Тал бесіктен – жер бесікке дейін

Ерулік беру – ел салты

Қазағымыздың кеңпейілділігін, жомарттығын, қонақжайлығын дәріптеген дәстүрлердің бірі – ерулік беру еді. Заманның өзгеруі осы ата-баба дәстүрінен, ұлттық құндылығымыздан алыстатып жіберген сияқты. Мұқым елге Майлықожа ақын: «Қоғамды бол қоңсыңа, Жыландай шағып ысқырма», – деп насихат айтқан. Насихат азайып, тіршілік талабымен қабыспай қалыс қала берсе қаншама дәстүрімізден жұрдай боларымыз сөзсіз. Желісі үзіліп қалған салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру, сол арқылы ұлттығымызды ұмытпау – өз қолымызда.

Қазіргі таңда көп ішінде көршілерге бас сұқпайтын кереғар жағдай қалыптасты. Тіпті, олармен араласпайтындығын, танымайтындығына таң қалмайтын болдық. Көршіге көрсетілер сый-құрметтің азайғаны қазақ өміріне сіңген, халыққа мерейлі дәстүр ерулікті елдің ұмытқандығының салдары ма, дерсіз. Өйткені, ел мен елдің танысып, жақыңдаса түсуінің де дәнекері болған бұл салт қазақпен бірге туып, біте қайнасып келді. Сондықтан, «Көшкен елдің көмеші болса, еру елдің ерулігі бар» деп құрмет көрсеттік.

Әлі есімде, бала күнімде Баянөлгейден келген қандастарымыз көшіп, біздің ауылға іргелес қонды. Сонда Базар атам мал сойып, қазан көтеріп, қандас бауырларды бала-шағасымен үйге шақырып дәм татырды. Бір қойды сойып, үйіне апарып берді. Сонымен қатар, сауып, сүтін ішіңіздер деп, екі сиырды есігінің алдына байлады. Сол күннен көңіл-ниеті жарасып, бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Әсіресе, біз балаларымен ажырамас досқа айналдық. Бір үйдің балаларындай бірге жүрдік. Кейін қыстауға көшерде сол көршілерді қимай қоштастық.

Ерулік жайлы ел ағаларының да айтары аз емес. Құбылмалы заман көптеген ұлттық құндылықтарымызды жойып жібергендігін де жасырмайды.

Көшпелі халықтардың қонақжай болғаны ертеден белгілі. Көшпелі қазақтардың өмір салты көшіп-қону болғандықтан, оларға тән әдет-ғұрыптар, ережелер, салт-дәстүрлер қалыптасқан. Осылай орын ауыстырудың қиын жақтарын адамдар бір-біріне көмектесу арқылы жеңілдеткен десек те болады. Осыншама қазақтың кең жазира жазық жерде көшіп-қонуының жеңіл болу себебі – ерулік сияқты дәстүрді сақтаған. Тіпті, бір жайлаудан келесі жайлауға орын ауыстыру ұзақ уақыт алғандықтан, алыстаған жерге жету үшін жүгім жеңіл болсын деп көшушілер ешқандай азықтүліксіз жолға шыға берген. Оларға жақын маңды мекендегендер ерулік берген. Тарихты парақтасақ, Арқадан Жетісуға келіп, хан Кене ордасын тіккенде осы дәстүр сипат алған. Абылайдың арыстан жүректі немересін ардақ тұтып, сыйлаған халық Жетісудың ығайы мен сығайы оның құрметіне ту бие сойып, той жасап, ерулік беріп, тарту-таралғы ұсынған. Сондықтан, ерулік беру – ас ішіп, аяқ босату емес, тамырлас елді бірлікке шақыратын тәлімі мол дәстүр, – дейді тарихшы Дәулет Қожақов.

Халқымыз «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деп ерекше қастер тұтатын жанымыздағы жандарды жатырқайтын әдет тапқан біздер ерулік бермек тұрмақ, көршімен сөйлесуге қауіптенетін жағдайға жеттік. Мұндайда, алыстан жер аударылған өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, бүтінді бөле, жартыны жара жеген үлкендердің ізгілікті ісі ойға оралады. Тарих тоғыстырып, тағдыр табыстырғандар қатарында Қазақстанды төл Отаны санайтындардың көп болуының себебін ата-бабалардың осындай асыл амалдарымен ұштастыруға болады. Ұстаным ұстынын ерулік сынды дәстүрмен дәріптесек, ұтарымыз көп, ұрпаққа береріміз мол болар еді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі мақсаты – көнеден жеткен салт-дәстүрді ұрпақ санасында жаңғырту. Осы тұста елдіктің үлгісі болған ерулікті қайта жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button