі ет бағасының өсуі бір жағынан орынды секілді. Өйткені  нарықтағы еттің  80 пайызы жеке шаруа­шылықтан келеді. Ал олардың  жем-шөбі, жайылар жайылымы, ет жеткізетін көлігі мен ет өткізетін орындарына шығатын шығынның бәрі тікелей өз қалталарынан. Қарағанды облысын алып қарасақ, мұнда да тап сондай мәселе көп. Базардағы сұранысқа ие еттің дені – жеке шаруа қожалықтарынан. Сонда Үкіметтен жәрдем алатын қожалықтар қатары сейіліп бара жатқаны ма, қалай? Облыстық ауыл шар­уашылық басқармасы  басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, олай емес. Бүгінде  ауыл шаруа­шылығында мал басын өсіруге ниет еткендерге мемлекет тарапынан 2,5 пайыз­дық несие беру жолға қойылған. 

− Облыс бойынша 5 мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Осы шаруалардың қарқынды жұмысының нәтижесінде облыста ірі қара  – 3,5 пайызға, жылқы – 10-12 пайызға, қой – 3,1, құс  – 3-4 пайыз деңгейінде өсті. Бұл  өңірдің ет өндірісіндегі ахуалын көрсетсе керек, – деп атап өтті Сырым Бейсебайұлы.

Асыл тұқымды малдың еті де асыл ма?

Осынша өсім шаруа қожалықтарының еңбегі көрінеді. Олар қазіргі таңда мал басын асылдандырып жатыр. Бұған арнайы селекцияның ықпалы өте зор.  Мамандардың айтуынша,  қой, жылқы мен сиырға асыл тұқымды аталық қосып, оның тұқымын жақсартуға болады. Ол болса, өзінің өнімдік сапасын арттыра түседі. 

Мысалы, 20-25 бас қазақы қой немесе сиырға 1 бас аталық қосып, бір жылғы өнімін, яғни, төлін пұлдауға болады. Онымен қоса, осылай туылған әр төл басына Үкіметтен 10 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Осының нәтижесінде жергілікті ет өнімдерінің бағасы едәуір өсті. Себебі,  еттің сапасы бұрынғыдан да жақсарды. 

Мәселен,  бұрын тайыншаның  салмағы 100 келі тартса, қазір селекцияның күшімен бір жасар тайыншалар 150-160 келіге дейін салмақ басады екен.  Елде  ет өнімі жоғары сұранысқа ие екені баршаға мәлім. Сырым Бошпановтың айтуынша, осы күні құс, сиыр мен шошқа еті бұқара арасында өтімді. 

− Қала болған соң барлығы бірдей жылқы мен қой етін шаш та төк жей бермейді. Әркім қалтасына қарай сауда жасайды. Көбіне елдің тұтынатыны – құс еті. Бұдан соң  қой мен сиыр еті. Ал, жылқы етін сирек алады. Оған себеп оның қымбаттығы.  Жылқыға жұрттың жүгінетіні дәстүрге сай тек қонақ күткенде ғана десек, артық айтқандық емес.  Онда да тұтынушылар қазы мен қарта, жал-жая сұрайды. Біз қазір жылқы етінің келісін 2800 теңгеден қабылдап, оны 3500 теңгеге сатамыз. Қарап отырсаңыз, екі баға – екі түрлі. Неге? Өйткені қалада тұтынушы көп және олар ауылдағы ағайын секілді жылда соғым соймайды. Жалақысы бір түскенде соған қарық болып шөкімдеп,  қымбат болса да,  жылқы етін алады. Бұл олардың қалтасын қақты демес едім. Алушы саны көп. Олардың әрқайсысы аз мөлшерден алады. Бізге де тауар айналымына көп септігін тигізеді бұл жүйе, – дейді ет сатушы Айман Асабуева.

Баға бағамына кім  кінәлі? 

Қызылсыраған қазақ қашан да етсіз отырмайды. Алайда, етті көп алсын, аз алсын, бағаның да өз жөн-жосығы болғаны дұрыс көрінеді. Баға бағамының жүйесіздігіне делдал кінәлі секілді. Сатушы мен сатып алушы арасында алтын көпір болатын да осылар. Десек те, делдалсыз сатушы тұтынушыны  бірден таба алмайды. Себебі көп сатушының бірі – ауылдағы қарапайым шаруа. 
Сырым Бейсебайұлының айтуынша, ет бағасының бір қалыпты болуын жақсарту үшін тек қана ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын жәрмеңкелер көптеп ұйымдастырылуы тиіс. Міне, сонда сатушы мен тұтынушы арасында тікелей байланыс орнайды. Бұл екі жаққа да тиімді шешім сияқты.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button