Ерлік пен өрліктің үлгісі
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – қазіргі заман қаһармандары, ерлік пен өрліктің үлгісі. Олар күн сайын адамдарды түрлі төтенше жағдайдан құтқаруда. Қауіпті де қатерлі қызметте жүрген азаматтарымыз әркез мақтау мен марапатқа лайық. Сондай азаматтардың бірі – қарағандылық өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау қызметінің кіші сержанты – Асанәлі Әшімұлы.
Ол қазіргі таңда Қарағанды облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы болып қызмет етіп жүр. Асанәлі Ділдәшев 1993 жылы Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Жергілікті М.Горький атындағы орта мектепте білім алды.
Ол алғашқы қызметтік баспалдағын 2018 жылы Қарағанды облысының Шет ауданы әкімдігінде сарапшының көмекшісі болып бастаған. Ал, 2019 жылы Азаматтық қорғау саласына келді.
– Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Төрт ағайындымыз. Ағам мен әпкем және қарындасым бар. Ата-анам бізді білім мен еңбекке баулып өсірді. Тәлімді тәрбие беріп, үлкен өмір жолына қанат қақтырды. Ата-анамызға мәңгі қарыздармыз. Қазіргі уақытта әке-шешеміз бейнеттерінің зейнетін көріп отырған жайы бар. 2011 жылы орта мектепті бітірген соң Қарағанды медициналық университетіне «Санитарлық-эпидемиологиялық станция» (СЭС) мамандығына грантқа оқуға түстім. Бірақ, бұл мамандық жаныма жақын болмады. Мен бала кезімнен құтқарушы болуды армандап өстім. Содан ойланбастан құтқарушылық қызметке келдім. Бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Құтқарушы болу – түрлі апаттан адамдарды құтқару, қажыр-қайратыңды игі іске жұмсау, жай күнде батырлық жасау деп білемін. Қазір төтенше жағдайлар саласында тер төгіп жүргеніме бес жыл уақыт болыпты, – деді кейіпкеріміз.
Асанәлі отбасында жұбайы Дәрия екеуі қызғалдақтай екі қыз өсіріп отырған бақытты отбасы. Дәрия Мейрамханқызы – биотехнолог. Ол қазір бала күтіміне байланысты демалыста.
– Қызметтен бос уақытымды отбасыма арнаймын. Жұмыстан бөлек балаларымыздың алдындағы әкелік борышымызды да ұмытпауымыз керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Біз де әкеміздің өр тұлғасы мен қайсарлығына, мықтылығы мен шыдамдылығына, адамгершілігі мен адалдығына, еңбексүйгіштігі мен ұлтжандылығына қызығып, үлгі тұтып өстік. Қазақ «Әке көрген оқ жонар» деп тегін айтпаса керек. Енді біз де ұл-қызымызға өнегелі тәрбие бере білгеніміз абзал, – деді ол.
Асанәлі Әшімұлының әңгімесінен оның кітапқұмарлығын, тіл байлығының бар екенін байқап қалдық. Өмір сүруге деген құлшыныс, өмірдің жазылмаған заңдылықтарын орындай білудің өзі адамды бақыт мекеніне алып барар жол емес пе!?
Ол – спортты өміріне серік еткен жан. Бос уақытында волейбол, футбол ойнағанды ұнатады. Тіпті, талай додада тұрақты команда мүшесі ретінде жүлделі орынды қанжығаға байлап қайтқан. Ол демалыста ауылдағы ата-анасына барып, ат тізгіндегенді ұнататынын да жасырмады. Ал, ауыл – нағыз қайнаған өмір бесігі.
Ол Абай облысында болған алапат орман өртіне қатысқаны үшін Amanat партиясының атқарушы хатшысы Д.Кәрібек мырзаның қолынан арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Ол бұл марапаттың өзіне ғана емес, барлық әріптестерінің де үлкен жетістігі деп біледі. Қоғам үшін батырлықтың үлгісіндей болған өрт сөндіруші-құтқарушылардың әрбірінің бойында нағыз адамның адамына ғана тән үлкен қарапайымдылық қасиет бар.
– Бұл мамандық батылдықты, шыдамдылық пен жігерді талап етеді. Өрт сөндіруші мен құтқарушы әр мезетте сақадай сай болуы тиіс. Ең бірінші жылдам жұмыс істей білуді үйренгеніміз абзал. Қайда бара жатқанымызды, қандай құжат алу керектігін және алғашқы медициналық көмек беруді бес саусақтай білу қажет. Шыдамдылық пен батылдық, арнайы техниканы меңгеру, денсаулықтың мықты болуы, физикалық тұрғыда дайындық, биіктікте жұмыс істеу – әр өрт сөндіруші-құтқарушыдан талап етілетін басты қағидалар. Тек қана өртті сөндіру емес, ең алдымен, адамдардың өмірін сақтап қалу маңызды. Біреудің өмірін сақтап қалу үшін өз өміріңді қатерге тігу үшін де батыл жүрек керек болады.
Мен осы салада қызмет атқарып жүргенімді мақтаныш тұтамын! Бұл – менің қалауым, азаматтық борышым! Өз еліміздің амандығы үшін аянбай қызмет ете бермекпіз! – деді Асанәлі Ділдәшев.
Оның осынау жалынды сөздері кез келген жүректі тебірентіп, жастарға от берері анық. Мамандықтың жаманы жоқ, егер оны жан-тәнімен дәл Асанәлідей жақсы көре білсе, адал атқара білсе. Қауіпті мамандықтың қайсар иелері аман болсын!
Ақерке Аманғазықызы,
Қарағанды облысы ТЖД
баспасөз қызметшісі