Жаңалықтар

Ержүрек Ертай

   Халқына – қалқан, ұлтына – қорған болған небір жайсаң жігіттерді көз көріп, құлақ естіді. Десе де, бейбіт күннің батыры атағына лайық кіл марғасқаның арасынан атын атап, түсін түстеуге тұрарлық бір азамат бар. Ол – полиция майоры, облыстың Ішкі істер департаментіндегі  арнайы жедел жасақтың инспекторы, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған жерлесіміз – Ертай САДЫҚБЕКОВ.

Қазақта «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» деген қанатты сөз бар. Сын сағатта тайсалмай, салқынқандылық танытып, қырағылық көрсеткен қарағандылық қаһарманның ерлік жолы, өмірлік ұстанымы талай жасқа үлгі болардай. Айқас пен шайқас, ерлік пен елдік ұғымы да бұл азаматқа жат емес. Тіпті, арнайы жедел жасақтың сапында болудың өзі бір ерлік. Әңгімемізді әріден бастасақ…

Ертай Төлеутайұлы – қасиетті Қарқаралының тумасы. Болмысы бөлек, ерік-жігерін қайрап өскен Ертай батыр – қастерлі топырақтың киесі дарыған жігіт. Жастайынан спорт пен білімді басты мұратына айналдырған жас өрен заң ғылымдары саласы бойынша білім алып, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, ішкі істер органдарына қадам басқан. 2007 жылы кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы болып үлгілі еңбек жолын бастады. Спорттағы жетістігі мол, кең иықты, алып денелі, сұңғақ бойлы, қолы қарулы азамат 2012 жылы облыстың ішкі істер департаментінің арнайы жедел жасағына ауысады.

Сөйтіп, 2014 жылдың 28 қарашасында қарақшылық шабуылға әккіленген қылмыскерлерді құрықтау операциясы жүргізілмесі бар ма? Өздеріңіз сезіп отырғандай, аталған операцияға Төлеутайдың ұлы да жұмылдырылады. Сол-сол ма, букмекерлік кеңселердің бірінде жасырын бақылау жүргізіп жатқан Ертай Садықбеков пен әріптесі Дәулет Ысқақовқа қарақшы топ шабуыл жасайды. Қарулы қақтығыс кезінде қырағылық пен ержүректілік танытқан кейіпкеріміз қарақшылардың бірін иығынан, екіншісін аяғынан жаралап, қолға түсірген. Бүгінде полиция майоры атанып отырған Ертай Төлеутайұлы ол кезде капитан шеніндетұғын.

Осы ерлігі үшін де кейіпкеріміз Президент назарына ілініп, қолынан медаль алған жайы бар. Қазіргі таңда оқ пен оттың бел ортасында жүрген осы мамандық иелерінің ауыр қызметі, төккен тері мен еткен еңбегі жайлы екінің бірі емешесі үзіліп айта бермейді. Күн демей, түн демей, еліне адалдығымен абырой жинаған жампоздардың қай-қайсы болсын, осы құрметке лайық. Десе де, «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, сайыпқырандар сапындағы Ертайдың орны ерекше.

Сондықтан, екі баланың әкесі атанып, еліне қалтқысыз қыз­мет етіп келе жатқан жампоз­дың есімі – ұлықтауға, ерлігі – ұмытпауға әбден лайық. Ерлері болмаса, елдің берекесі қашып, басынан бағы көшеді. Ал, бас көтерер баһадүрі бар халықтың намысы да, рухы да биік болмақ. Кірпік қақпай құқық күзетінде тұрған сондай азаматтың есімін біз де ұлықтауды жөн деп санадық.

– Ер парызы – ел қорғау емес пе? Бейбіт күннің тыныштығы жолында мен де аянып қалмаспын. Батыр атанайын деп емес, еліміз ертеңгі күніне алаңсыз қарасын деген оймен қару асындым. Оныма өкінбеймін де. Ең бастысы – қызметіме адалмын. Ал, мен үшін қызметке адалдық – Отан алдындағы жауапкершілік жүгі, – деді Ертай Садықбеков.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button