Ермеков жүлдесі – алғыр оқушыда

  Әлімхан ЕРМЕКОВ атындағы республикалық олимпиада зияткер оқушылардың басын қосты. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпазға облыс әкімі 250 мың теңге табыстады.

Қазақстанның түпкір-түпкірінен кіл мықтылар жиналған олимпиада – Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Әлімхан Ермековтің 125 жылдығына арналды. Жеңімпаз жүлдесіне Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы ұсынылды.

Екі күнге жалғасқан олимпиада – Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті қабырғасында тегін өткізілген жоқ. Себебі, политехте Әлімхан Ермеков ұстаздық етті, Елбасы білім алды.

Алдағы уақытта, Ермеков олимпиадасы – еліміздегі Орымбек Жәутіков олимпиадасы, Қаныш Сәтбаев олимпиадасымен қатар жыл сайын жарасымды жалғасын табатын болады, – деді облыс әкімі Н.Әбдібеков.

Барлық облыстан 115 оқушы бақ сынаған. Олимпиада 2 кезеңнен тұрып, жас математиктер күрделі есептерді шешті. Сонымен қатар, сайыс аясында қатысушылар үшін мәдени-сауық бағдарламалары мен релакс тренингтер де ұйымдастырылды.

Олимпиаданың салтанатты жабылуында ұйымдастырушылар арнайы бағдарламамен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді медаль және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Қатысушылар 5 аталым бойынша Қазақстан Республикасының ғалым-математиктері атындағы бағалы сыйлықтарға ие болды.12 орын – жүлдегерлерге тапсырылды.

Астана қалалық қазақ-түрік лицейінің 12 жастағы оқушысы Данат Дүйсембеков республикалық олимпиаданың Гран-при иегері атанып, Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына ие болды.

Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.