Есірткінің заңсыз айналымы азаяр емес. Өлім саудалаған өлермендердің жолын құқық қорғау органдары кесудей-ақ кесіп келе жатқанымен, тәркіленген есірткі көлемі кемімей тұр. Мәселен, осы жылдың өзінде Балқаштың тәртіп сақшылары 7 айда 10 келіге жуық есірткі тәркілеген.
Балқаш қаласы полиция бөлімі басшысының орынбасары Ерғазы Артықбаевтың айтуынша, есірткі, психотроптық өнімдерді сақтау, тасымалдауға қатысты барлығы 38 қылмыс анықтаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір өскендігін білдіреді. Қылмыскерлер, әсіресе, марихуана, гашиш саудалап, синтетикалық есірткі өңдеген. Тіпті, есірткіні өсіргендер де бар. Полиция бөлімі қылмыскерлердің басым бөлігі жасөспірімдер екенін жеткізді. Оларға қатысты ҚР ҚК бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
– Биыл маусым айынан бастап қараша айына дейін республикалық «Қарасора» профилактикалық шарасы өтуде. Жедел алдын алу іс-шарасы негізінде есірткіге қатысты 6 қылмыстық іс анықталды. Оның ішінде, ірі көлемде есірткі затын сақтау бойынша бір қылмыс және тыйым салынған өсімдік өсіру, құрамында есірткі өнімі бар өсімдік өсірудің бір дерегі тіркелді, – дейді Ерғазы Артықбаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы назардан тыс қалған жоқ. Былтыр жыл соңында Президент еліміздегі қылмыстық заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, жекелеген қылмыстарға жауаптылық күшейе түскен еді. Бұл өзгертулердің арасында есірткі қылмысы үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселесі де бар. Сол өзгертулерге сәйкес, енді бұдан былай есірткіні насихаттағандар мен жарнамалағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Есірткінің заңсыз айналымы үшін жауаптылықты көздейтін баптарда жəне есірткіні пайдалануға көндіргені үшін «электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану» жəне «қоғамдық орындарда» деген жаңа саралау белгілері енгізілді. Бұдан былай, интернетте, түнгі клубтарда, дəмханаларда, парктерде есірткі айналымына жол салғандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, кəмелетке толмағандарға осындай тəсілмен есірткі сатушылар өмір бойы бас бостандығынан айырылады.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ