АймақҚарағанды

Еріктілер ерледі

Қарағанды қаласының еріктілер штабы «Үздік еріктілер командасы» республикалық байқауында II орын алды. Аталған сайыс «Қарттарға қуаныш сыйла!» әлеуметтік-қайырымдылық акциясы аясында өтті. Сайысқа республикамыздың барлық өңірлерінен мыңнан астам еріктілерден құрылған 33 команда қатысты.

Қарағанды штабының жұмысын жоғары оқу орындарының және колледж студенттері, үкіметтік емес ұйымдар және қала тұрғындары жұмыла атқарды. Олар ҰОС және ең ардагерлеріне, 65 жастан асқан жалғызбасты зейнеткерлердің тұрғылықты мекен жай аулаларын қардан тазартуға, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге көмек қолын созды.

– Қала еріктілері 480 отбасын өз қамқорлығына алды. «Ардағым – Ардагерім» акциясы аясында қалалық штаб 258 аға буын өкілінің тұрмысына көмек көрсетті.

«Jastar Birge жастар волонтерлік институтын дамыту» жобасы аясында үш жыл ішінде азық-түлік себеттерін тарату бойынша 20 акция ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралармен 6522 әлеуметтік осал топтағы отбасы қамтылды. Еріктілер мәдени-демалыс бағытындағы 48 іс-шараға, 30 экоакцияға қатысты. Қаланың ПБ-мен бірлесіп, есірткі заттарының жарнамасын өшіру бойынша 93 рейд жүргізілді. Осының арқасында жерлестер республикада II орынға ие болды, – деді Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Әділ Қабышев.

Қазіргі таңда Қарағандыда барлығы 30 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Ал, олардың құрамында 3552 адам бар. Әр ұйымның өзіне жүктелген міндеттемесі соған сай жылдық жоспары бар. Жоспар мен ереже қолға алған істің нәтижелі әрі тез аяқталуына ықпал етуде

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button