Руханият

Ертегілер әлеміндегі ерекше қойылым

Кеншілер өлкесінің театрларында жаңа жылдық қойылымдар жалғасып жатыр. Жуырда «Буратино» қуыршақ театрының студиясында театр әртісі Дарья Судостың сценарийі бойынша «Сиқырлы ойыншықтардың құпиясы» ертегісінің премьерасы сахналанды. Қойылымның режиссері – «Буратино» қуыршақ театры студиясының жетекшісі Мария Якимчук.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ертегінің сюжеті бойынша, басты кейіпкер, қыз бала Эми ғажайыптарға сенбейді. Оны өзінің көп ойыншықтары да, алда келе жатқан мереке де қызықтырмайды. Ал ойыншықтар, сиқырлы болып шығады және олар қожайынының ғажайыптарға сенуіне көмектесуді ұйғарады.

Ертегіде Қар қоянды – Наталья Сидорова мен Дарья Судос, Пикачуды – Александра Гердт пен Любовь Кузнецова, өрмекші Гермиона мен қыз Эмиді – Екатерина Дмитерчук пен Регина Кузнецова, көңілшек қазды Алексей Абременков және Нина Қожахметова сомдады. Сонымен қатар, тышқан рөлін – Алексей Абраменков, Нина Қожахметова, Наталья Борлис және Кристина Чесановская ойнаса, Стич рөлін Наталья Борлис пен Кристина Чесановская сомдады.

«Сиқырлы ойыншықтардың құпиясы» ертегісінің сценарийі – Дарья Судостың алғашқы жұмысы. Театр ұжымы Дарияға қолдау көрсетіп, қойылымды сәтті ойнап шықты. Киімдері – тартымды, сахна да әдемі безендірілген. Алға қойған жоспар орындалды. Өз иесіне мерекеде қуанып, ғажайыпқа сенуге көмектесетін сиқырлы ойыншықтар туралы әңгіме – бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Өйткені, әр мереке адамға өздігінше көңі-күй сыйласа, адам өмірі ғажайыптар мен тосынсыйға толы. Осы тұрғыдан қойылым көрерменін баурап алды. Техника дамып, адамдар арасындағы қарым-қатынас, достық, жанашырлық сынды адамгершілік асыл қасиеттер кеміп бара жатқан тұста осындай ертегілер ауадай қажет.

– Жаңа ертегіде қуыршақ театрының түрлі бағыттарын қолдандық. Атап айтсақ, қуыршақтардың өзі, проекция, көлеңке театры. Әңгіменің сюжеті өзекті тақырып. Мәселен, балалар ойыншықтарды ойнап болғаннан кейін үнемі тазалап отыруды ұмытып кетеді немесе мүлдем ұнатпайды. Сонымен қатар, әр бала жаңа ойыншық алғанда қуанады, бірақ уақыт өте келе қызығушылық жоғалады, ойыншықты лақтырып тастайды. Бірақ біздің кейіпкер ойыншықтар бұған ренжімейді. Эмидің Аяз атаға сенбейтінін естіп, қызды қолдау үшін сиқырға толы елге аттанады. Қойылым сәтті нотада мәреге жетеді, – деді Дарья Судос.

Ертегі біткен соң жас көрермендер шырша басындағы ертеңгілікке шақырылады. Онда балаларды Эми ойыншық достарымен және көңілді биімен қарсы алады. Соңында Аяз ата мен Ақшақар келеді.

«Сиқырлы ойыншықтардың құпиясы» ертегісі мен ертеңгіліктер алдағы уақытта 27 желтоқсан күні 10.00, 12.00, 14.00-де, 28 және 29 желтоқсанда сағат 10.00, 12.00, 14.00, 16.00-де өтеді.

Ал, 2 қаңтарда сағ 12.00, 14.00 және 16.00-де, 3 қаңтар күні 12.00 және 14.00-де, 4 қаңтарда сағат 10.00-де, 5-7 қаңтарда сағат 10.00 һәм 12.00-де сахналанады.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button