Ерлігімен – еңселі
Ерлік – ұлтқа бөлінбейді. Ездік те солай. Ел азаматтарының құқығы мен тыныштығын қорғау жолында толайым тер төгіп жүрген әр полиция қызметкерінің еңбегі – бағалауға тұрарлық. Біз біле бермейтін небір сойқанның ортасында да осы мамандық иелері жүреді. Күдіктіні құрықтап, ерлігі мен ел абыройына бөленіп жүрген сондай азаматтардың бірі һәм бірегейі, Қарағанды қаласы Ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторының полицейі, аға сержант – Николай РЕДЧЕНКО.
Кейіпкеріміз Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақшоқы ауылында дүниеге келген. Ұлты – украин. Дегенмен, жүрегі қазақ деп соғады. Мұны патриот азаматтың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуінен-ақ аңғара беріңіз.
1991 жылы Қызылтау орта мектебін тәмамдаған соң, араға бес жыл салып, 1995 жылы әскери борышын аман-есен өтеп келген Николай Редченко ішкі істер бөліміне жұмысқа қабылданады. Қызмет атқару кезінде өзін орындаушылық қабілеті бар білімді маман ретінде таныта білді. Берілген тапсырмаларды сапалы және уақытылы орындап, жұмыс барысында жеке уақытымен де санаспайды екен. Еңбексүйгіш, тәртіпті, белсенді және бастамашыл азамат өзінің кәсіби деңгейін үнемі жоғарылатуға жұмыс жасайды. Мінезі – салмақты, әріптестерімен, тұрғындармен тез тіл табыса біледі.
Бір қарағанда полиция қызметкері ретінде жұмыстың ащысы мен тұщысын татпаған азамат ретінде көрінгенмен, аға сержанттың танытқан ерлігі де жоқ емес. Ерлік болғанның өзінде, қандай ерлік десеңші…
1998 жылы 20 қарашада Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі Нұрлан Байғаскинмен бірге аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтау мақсатында «Тосқауыл» операциясы бойынша күдіктілер келуі мүмкін пәтерлердің бірін торуылдайды. Сөйтіп, аталған күдіктілер қос құқық қорғау қызметкері торуылдаған пәтерге келмесі бар ма? Қылмыскерлер пәтерге кірген бетте қарулы қақтығыс орын алды. Өкінішке қарай, әріптесі Нұрлан Байғаскин атыс кезінде басынан ауыр жарақат алып, сол жерде көз жұмады. Аға сержант болса, 2 оқ жарақатын алғанына қарамастан, қылмыскерлердің жолын кесті.
Осы ерлігі ескеріліп, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылдың 27 тамыздағы Жарлығы бойынша Николай Редченко «Азаматтардың конституциялық құқығын қорғау жолында танытқан батылдығы мен жанкештілігі, әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін» ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. «Көзсіз ерлікке – сөзсіз құрмет» деген осы болар. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ІІІ және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, облыстың ІІД-нің грамотасы, Алғыс хаты, ақшалай сыйақысымен марапатталды.
Биыл аға сержант Қазақстан полициясының 25 жылдығы мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысып, Елбасы алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болды. Ұлт көшбасшысы алдында ағынан жарылған полицей: «Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің алдыңызға келіп сөз сөйлеу – мен үшін зор мақтаныш. Ел тыныштығын қорғаған полицейлердің әрқайсысы қиын сәттерде табандылық танытып, ерлік көрсетуге даяр екендіктеріне сенім білдіремін. Сіз жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, Ішкі істер министрлігінің әр тәртіп сақшысы антына адал, сертіне берік қызмет атқаратыны сөзсіз», – деді тебіреніп.
Міне, кеудесін оқ пен отқа тосқан, антына адал азаматтың төккен тері мен еткен еңбегі – Мемлекет басшысынан бастап, Қазақстанның кез келген азаматының құрметіне бөленуде. Сондықтан, есімін елге танытуға лайық ерекше азаматтың ерлік жолы әрбір өскелең ұрпақ үшін үлгі болары сөзсіз.
Рауан ҚАБИДОЛДИН